• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 10:31:41
Алматы
+35°

15 Қаңтар, 2019 Дін

Харам! «Крещение» күні суға түсуге болмайды!

Мысалы, мұсылман кісіге сенбесе де шіркеуге барып, христиандардың «молитваларына» қатысуға бола ма?

Крещение мейрамы – діни философиялық мәні бар, христиан дінінде ерекше орынға ие діни рәсім. 18-19 қаңтар күндері тойланады. Крещение Господне (Богоявление) — Иоанн Креститель пайғамбардың Иордан өзенінде Иисус Христосты шоқындыруынан туындаған мейрам. «Крещение» сөзінің өзі грек тілінен аударғанда «бату» деген мағынаны білдіреді. Бұл мейрамды «Богоявление» мейрамы деп те атайды. Христиандардың сенімі бойынша, дәл осы күні Құдай әлемге өзінің үш түрлі тәңірлік бейнесінде көрінген. Атап айтсақ: Құдай Бала (Бог Сын) – Иса Мәсіх Иордан өзенінде шоқындыру рәсімін орындады; Қаситті Рух (Дух Святой) – Исаға көгершін кейпінде түсті; Құдай Әке (Бог Отец) Иса Мәсихті көктен дауыс шығарып куәландырды.

Сондай-ақ олардың сенімі бойынша, осы күндері (18-19 қаңтар) жер бетіндегі барлық су атауы жаңарып, тазарады екен. Су өзінің құрамындағы жаман рухтық энергетикадан арылады-мыс. Бірақ, оның тазаруы «киелі» болғандығының белгісі емес. Киелі болуы үшін арнайы діни рәсіммен дұға айтылуы керек. Сонда ғана ол – киелі, қасиетті су атанады. Ол үшін шіркеу әкейі суға белгілі дұғаларды айтып, айқышты (крест) батырады. Осыдан кейін барып, әлгі су киелі атанып, соған шомылған кісі рух тазалығы мен тән тазалығына қол жеткізеді екен.

Ислам діні христиан мен яһуди (иудаизм) дініндегілерді «әһли китаб», яғни «кітап иелері» деп атап, өзге діндерден бір саты жоғары санады. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) заманында болсын, одан кейінгі уақыттардағы мұсылмандардың әлемді билеп тұрған шақта болсын, өзге дін өкілдеріне құрметпен қарап, діни рәсімдерін орындауларына кедергі жасамаған.
Осыған орай, біздер бірге өмір кешіп келе жатқан христиан дін өкілдерінің бүгінгі мейрамдарына да құрмет назарымен қарайтынымыз сөзсіз.

Бірақ, бұл – мұсылмандардың да осы күнді қасиет тұтып, бүгінгі мейрамның құрметіне мұздай суға шомылуына болады деген сөз емес.
Қайсыбір мұсылман осы күннің қасиеттілігіне сеніп, аталмыш күнгі суды «киелі» санап шомылса, яки, сақтап жүрсе, онысы мұсылманшылықтан шығарып, күпірлікке апаратын әрекет. Өйткені, бір мұсылманның аталмыш күнді қасиет тұтуы – оның астарындағы пəлсəфəні, нанымды мойындайтындығын көрсетеді. Дəлірек айтқанда, дəл осы күні Құдайдың әлемге үш түрлі тәңірлік бейнесінде көрінгендігіне сенеді деген сөз.

Бұған қоса: «Кім Исламнан басқа бір дін іздесе, әсте одан қабыл етілмейді де ақыретте зиянға ұшыраушылардан болады», – делінген Құран аяты да бар.

Сонымен қатар, мұсылман кісінің дәл сол күні солармен бірге ондай діни рәсімді орындаулары шариғи тұрғыда дұрыс емес. Себебі:

Біріншіден, ардақты Мұхаммед пайғамбарымыз(с.ғ.с)-дың сахих хадисінде: «Кім бір қауымға ұқсаса, ол солардан», - деген. Дәл сол күні христиан дін өкілдерімен қосылып, мұздай суға түсу хадистегі «кім бір қауымға ұқсаса...» деген үкімнің аясына кіріп кетеді. Сол себепті, оны харам дейміз. Мысалы, мұсылман кісіге сенбесе де шіркеуге барып, христиандардың «молитваларына» қатысуға бола ма? Болмайды. Немесе мұсылманға ешқандай наным-сенімсіз сән үшін мойнына крест тағып алуына болмайды. Бұл да сол секілді. 

Ал шыныққысы келген мұсылман жан мұздай суға дәл ол күні емес, басқа күндері түскені дұрыс.

 

Амантай Тойшыбайұлы

 

Zhazira Baidaly

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір