• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 01:03:04
Алматы
+35°

22 Қаңтар, 2019 Әлем

Әзербайжандағы көтеріліске президенттің әйелі кінәлі ме? (видео)

Митингке қатысушылар блогер Гусейновпен қатар басқа да саяси тұтқындарға бостандық беруді талап етті.

19 қаңтарда Әзербайжанның астанасы Бакуде митинг болып, түрмеде аштық жариялаған блогер Мехман Гусейновты қолдау шарасы өтті деп  жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі. Аталмыш акция Демократиялық күштердің ұлттық кеңесінің ұйымдастыруымен өткен. 

Әзербайжан

Митингке қатысушылар блогер Гусейновпен қатар басқа да саяси тұтқындарға бостандық беруді талап етті. Ресми деректерге сүйенсек, митингке шамамен 2800 адам қатысқан. Ал наразылық білдірушілердің сөзінше, митингке қатысқандардың саны - 20 мың.Әзербайжан

Ескерте кетейік, 26 жастағы Мехман Гусейнов билікке қатысты өз көзқарасын ашық айтып жүрген танымал блогер. Гусейнов өзін полиция қызметкерлері ұрып-соққанын айтқаны үшін 2017 жылы "жала жабу" бабы бойынша 2 жылға бас бостандығынан айырылған. Кейін  бостандыққа шығуына 2 ай қалған кезде блогердің үстінен тағы да бір іс қозғалған. Гусейнов түрменің күзетшісін соққыға жығыпты-мыс. Оның үстінен қозғалған іс бойынша Гусейнов 5-7 жыл бас бостандығынан айырылуы мүмкін. 

Әзербайжан

Оның бостандыққа шығуын талап еткендердің қарасы өте көп. Тіпті Гусейновты қолдаушылар Францияның СІМ, Европарламентке, Еуропалық Кеңеске, америкалық конгрессменге хат жазған.

Әзербайжан

Ал Гусейнов болса, өз кезегінде билікке қарсылық ретінде 25 желтоқсанда  ас-су ішуден бас тартып, аштық жариялады. Алайда 30 желтоқсанда оның денсаулығы күрт нашарлап, есінен танып қалды. Осы жайттан кейін ол су іше бастағанымен, бірнеше күн бойы тамақтан бас тартты. Оның жақтаушыларының бірқатары да аштық жариялап, Гусейновке қолдау білдірді. Ал 7 қаңтарда Гусейновтің аштық жариялаудан бас тартқаны жөнінде ақпарат тарады. Бұл туралы адам құқықтары жөніндегі ресми өкіл мәлімдеген болатын. Оның айтуы бойынша, блогер дәрігердің қатаң бақылауында және қазір денсаулығы жақсарған.

Алайда Гусейновтың адвокаты мен әкесі қазір бұл ақпаратты растамай отыр. Ұлымен кездескен әке: 

— Мехман аштық жариялаған. Оны тоқтатпады. Ол өте әлсіз көрінді. Мен оған жеміс-жидек пен басқа да ас-ауқат беріп, жеуін өтіндім. Алайда ол менің айтқан кеңесіме құлақ асты ма, білмедім, — дейді.

 

2012 жылдан бері Мехман Гусейновтың үстінен бірнеше рет іс қозғалғаны белгілі. Алайда оны тұтқындауға түрткі болған соңғы жайт туралы әзербайжандық журналист Хадиджа Исмайлова currenttime.tv тілшісіне айтып берді. Оның айтуынша, Гусейнов соңғы рет 2017 жылы Баку қаласында сауалнама жүргізген. Блогер халықтан "егер сіз бір мекеменің басшысы болсаңыз, өз әйеліңізді өзіңізден кейінгі басшы, орынбасарыңыз етіп қояр ма едіңіз?", - деп сұраған. Осы сауалнамасы үшін ол бас бостандығынан айырылып, биліктің қас жауына айналғанын айта кетейік. 

Ақиқатына келсек, блогер Гусейновтың сұрағының астары бар. Бұл сауалнаманың Әзербайжан президентінің жарлығына қатысты екенін тұрғындардың барлығы білді, түсінді. 

Айта кетсек, 2017 жылы 21 ақпанда президенттің бұйрығымен Әзербайжанның вице-президенті болып оның әйелі, Мехрибан Алиева тағайындалды. Ал президенттің өзі 2003 жылдан бері ел басқарып отыр. Ал қазір оппазициялық көзқарастағы әзербайжандар, халықтың көптен бері билікке ашулы екенін, бұл оқиға жай ғана себеп болғанын айтып, пікір білдіріп жатыр. Сондай-ақ митингке шыққан әзербайжандықтар президенттің өз әйелін вице-президент етіп тағайындауы халықты басынғандықтың белгісі деп есептейді. 

Бейресми деректер бойынша 26 қаңтарда тағы да қарсылық акциясы өтеді. 

Әсел Болатқызы

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір