• USD 383.43
  • EUR 429.83
  • RUB 5.96
  • CNY 55.39

10 Қаңтар, 2019 Экономика

Қазақстандағы банктер халықтың 43%-ы ауылда тұратынын әлі білмейді

Тұралаған банктер мен қалжыраған қорларға қаржы құю арқылы дағдарыстан ұтып шықпаймыз

Осыдан 10 жыл бұрынғы дағдарыс кімнің де болса есінде. 2009 жылғы қаржылық дағдарыс Қазақстанның біраз банктерін тұралатып кетті. Сол жылы елімізідің  Альянс банк, БТА банк тәрізді қаржы инститтутары «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорынан демеу қаржы алып, Үкімет елдегі бірқатар банктердің қанатының астына алған болатын. Ондағы демеу қаржы сомасы 476 млрд теңгені құрады. Артынша бұл банктер қаржы нарығында өздерін банкрот жариялады. Содан бері қандай да бір қиындық туса, үкімет банктерді демеуді назардан тыс қалдырған емес. Зейнетақы қорынан банктерге қаржы бөлу, Ұлттық қордан демеу қаржы бөлу, Самұрық-Қазынадан банктерге үлес қаржы бөлу дейсіз бе, толып жатқан қолдау қаржылар банктерді сауықтыруға жұмсалды. Бірақ бұдан біздегі банк жүйесі халықаралық дәрежеге жете қойған жоқ. Тіпті, өткен жылдың аяғында Халықаралық валюта қорының мамандары Қазақстандағы банк жүйесін сынап та тастады.

Халықаралық сарапшылар алға тартып отырғандай, Қазақстан тәрізді банктеріне шамадан тыс «қорғаныш» болып отырған мемлекет кезікпейді. Бұл ретте Халықаралық валюта қорының мамандары «екінші деңгейлі банктерге зейнетақы қорынан қаржы бөлу дұрыс емес. Үкімет екінші деңгейлі банктерді қолдай бермей, оларға уақытша және қысқа мерзімді қайтарымды түрде көмек көрсету керек. Банктерге демеу қаржы бөлумен емес, оларды тұрақтандыру ісімен айналысқан жөн. Ол үшін халықтың банктерге деген сенімін арттыру керек» – деген болатын.

Отандық мамандардың пайымдауынша да, тұралаған банктер мен қалжыраған қорларға қаржы құю арқылы мәселе шешілмейді. Бұл мәселенің бетін ғана қалқып, түп-төркінін аңғармай өте берудің бір түрі.

«Біздегі банктерде сауатты мамандар жасақталмаған. Егер банк саласына сауатты менеджерлер келген болса, онда біз кез келген дағдарыста қиналмайтын едік. Қай салада болсын, сауатты мамандардың жоқтығы сол саланы тұралатады. Банктерді дағдарыстан алып шығатын сауатты топ менеджерлер легінің қалыптаспауы – сын. Біздегі банктер тек несие берумен ғана айналысып келеді. Банк пен өндіріс арасында жақындық жоқ. Олар экономиканың нақты секторын қаржыландырудан қашқақтайды. Халыққа несиеге беретіндері депозитте жатқан қаржылары. Депозиттегі қаржыны ұзақ мерзімге несиеге беру үшін үлкен тәуекел керек. Біздегі банктердің жұмысын тұрақтандыру үшін банк пен өндіріс арасы тығыз байланыста болуы керек. Түсімі мол өндіріс орындарын қаржыландырып, ірі-ірі жобаларға қаржы салынса ғана банктердің қаржысы қайтарымды болады. Сонда олар Үкіметке алақан жаймайды», - дейді экономист-ғалым Бейсенбек Зиябеков.

Маманның айтуынша, осылайша дағдарыс кезінде банк секторының да жұмысын жандандыруға болады. Олай етпесек, біздегі банктер «бел қайыстырмай, Үкімет қолдайды» деп отыра беретін күйге жетті.

