• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

28 Наурыз, 13:26:56
Алматы
+35°

10 Қаңтар, 2019 NEWS

Марқұм Хамитованың інісі: Тергеушілер "Гелендвагенде" үш адамның болғанын неге көрмей отыр?

Үш адамның өмірін жалмаған апатқа кінәлі азаматқа қатысты тергеу ісіне қаза тапқан жандардың туыстарының көңілдері толмайды

Өткен жылдың 29 желтоқсанында болған жол апатының мәселесі әлі шешілер емес. Үш адамның өмірін жалмаған апатқа кінәлі азаматқа қатысты тергеу ісіне қаза тапқан жандардың туыстарының көңілдері толмайды. Редакциямызға хабарласқан марқұм Хамитованың інісі Азамат Хамитов 10 күннен аса уақыт өтсе де, әлі күнге дейін күдіктінің мас күйінде көлік басқарғанын дәлелдейтін сараптама нәтижесі дайын еместігін айтып, шағым білдірді.

«Бұл істі ҚР Ішкі істер министрлігі өз бақылауына алды, сондықтан бәрі оперативті түрде жылдам орындалуы тиіс емес пе?! Бірақ он күннен аса уақыт өтсе де, әлі сараптама нәтижесі дайын емес. Не себепті созбақтап жүр, түсінбеймін. Тергеушілермен кездесіп сұрағанымызда, «Арада демалыс күндер болды, әлі сараптама қорытындысы әзір емес. Біз сараптамалық орталыққа жібердік, әлі жауабын күтудеміз», - деп жауап берді.

Он күн – аз уақыт емес, алдағы уақытта "Гелендваген" жүргізушісінің, шын мәнісінде, мас болғанын дәлелдей аламыз ба? Осы сұрақ бізді мазалайды», - дейді Азамат Хамитов.

♦Үш адамның өмірін жалмаған жол апатына қатысты тың деректер пайда болды

Осы уақытқа дейін жергілікті БАҚ беттерінде және әлеуметтік желіде тараған ақпаратта куәгерлер қылмыскердің мас күйінде көлік басқарғанын айтқаны белгілі, сонымен қатар, куәгер ретінде түсініктеме де берген. Ал марқұмның туысы "уақыт өте келе куәгерлер өздерінің пікірінен бас тарта ма" деп алаңдайды.

«Тергеушілер куәгерлердің берген түсініктемесі арқылы Ильяс Исмарович мас болды деп айтып отыр. Бірақ олар да - адамдар, бүгін осылай деп түсініктеме берсе, келесі күні бұл пікірінен айнып қалуы да әбден мүмкін. Сондықтан да оның кінәлі екендігін дәлелдейтін ресми құжаттың болуы шарт», - дейді ол.

♦Марқұм Хамитованың ұлы: "Олар сол күні Шолпан Елгезекованың үйіне бет алған болатын"

Сонымен қатар, ол "Гелендваген" көлігінде, шын мәнісінде, қанша адам отырған?» деген сұраққа жауап іздеп жүргенін айтты.

«Жол апаты болған күні "Гелендваген" көлігінде бір ғана адам болды деп айтылып жүр. Бірақ әлеуметтік желіде таралған оқиға орнында түсірілген видеоларда куәгерлер көлікте үш адамның болғанын айтады. Ал тергеушілер болса, «бейнебақылау камераларынан нақты қанша адам болғаны көрінбейді» - дейді. Сондықтан бұл іс бойынша тек бір адам ғана жауапқа тартылуда.

Анығына келсек, жол апаты орын алған кезде қылмыскер оқиға орнынан ізін суытып, басқа біреудің көлігімен кетіп қалғаны белгілі. Кейін БАҚ-та таралған ақпаратта оны 30 желтоқсанда қолға түсірді деп айтқан еді. Ал тергеушілер өз сөзінде "30-ы күні Кар Ильяс Исмарович бөлімшеге өзі келіп, кінәсін мойындады" - деп айтып отыр. Түсінбедім, сонда олардың мақсаты не?», - деп айтып өтті Азамат Хамитов.

Бұл іске қатысты біз заңгерден кеңес сұрап, оның пікірін білген едік.

«Бұл наркологиялық сараптама категориясына жатады, ол – күрделі категория. Заң бойынша, мұндай сараптаманың мерзімі 30 тәулікке дейін болады. Дегенмен, одан ерте дайын болуы мүмкін немесе қандай да бір мәліметтер жетіспеген жағдайда процесті тоқтатып қоюы да әбден мүмкін», - дейді заңгер Қайрат Жүкел.

Естеріңізге сала кетейік, 2018 жылдың 29 желтоқсанында Алматы қаласындағы Абай және Сейфуллин көшелерінің қиылысында жантүршігерлік жол апаты болып, үш адам – актриса Шолпан Елгезекова, Динара Хамитова және көлік жүргізушісі Бақытнұр Құнапияұлы – оқиға орнында көз жұмғаны белгілі, ал актриса Айзада Сатыбалдиева ес-түссіз күйде ауруханаға жеткізілген. Мас күйінде көлік тізгінін ұстаған дүнген азаматы қызыл бағдаршамға өтіп кетіп, сағатына 120 шақырым  жылдамдықпен Mitsubishi Galant көлігін келіп соққан. Қаза тапқан жандардың туыстары кінәлі азаматтың үстінен сотқа арыз беріп, лайықты жазаға тартылуын талап етуде.

Nazerke Labihan

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір