• USD 378.65
  • EUR 430.07
  • RUB 6
  • CNY 55.1
22 Шілде, 15:39:47
"НЛО" деген жарықтық не болып шықты?(видео)

16 Қаңтар, 2019 Дәстүр

«Қыз алып қашу» операциясы немесе «Басып әкетілген» бақыттылар

"Қыз алып" қашу мен "зорлықпен қыз алып қашуды шатастырмайық.

 Бірде теледидардан тұрғындардың реакциясын тексеріп көрмек болған журналистер  тапа тал түсте көшеде «қыз алып қашу» көрінісін көрсеткені бар.  Жан шошырлық дауыспен ойбай салған қызды бұйым құрлы көрмей, төрт аяқты малдай өңгеріп, көлікке атып ұрғанда, өтіп жатқан жұрттың бәрі мұны көз үйренген қалыпты жағдайдай бағалап, бірде-біреуі мәу демеген сонда. Бұл нені білдіреді?

          Алдымен «қыз алып қашу» дегеннің басын ашып алалық. Қыз жігітімен  өзара келісіп, ата-анасына бір ауыз айтпай өзі шешім қабылдап бөтен біреудің табалдырығын аттап кете барса, мұны «қыз алып қашу» емес, «қыздың қашып кетуі» дейді. Бұл енді, күнделікті өмірде көп кездесетін, көбіне-көп некелесушілердің материалдық қиындықтарына болмаса қалыңдықтың әке-шешесінің күйеу балаға, не құдаларына көңілі толмағандықтан келісімдерін бермеуіне байланысты туындайтын, бұл күнде жұрттың көзін де үйреткен, көңілін де көншіткен   жағдаяттар. Бұл жағдайға кейде ата-аналары да  келісімін беріп  өздері «білмей қалған» болып жататыны жасырын емес. Кешегі кеңес заманында осылай еді.   Қазіргідей мейрамханада дүркіреп өтетін  «қыз ұзату тойы»  тәуелсіздіктің әкелген жемісі. Ал кеңес заманында үйленгендердің бәрі дерлік  қазіргі бәйбішелерін кезінде жоғарыдағыдай «алып қашқандар».  Сондықтан   «қыз алып қашу» деген сөздің алдына «зорлықпен» деген сөзді қоссақ, біз қозғағалы отырған мәселе түсінікті болады. «Зорлықпен қыз алып қашу» деп бойжеткенді  еркінен тыс, күштеп, зорлықпен алып кетуді айтады. Мұны бұл күнде кейбіреулердің  бұрыннан қалған дәстүріміз деп соғатындары да бар. Бұл ешқандай да дәстүр емес, барып тұрған қылмыс, жабайылық! Қазіргі заман  тұрмақ, бұрынғы кезеңде де қылмыс саналған. Ал негізінде  «қыз алып қашу» дәстүрі қазақ қоғамында танымайтын адамдар арасында құда түсу кезеңінде орын алған. Ол қазіргі күнде де орын алып жүргендей –  қыздың «қашып кету», ал жігіттің «алып қашу» дәстүрі. Бұл ерікті түрде жүзеге асатын «операция», яғни атастырылған жігітке көңілі толмаған қыз өзінің «ақсүйек ойнаған», «бала күннен бірге өскен» не тағы басқа себеппен ұнатқан, сүйген жігітімен бірге өз еркімен қашады. Содан кейінгі мәселе атастырылған жақпен билердің келіссөзі, берілген қалың малдың өтеуі, ат-тон айыбы деген сияқты. Осы дәстүрдің қазіргі күні өңін қарадай өзгертіп жібердік. Танымайтын біреулердің «басып әкету» оқиғасын жұрт санасына  «дәстүр» деп сіңіргеніміз соншалық, селт етпейтін  жағдай қалыптасты. Қыздардың бұл біздің ата дәстүріміз деп сеніп қалып, көндіккені сондай,  не өзі, не туысқаны тиісті органдарға хабарламайтын, тіпті ақ жаулығын жерге төсеген кемпірлер «менен аттап кетсең, бақытсыз боласың, қарғаймын» деп психологиялық шабуыл жасап жатып алатын оқиғалар сирек те болса ел ішінде, әсіресе оңтүстік пен батыс өңірлердің ауылды жерлерінде  кездесіп жататыны жасырын емес.  Осындай зорлықпен есік аттап, тулап жатқан  «келінді» көндіру үшін  абысындары ұрып-соққан, жасырын камераға түсірілген видеоны қайбірде қалың жұрттың теледидардан да көріп, қатты күйінгені бар.  Бұл жердегі қыз ұрлау ешқандай да ата дәстүр емес, жабайылық, сорақылық екені дау тудырмаса керек. Адам құқын бұлайша бұзатындар аяусыз жазаланып жатса, оған қайта қол соқпаса,  есі дұрыс ешкімнің қарсы келмейтіні анық.

 Әрине, өмір болған соң, кезінде «басып әкетілген» қыздардың бұл күнде сары қарын бәйбіше атанып, ешқандай өкінішсіз бақытты өмір сүріп жатқандары жоқ емес. Кейбірде соны үлгі ретінде көрсетіп жатамыз. Өмір болған соң әрине, ескі жара жазылмай тұрмайды. Үш күннен соң адам көрге де еріксіз үйренеді. Сондықтан «басып әкетілген» бақыттылардың өмірі ел ішінде  үлгі ететін жай емес шығар.

 Сонымен «қыз алып қашу» қылмыс па, жоқ ата дәстүр ме деп жалаулатып жүргендерге айтарымыз, алдымен аталмыш сөздің басын толықтай ашып алу керек. Бірін бірі сүйген, не бірі ұнатып, екіншісі некелесуге келісім беріп,  уағдаласқан күні «алып қашқан» оқиғаларға қандай заңмен қылмыстық сипат бересіз.  Еркінен тыс қыз ұрлап, оны мәжбүрлі түрде әйел ету бір басқа, оның қазіргі заманда өте сирек кездесетін жағдай екені анық. Ондайларға қазір де,  кеңес заманында да заң қатал болғаны белгілі.  Кейде осындай ілуде бір кездесетін оқиғаларды орыстілді басылымдардың іліп әкетіп, тапбір жаппай етек алғандай «жабайылық» деп жалаулатып жататыны қазақты тұқыртудан басқа түк емес. Оған өзіміз де аттандап ілесе жөнелеміз. Сөйтіп тұтас бір аймаққа батпандай қара күйе жаға саламыз. Әлде мен қателесіп отырмын ба? Әрине, сөз басында келтіргеніміздей,  еріксіз қыз алып қашатындар ел ішінде жоқ емес, сирек те болса бар. Оған қатал заң керек! Бірақ «қыз алып қашу» мен «зорлықпен қыз алып қашуды»  шатастырмағанымыз жөн!

 

                                       

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

0 пікір