• USD 383.43
  • EUR 429.83
  • RUB 5.96
  • CNY 55.39

10 Қаңтар, 2019 Әлеумет

Немістің машинасын, Американың айфонын, қырғыздың киімін тартып алса, мал бағып кетеміз бе?

Ата-бабам қорғаған жердің байлығының арқасы деп ең құрығанда дүкеннен бір бөлке нан тегін ала аласыз ба?

Екінші дүниежүзілік соғыста Польша бомбаның астында қалды. Шаруашылық түгел күйреді. Әлемге Коперниктей ғалым, Шопендей сазгер сыйлаған Варшаваның 90 пайызы жойылып кетті. Иә, бір елдің ондаған ғасырлардан бері жиып-терген дүниесі бірнеше жылдың ішінде түгел дерлік қирап қалды. Осыдан бірнеше жыл бұрын ғана асқақтап тұрған сарайлар, өнеркәсіп орындары театрлар мен кітапханалардың күл-паршасы шықты.  Енді қараңыз.

Соғыстан кейін майдан даласында шашылып жатқан тас кірпіштердің орнына ғажайып Варшава қайта тұра қалды.  Қазір Варшаваға барып көріңіз. Құдды ештеңе болмағандай. Корольдер тұрған, Шопеннің түнгі сонатасын тыңдап, Мицкевичтің жырына балқыған Варшаваны көресіз. Құрылыстың мінсіз шыққаны сонша 1980 жылы ЮНЕСКО-ның  «Әлемдік мұрасына» енді.

Адамның ақыл-ойының құдіретіне таң қалып, тіпті көзіңізге жас алуыңыз мүмкін. Ойлап қараңызшы, 90% жойылып кеткен қала дым болмағандай қайта құлпырып кетті.

Бұл оқиға көп нәрсені аңғартты. Қарап отырсыз ба, бір дүрбелең келсе, мыңдаған жылдан бері жиған материалдық дүниеңіз бір сәтте тас-талқан болады. Ал адамның миы деген бар. Оны ешкім сізден тартып ала алмайды. Оны Жаратушыдан басқа ешкім жойып жібере алмайды. Сіз сол жұдырықтай мидың арқасында бәрін қайта тұрғыза аласыз. Себебі сол нәрселерді кезінде сіздің ақыл-ойыңыз тұрғызды. Ән – әлемді тербегенімен, әнді әнші жазады. Мына жер бетіндегі барлық материалдық игіліктер бар болғаны біздің ақыл-ойымыздың жемісі ғана.

Ғажайып ғимарат, сәнді дүкен, қымбат машина әйтеуір бір күндері жойылады. Сіз мұнай мен газға сенесіз бе? Оған мүлде сенбеңіз. Бізде жер асты байлық төгіліп жатыр. Ал сол төгіліп жатқан байлықтан қалтаңызға ең болмағанда 15 теңге түсе ме? Ата-бабам қорғаған жердің байлығының арқасы деп ең құрығанда дүкеннен бір бөлке нан тегін ала аласыз ба?

Бізде бәрі бар. Бірақ бізде ештеңе жоқ! Осыны мойындайтын кез келді.

Мен бұл жерде басқа нәрсе айтқым келіп отыр.

Варшава оқиғасы – адам ақыл-ойының қаншалықты кұдіретті екенін көрсетті. Нағыз байлық біз ойлағандай жер қыртысында емес, адамның ми қыртысында екенін дәлелдеді.

Дәл қазіргі түрімізбен Варшаваның ерлігін қайталай аламыз ба?

Әлде немістің машинасын, араб-түріктің ғимаратын, француздың әтірін, Американың айфонын, корейдің самсунгын, ең ақыры қырғыздың киіміне дейін сыпырып алса, көшпенді бабамызға ұқсап далада мал бағып кетеміз бе?

Басшылықтың құлағына алтын сырға. Бюджетті игере алмай табан ет, маңдай термен келген халықтың ақшасын түсініксіз жобаларға салып, одан қалғанын ұрттап-жалап, соңында ақшаның қайда кеткенін білмей бір біріне жыпылықтап қарап отырғанша сол ақшаны  адамның миын дамытуға салсын. Сосын қара да тұрсын.  Жастардың өзі «Рухани жаңғырудың» қандай болатынын көрсетеді оларға.

 

Рысбек Рамазанұлы

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

1 пікір

ШОХАН 15 Қаңтар, 2019

Дұрыс айтылған.Көшеде жүрген жастарға дұрыс бағдар берейік.