• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 10:11:57
Алматы
+35°

22 Қаңтар, 2019 Әлем

Байлардың барлығы білімді ме?

Әлемнің үш миллиардері де білім алуды өздігінше түсінеді.

Адамдар арасында “Табысты болу үшін білімнің қажеттілігі шамалы, биліктегілердің де, байлардың да үлгерімі нашар болған” деген стереотип көзқарас қалыптасқан. Осылайша пайымдау қазіргі уақытта қаншалықты дұрыс?

 Мысалы, 2018 жылы “Forbes” рейтингі бойынша анықталған әлемдегі ең бай үш адамның білім дәрежесі төмен болды деп айта алмаймыз. Бірақ олар білім деген сөздің түп-төркінін басқаша түсінетін көрінеді. Өткен жылы әлемдегі миллиардерлердің көшін бастаған “Amazon” компаниясының негізін қалаушы Джефф Безостың білімі таяз болған деу күмәнді. Оның оқуға, тануға  талпынысы жастайынан жоғары болған. Мектеп жасында физика пәнін сүйіп оқитын ол бос уақытын ойын-күлкімен емес, көлікжайда өзін қызықтырған құралдар арқылы техникалық құрылғыларды жасап өткізетін. Кейіннен ол Нью-Джерси штатында орналасқан АҚШ-тағы ең көне оқу орындарының бірі Принстон университетіне түседі. Алғашында Джефф физика факультетіне емес, бағдарламалау бөліміне түскеніне өкінгенмен, компьютермен тез тіл табысып кетті. Содан бері жас программист ғылым жолына түсіп, ақпарат әлеміне жаңа тыныс алып келеді.  Бүгінгі күні 112 миллиард долларға тең байлығы бар ол қаражатының басым бөлігін білім мен ғылымның дамуына жұмсауда.

Ал жиырма жыл бойы (1996-2016) әлемдегі ең бай адамдар тізімінде бірінші орында болған Билл Гейтстің техникаға жақындығы бала кезінен байқалған. Мысалы  Сиэтлдің “Лейксайд” мектебінде  оқыған Билл шағын компьютерлерді пайдаланып, он үш жасында ең алғашқы бағдарламасын жазып шығады. Содан бері ол достарымен бірге “ССС” (Computer Center Corporation) компаниясында жұмыс істеп, бағдарламалау тіліндегі қателіктерді анықтау арқылы қосымша табыс таба бастайды. Осылайша, оның келешек өмірі бағдарламалаумен тікелей байланысты болады. Жас программисттің жаңа технологияларға қызығушылығы қашан да жоғары болды. Ол Гарвард уиверситетіндегі оқуын екі жылдан кейін тастап кетсе де, ғылымға, білімге деген ынта-ықыласы азайған жоқ.

2018 жылғы рейтинг бойынша ол 91 миллиард доллардың иесі атанып, ең бай адамдардың қатарында екінші орынға жайғасқан Билл Гейтстің мына бір сөзі білімнің маңыздылығын айғақтайды: “Білім–басқарудың басты құралы” .

Дүние жүзіндегі ең бай үштікті  қорытындылайтын америкалық кәсіпкер әрі инвестор Уоррен Баффеттің де білімге деген көзқарасы өзгеше. Ол жоғары оқу орнында ата-анасының үмітін ақтау үшін ғана оқығанын айтады. Десек те, он бір жасында алғашқы акцияларын сатып алып, он үш жасында кіріс декларациясын толтырған баланың білімі жоқ деп айта алмаймыз. Оның құпиясы неде? Кәсіпкердің үш баласы да жоғары білім алмаған екен. Оның ойынша, адам өзіне керегін ғана алып, өзін-өзі дамытқан жөн.

«Ең үздік білім–өзіңе жұмсалған инвестиция» , - деп айтады 90 миллиард долларға тең байлығы бар әлемдік кәсіпкер Уоррен Баффет.

 Иә, әр адамның білімнің қайнар көзіне, оның маңызына берер бағасы әртүрлі. Әлемнің үш миллиардері де білім алуды өздігінше түсінеді. Олар өздері оқыған оқу орнын ұнатпағанымен, білімге, танымға, ғылымға ерекше көңіл бөлген. Сондықтан табыстың сырын біліммен байланыстырмай, адамның бағына ғана балау қателік болар.

 Жәмилә Бахтиярқызы

Берік Бейсенұлы

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір