• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 10:09:14
Алматы
+35°

Бүгін саясаткер Заманбек Нұрқаділовтің туған күні. Егер көзі тірі болғанда бүгін 75 жасқа толар еді. Марқұм осыдан 10 жыл бұрын «Status guo» бағдарламасына сұхбат берген. Аталмыш сұхбатын Qamshy.kz ақпарат агенттігі оқырман назарына ұсынады. 

Нұрқаділов былай депті:

— Біз бауырым екеуміз әкесіз өстік. Жалғыз анам жұмыс істеді. Тоқшылықта өмір сүрмедік. Анам тазалықшы болып жұмыс істеді. Жиі ауыратын. Біз от жағу үшін таңертең 4-5-те тұратынбыз. Кейін мектепке де үлгеруіміз керек қой. Менің өмірімдегі маңызды сәттердің бірі мектепті бітірген соң басталды. Мен мектепті медальмен бітірдім. Бұл мектеп үшін тарихи сәт болғанымен, мен үшін бұл аса маңызды болмады. Мен үшін институтқа түсуім — ерекше естеліктердің бірі. "Генерал болуды армандамайтын солдат жоқ" демекші мен генерал болуды армандадым. Алайда карьерамен аса ауырғаным жоқ. Адамды сынағың келсе, билік бер деуші еді. Сынақтан өтпеген, болмысын билік бұзған адамдар көп. Билікті көтере алмаған олар адам танымастай өзгерген.

Билік мені бұзған емес, ешқашан. Бұза да алмайды. Иә, талай оқиғаның куәгері болдым. Мемлекеттік маңызы бар талай шешімдерге ықпал еткенім де рас. Бұра тартқан, қателескен кездерім болған. Ешқашан биліктің жалына жармасқан емеспін бірақ.

Мені билікшіл, креслошыл, тым сұсты, тым тәкаппар деп санайтындар бар. Танымағасын солай ойлайды. Солай пайымдайды.

Бұл өмірдегі бір ақиқат — қолыңа билік берілсе, дұрыс пайдалануға тырыс, игі мақсатқа жұмсауға ұмтыл. Мәңгілік ештеңе жоқ өйткені. Билік те мәңгілік емес.

Құйрығы креслоға жабысып туған пенде жоқ бұл жалғанда. Креслоның сусымалы екенін ұмытпаған жөн. Қолына билік тисе, жалғанды жалпағынан басқысы келетіндер көп соған қарамай. Құдды құдірет қонғандай сезінеді өзін.

Алжасқанның, адасқанның белгісі бұл. Адамдықтан айнығанның көрінісі. Адам деген атын жоғалтқан, адам қалпынан ажырап қалғандар қаншама арамызда…

Түптеп келгенде сенің де шегің бар, Тәңір белгілеп берген. Бұдан асып қайда барасың?

Қолыңа берілген билікті асыра пайдалансаң, осы шектен шыққаның. Тәңір белгілеп берген сызықтан асқаның. Талқаның таусылған күні алдыңнан шығады…

Билікке келген адам бұл араға неге отырғанын, не мақсатпен келгенін, қандай іс атқарарын күні бұрын білсе, мұндай адамнан қайыр болады.

Билікке келген адам қызметін қу құлқынның қамы, жеу, жалмау мақсатында пайдаланса, түптің-түбі оңбайды. Сорын тартады.

Мұндайлар әйгілі Аяз бидің өсиетін ұмытқан. «Аяз би әліңді біл, құмырсқа жолыңды біл».

Өміріме ризамын. Ешкімге өкпем жоқ. Қателессем, алдымен өзіме үңілемін. «Дұрыс істедім бе, дұрыс шешім қабылдадым ба?» деп…

Алматының әкімі болдым. Жеккөрінішті жұмыс еді. Қызметтен кеткесін пәтерсіз қалдым.

Қаланың сыртында дачімізде тұрдық. Мақпалдың үйіне көшіп бармасым белгілі еді. Жаңа үй салдым. Болды. Менің шегім осы. Бұдан артықтың керегі жоқ. Үйім бар, өмірім бар. Отбасым бар.

Өзімнің қарапайым ғана адам екенімді түсіндім. Қанағат. Керегі осы екен.

Дайындаған: Думан Бықай

Әсел Болатқызы

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір