• USD 378.65
  • EUR 430.07
  • RUB 6
  • CNY 55.1
19 Шілде, 07:29:56
Путин Зеленскийге барлық тұтқынды алмастыруды ұсынды

24 Қаңтар, 2019 Спорт

«Шойын қолғап» Садриддин – Мәулет Мұстафиннің шәкірті

Қазақ боксшысы Садриддин Ахмедов 26 қаңтар күні Монреаль қаласында кәсіпқой бокстан жастар арасында әлем чемпионы атану үшін айқасақа түседі.

Қазақ боксшысы Садриддин Ахмедов 27 қаңтар күні Монреаль қаласында кәсіпқой бокстан жастар арасында әлем чемпионы атану үшін айқасқа түседі.

Садриддин 20 жасында кәсіпқой боксқа бет бұрды. Ол  Канаданың «Eye  of tye Tiger» проумотерлік компаниясымен келісімге келіп, 2018 жылы алты жекпе-жекті нокаутпен ұтып үлгерді. Садриддиннің келесі қарсыласы – 22 жастағы мексикалық Абрахам Хуарес (12-1, 4 КО). Бұл екеуі WBC версиясы бойынша 10 раундтық айқаста жастар арасындағы әлем чемпионы атағын сарапқа салады.

Садриддин 10 жасынан астаналық тәжірибелі бапкер Мәулет Мұстафиннің қол астында тер төкті. Садриддиннің әкесі Әмірхан Астанаға отбасымен Жетісайдан көшіп келген екен.  Әңгіме барысында Мәулет ағамыздан «Садриддиннің ұлты кім?» деп сұрадық. «Қазақ, - деді Мәкең күліп.- Маған бұл сұрақты қоюшылар аз болған жоқ. Садриддинді он жылдай баптай жүріп, талай құжат толтырдым. Әкесі мен шешесінің паспортында «қазақ» деп жазылған. Садриддиннен кісілер «қай ұлтсың?» деп сұраса, «нағыз қазақпын!» деп жауап береді. Қазақшаға ағып тұр».

Мәулет Мұстафин

ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Мәулет Мұстафин мен шәкірті Садриддин Ахмедов

Садриддин 2011 жылы кіші жасөспірімдер арасында Қазақстан біріншілігін 36 келі салмақта ұтса, 2015 жылы 64 келіде республиканың жастар чемпионатында үздік шықты. Төрт жылда 28 келіге ауырлаған. Яғни, жылына орта есеппен 6,5 келіден қосып отырған екен. Бұл дегеніңіз Мәулет бапкерге қосымша бейнет деген сөз. Дене ауырлаған сайын боксшыны жаңа салмаққа бейімдеу керек. Қарсыласың үнемі өзгеріп тұрады. Салмақпен бірге қолдың күшін, соққының тегеурінін, ұрыс тәсілін жетілдіріп отырмасаң, және болмайды. Жаңа салмаққа психологиялық жағынан бейімделу, жаңа қарсыластарды зерттеу де оңай шаруа емес. Бұл жылдары Мәулет бапкер тынымсыз ізденіс үстінде болды. «Садриддиннен үміт күтіп, түзде көп жүрдім. Жарыстан келе сала үйде шамалы уақыт тізе бүгіп, жаттығу жиынына асығамыз. Оны шыңдау үшін күндіз-түні ізденуге тура келді. Еңбекқор, қайратты бала әуесқой бокста екпіндеп-ақ келе жатыр еді. 2017 жылы әкесі Әмірхан екеуі кәсіпқой боксқа ауысамыз, деді. Қалай қарсы боласың? Әмірхан отбасымен Астанада пәтер жалдап тұрады. Төрт баласы бар. Жағдайларын көріп,біліп жүрген соң баланың бағын байламайын дедім».

Ай, шіркін, қазақ бапкерлері-ай! Сендердің кең пейілдеріңе, табанды тірліктеріңе, адам тәнті болар төзімдеріңе, қара жердей сабырлы мінездеріңе Алла разы болсын! Шәкірттерін купеге мінгізіп, өздері плацкард вагонда, не тамбурда жүрсе де қабағын шытпайтын ақиық бауырларым сол! Өз баласына қарауға уақыт таппай жүріп, кісі баласы десе, аузындағысын жырып беретін аңқылдаған азаматтар-ай! Садриддин Мәулет ағасының баптауымен 2016 жылы жастар арасында әлем чемпионатында топ жарды. 2017 жылы ересектер рингіне қадам басып, «мықтымын!» деп жүрген талай боксшыны еріксіз тұқыртқаны бар. Жалпы, иісі мұсылман жұрты ұстаздың қадіріне жете білген. Спортты баяғыда доғарса да, ұстаздарын алақанына салып жүрген текті жігіттер қазақта аз емес.  Иә, Садриддин Канадада атой салып жатса, елде Мәулет ұстазы тақымын қысып отырады.

Мәулет бапкер мыңдаған жанкүйермен бірге Садриддиннің Абрахам Хуареспен жекпе-жегін тағатсыздана тосып жүр. Таразының бір басында бүкіл Алаш жұртының намысы тұрғанын естен шығарма, Садриддин бауыр!

Қыдырбек Рысбек

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

0 пікір