Бейсенбек Зиябековтың пікірін қаржыгер Арман Мусин де қуаттап отыр. Қаржыгердің байыптауынша, осы уақытқа дейін Үкімет банктерді қолдап келді. Ендігі кезекте банктер де «алмақтың да салмағы бар екенін» сезінуі тиіс

«Банктердің қай салаға несие беретінін ескерсек, саудаға-19,7%, құрылысқа 12,8%, өнеркәсіпке 11,5%, көлікке 3,2%, ауыл шаруашылығана 2,1% арзан несие берген. Арзан дегендерінің 7-14 пайыздың аралығын құрайды. Аңғарсақ, өнеркәсіпке бөлінген қаржы мардымсыз. Ауыл шаруашылығына бөлініп отырған қаржы да ауыз толтырып айтарлықтай емес. Қазір банктер үшін жекелеген адамдарға 28 пайызбен несие беру тиімді болып отыр. Біздегі банктердің қолынан келетін тірлігі – осы. Алдағы уақытта осы мәселені Үкімет банктерге төтесінен қоя білу керек. Банктерді жекеменшіктің қолына тұтастай беріп қою да дұрыс емес. Осы арқылы біз арзан несие жүйесін қолданыстан шығарып алдық. Банк пен халық арасында алшақтық пайда болды. Елдегі несиенің пайыздық көрсеткіші соңғы 10 жылда бір түскен емес. Ал бұл дағдарыстың үстіне дағдарыс жамап, инфляцияны қоюландыра беретін жайт. Ал инфляцияны жеңбей, Үкіметтің жоспары дұрыс орындалмайды. Елдегі ақша-несие саясатын жүйелемей, дағдарыс та басымыздан кетпейді. Сондықтан бұл арада банк секторының жұмысын дұрыстау қажет», - дейді қаржыгер Арман Мусин.

Қаржыгердің байыптауынша, «ақша-несие саясатын біз айналымдағы ақшаны көбейту» деп қана қарамауымыз керек. Ол ақшаны жұмыс істету жағын қарастырумыз керек. Несиеге берілген қаржы да жұмыс істеп тұруы керек.

«Кезінде халыққа дұрыс түсіндіру жұмыстары жүргізілмеді. Қарапайым халық 2005 жылдары несиені тегін ақша тәрізді қаулатып алды. Артынша  оны банктерге қайтармай қашты. 2009 жылы бірқатар банктердің жағымсыз несие қоржыны еселеп көбейді. Осыдан барып дағдарыстың үстіне дағдарыс жамап алдық. Ал мұндайда Үкіметтен қолдау қаржы бөле беру ол уақытша дем беру. Осыны сезінсе банктер өндіріс орындарын қолдап, оларға арзан несие беріп,  оларға түскен түсімдерінен пайыздарын алып отыруы керек еді. Бірақ мұндай капитализмді біздің банктер меңгере алмай жатыр»,- дейді Арман Мусин.

Сондай-ақ мамандардың байыптауынша, Қазақстандағы банктер республика халқының 43 пайызы ауылда тұратынын әлі ескермей жатыр.

«Республика халқының 43 пайызы ауылды жерлерде тұрады. Банктер ауылда қалай жұмыс істеуі керектігін терең меңгерген жоқ. Ауыл шаруаларын арзан несиемен қамту әлі жолға қойылған жоқ. Кезінде Кеңестік кезеңде банктер тарапынан ең көп қаржыландырылатын сала ауыл шаруашылығы болған. Мұнайдан кейінгі негізгі экспортқа шығарып отырған өніміміз астық болғаннан кейін осыған орай түрлі идеяларды жүзеге асыруға болатын еді. Ауылды жерлерде заманға сай астық терминалдарын құру, наубайханаларды қаржыландыру, ұн тартатын диірмендер желісін құру оны қаржыландыру, мал бордақылау орталықтарын қаржыландыру тәрізді жұмыстар қайтарымсыз болмайды. Бірақ біздегі банктер тек шетелден қарыз әкелеп, оның үстіне үстеме қосып халыққа несие беруді жақсы меңгерген. Ал банктер қиналса Үкімет те оларды қолдауға дайын. Бірақ бұл бізді дағдарыстан алып шығатын жол емес. Тұралаған банктер мен қорларға қолдау көрсете беру арқылы дағдарысты өзімізден алыстата алмаймыз. Керісінше, біз оған жақындай түсеміз. Сондықтан елдегі банктерді ауылды қаржыландыруға, өндірісті арзан несиемен қамтуға, шағын бизнеске қаржы беруге тереңірек бағыттаған абзал», - дейді Арман Мусин.

Қарлығаш Зарыққанқызы

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

0 пікір