• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 18:28:22
Алматы
+35°

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың және Қоғамдық даму министрі Дархан Қалетаевтың назарына!

Бүгін Астанада «Тәуелсіздіктің ұрпақтары» атты жастар жылының ашылу салтанаты өтті. Оған Президент Назарбаев қатысып, өзінің жаңашыл бастамаларын айтты. Жастардың алдында тұрған мәселелерді сөз етті. Тапсырмалар берді. Президент жалындап сөйлеген жастарды тыңдады. Біз де тыңдадық.

Бұл форумды  ұйымдастырушы кім?  Қоғамдық даму министрлігі және оның басшысы Дархан Қалетаев.  Жастар жылының осылай жоғары леппен басталғаны дұрыс-ақ делік. Бірақ...

Президентке дейін сөйлеген 13 жастың 5-еуі ғана форумда мемлекеттік тілдің мәртебесін асқақтатты. Осыған қатысты Қалетаевқа сұрақ...

  1. Жаңадан құрылған Қоғамдық даму министрлігі АтаЗаңда жазылған мемлекеттік тілдің мәртебесін мойындамай ма?
  2. Жастар біздің болашағымыз, олар тәуелсіз елдің ұрпақтары емес пе?
  3. Бүгін мемлекеттік тілде сөйлемеген жас ертең анасының тілін аяқасты етпей ме?
  4. Бір жиынды бастан аяқ қазақ тілінде өткізуге Қалетаевтың қауқары неге жетпеді?
  5. Қоғамдық даму министрлігі осы әрекеті арқылы мемлекеттік тілді менсінбейтін жас ұрпақты тәрбиелеп жатқан жоқ па?
  6. Сөздің жартысын қазақша, қалғанын орыс тілінде жалғастыратын аға буынның абыройсыз әрекетін жастарға әдейі жұқтырып жатқан жоқпыз ба?
  7. Жиында басқа ұлт өкілдері де акцентсіз, қазақ тілінде таза сөйледі. Мәселе жастарда емес, өзімізде екенін Қалетаев сынды министрлер неге түсінбейді?
  8. «Жиында отырған басқа ұлттың жастары ұқпай қалады» деген көңілжықпастық әрекеттен Қалетаев министрлігі қашан арылады?

Жастар жылына орай тікелей эфирден берілген жиынды көріп отырып, осылай әрі - сәрі ойға қалдық. Жалындап тұрған жастарды бүгіннен бастап мемлекеттік тілді қадірлеуге үйретпесек, ертең тіліңді менсінбейтін толқын өзі-ақ өсіп шығады.

Рас, біз жиында жетістікке жеткен жастарды Елбасының алдында ұрандатып сөйлеттік. Ал жетістікке жете алмай жүргендерді Қалетаев министрлігі қашан қолдайды?

...Министр Дарханның дүниетанымына ой салар деген тұрғыда бізді алаңдатқан сауалдар осы еді.

 

 

Берік Бейсенұлы

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір