• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

18 Сәуір, 18:21:37
Алматы
+35°

11 Қаңтар, 2019 Әлеумет

Абзал Құспан: Шетелдікке шығатын қазақ қыздары үшін ондаған мың доллар қалыңмал талап ету керек

Қазақтың қаракөз қызының шетелдіктер үшін құны бар. Заңгердің осы сөзі қазнетте қызу талқыға түсуде.

Қазақтан қыз алғың келсе - мәрхабат. Бірақ, мемлекет пайдасына салық төле! Белгілі заңгер Абзал Құспан осындай бастама көтеріп, Еуразия арнасында пікір білдірді. Оның ойынша, бұл атақ-абырой жинауды көздейтін пиар қадам емес, түсінген жанға аталған идеяның астарында ұлт мүддесі жатыр. Көрші түрікмен халқынан үлгі алып, мұндай қадамға барған дұрыс па? Қыз-келіншектердің пікірі қандай?

Қазақтың қаракөз қызының шетелдіктер үшін құны бар. Заңгердің осы сөзі Қазнетте қызу талқыға түсуде. Абзал Құспан былай дейді:

«Ұлттың келешегін ойлау қаперлеріне кірмейді. Осы мәселені айналадағыларға айтсаң: «Өзге ұлттың көңіліне келер. Оқыс жағдай туып кетер. Қазір заман басқа, қыз кімді көңілі қаласа, сонымен бірге болғаны жөн ғой», - деген жалтақ уәж айтады. Бұл  қазақтың болашағына бей-жай, самарқау қарау деген сөз. Мұның бәрін біз айтпасақ, кім айтады? Қазақ үшін ойланатын да, толғанатын да мәселе көп».

Заңгердің пайымына салсақ, біздің қыздар балабақшадан бастап қолына дипломын алғанға дейін  оқиды-тоқиды. Сосын, бой жеткенде өзге ұлттың қолынан ұстап кете баруы дұрыс емес. Осы тақырыпқа орай, астаналық арулардың пікірі қандай?

«Егер ондай шешім қабылданатын болса, онда мен құптаймын. Жоғарыдағы басшылық өзі біледі ғой: не дұрыс, не бұрыс екенін. Өз басым мен қазақ жігітіне тұрмысқа шыққым келеді», - деді бір ару.

«Менің ойымша, бұл дұрыс емес. Әр адам ұлтына қарамай сүйген адамына қосылуы тиіс. Сондықтан мен келіспес едім», - деді тағы бір бойжеткен.

Махаббатты ғылыми категорияға жатқыза алмайсың. Оған сот жүрмейді. Әлеуметтанушылар ұсынған соңғы статистикаға мән берсек, аралас некелердің үлес салмағы тым көп емес екен.   

«Соңғы кездердегі көрсеткіштерге қарасақ, аралас некелердің саны сонша көп емес. Және оның көлемі ұлттың болашағына соншалықты қауіп-қатер төндірмейді де, ассимиляцияға ұшырайтындай тағы басқа. Өзге мемлекеттер сияқты аралас некеге салық салып, ерекше қосымша бір төлемақы алу ол менің өз түсінігімде онша көңілге қонбайды», - дейді әлеуметтанушы Рамазан Саттарұлы.

Бұл мәселеге қатысты депутаттар да сөйлепті. Нұртай Сабильяновтың пікірінше, бұл үрдісті өзгертудің бір жолы мынада.

«Өзіміз отбасымызда тәрбие жүргізіп, өзіміздің азаматтарды қазақтарға тұрмысқа шығарып, қазақтан қыз алуды жалғастыруымыз керек. Ал қазіргі жағдайда басқа ұлтқа шығып жататын болса, неге шығып жатыр, соны зерттеп, талдап алдын алу керек деп ойлаймын», - дейді Парламент Мәжілісінің депутаты Нұртай Сабильянов.

Бабаларымыз «тәрбие  тал бесіктен басталады» дейді. Әңгіменің түп-төркіні осыған келіп тірелетіндей. Махаббат, аралас неке деген мәселе бар жерде ұлттың мүддесі, қан тазалығы деген тақырыптар да төбе көрсетеді. Қазақтан қыз алған өзге ұлт өкілдері  мемлекет пайдасына салық төлесін деген заң бүгін-ертең қабылдануы екіталай. Бірақ, талқылауға түсіп, түбі идея ретінде пісіп, ақыры ұсынысқа айналуы әбден мүмкін.  

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір