• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 04:42:19
+35°

09 Қаңтар, 2019 Айтты-ей, бауырың!

Тойыңызға гендер-асаба шақырған жоқ па едіңіз?

Астанада – Құрманай, Атырауда – Ләззат, Шымкентте – Әлия, Түркістанда – Ханзада...

Қазір баспасөз беттерінен гендерлік саясат деген ұғымды жиі кездестіруге болады. Gender – қоғамдағы адамның жүріс-тұрысын анықтайтын әлеуметтік жыныс. Яғни, гендер биологиялық айырмашылыққа емес, қоғамның әлеуметтік ұйымына бағынышты ерлер мен әйелдер қызметінің өзара теңдігін белгілейді. Әйелдерге тең қолжетімділікті және өмірдің барлық салаларына қатысуды қамтамасыз ететін де осы саясат. Сол себепті, қазір әйелдер ерлермен тең қатар билікке ұмтылуда, өз бизнесін дамытуда, отбасында тең құқықтарды пайдалануда, жыныс белгілері бойынша кемсітпеуді талап етуде. Соған қарамастан, әйелдер бала тәрбиесімен де, отбасы тіршілігімен де айналысып үлгеріп жатады. Яғни, әйел – әмбебап тұлғаға айналып келеді... 
Ел ішінде бұған қатысты кереғар пікірлер де жоқ емес, әрине. «Әйел мен еркектің орны алмасып бара жатқандай ма, қалай? – дейді біреулер. – Еркектің шалбарын, костюмін, нәскиін, жейдесін, туфлиін киді. Белдігін тартты, бөркін қисайтты. Машинасын мінді, сырасын ішті, темекісін шекті, креслосына жайғасты. Енді неміз қалды?» – деп налиды шүйкебастар.
Гендерлік саясат негізі, ойлап қараған адамға, әйелді төрге, еркекті көрге сүйрейтін тәмсіл емес. Әрине, түсінгенге! Ал, түсінбегендер солай-ақ ойлай қойсын. «Гендерлік саясат дегеніміз, әйелдерді ерлермен тең дәрежеде билікке тарту, ана мен балаға айрықша әлеуметтік жағдай жасау, отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу сияқты мәселелерді шешу боп табылады", – дейді демографияның тізгінін қағып жүргендер. 
Сөйтсе де, халықтық менталитетіміз, дәстүр-жоралғымыз кей тұста әйелдердің ерлердің алдына шығып кетуін оншалықты «жақтыра» қоймайтын сыңайлы. Бұған дәлел ретінде: көшеде қатарласа келе жатқанда ер адамдардың алдына түсіп кетпеу, ер адамның алдын кесіп өтпеу, намазға жығылғанда екі қадам болса да артта отыру, күйеуінсіз жалғыз-жарым қажылыққа сапар шекпеу, қартаң ер адамның бетіне тіктеп қарамау, жұптаса тілек айтқанда алдына ер адамды салу, рұқсатын алмай өз бетінше бір тірлікті бастамау сияқты ырым-тыйымдар бар. Қысқасы, әйелдер өздерінің еркектің қабырғасынан жаратылғанын, яки, бір саты төмен тұратынын ұмытпаса екен дейді халық даналығы...
Қазір мұның барлығын білмей ме, жоқ әлде, ескергісі келмей ме, әйтеуір, базбір әйелдер «ұяны ұрғашы құс салады» деп, барлық салада да бірінші болуға ұмтылып жүр. Ал, дүйім жұрт «Байтал шауып бәйге алмас», «Қатын басқарған ел қараң қалады» дегенді көлдеңен тартады. 
Мәселен, кейінгі жылдары той-жиындарда әйел асабалар көрініс тауып жүр. Астанада – Құрманай, Атырауда – Ләззат, Шымкентте – Әлия, Түркістанда – Ханзада... Бұлар ел сүйіспеншілігіне бөленген, жарнаманы оншалықты қажет ете қоймайтын асаба-ханымдар. Алайда... Үйдегі кішігірім бесік той болса мейлі ғой, қарты мен қартаңы қатар отырар үлкен тойханаларда ортаға шығып көсемсіген, тілін безеп шешенсіген асаба-ханымдар бой көрсетіп қалады. Қайынағасы мен қайынапасының алдында қымсынбай көсіле сөйлеп, керек жерінде әзіл-қалжыңын араластыра думандатып, күлдіремін деп бүлдіріп жататын тұстары да кезігеді. Әсіресе, әйел-асабаның, шаңқылдап сөйлеуі, ойын ойнатамын деп көпшілікке сыртын беріп еңкейіп тұруы, жұртты билетемін деп ерсілеу қимыл жасауы, денесін жапсыра тар киім киіп алуы ұнамсыз көріністер. Жалпы, көп ер азаматтар «әйел адамның жұртты басқаруы (тойда отырғандар да жұрт қой) ер адамның ас бөлмесінде қамыр илеп, нан жауып жатқанындай әсер береді екен» деген пікірде... Әлде, олар қателесе ме?..

Бекжігіт Сердәлі

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір