• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 12:09:23
Алматы
+35°

26 Қаңтар, 2019 Спорт

Қазақ волейболының негізін қалаушы, әйгілі волейболшы, айтулы бапкер Октябрь Жарылқаповтың төл шәкірті Жәнібек Сауранбаев 1963 жылы доп ойындарына ден қойған қазақ жастарынан бірінші болып Совет одағының жастар құрамасына қабылданды. 1964 жылы Сауранбаев Совет одағының ұлттық құрамасына енді. Ойлап қараңыз, ата-бабасы волейбол добын ұстап көрмеген қазақтың қараторы жігіті сол тұстағы әлемдегі ең алып державаның бас құрамасының дәнекері болды. Дәнекер - шабуылшы немесе қорғаушы емес. Дәнекер – команданың тіні, өзегі, алаңдағы өзге бес ойыншының арасын жалғап, үйлестіруші ақылманы. Совет құрамасы Жәнібек жарқырай көзге түскен тұста жер шарындағы ең күшті құраманың бірі, нақтылай айтсақ, 1964,1968 жылдардағы қос Олимпиаданың жеңімпазы болатын. Сауранбаев сол сұрапыл құраманың алаңдағы ең басты дирижері еді. Сөзіміз құрғақ болмауы үшін Жәнібек ағаның бала кездегі досы,  командалас серігі, кейін Латвия құрамасын КСРО халықтары спартакиадасының алтын тұғырына бастап шыққан, Олимпиада ойындары мен әлем чемпионатында күміс жүлдегер атанған Совет одағы құрамасының бас бапкері  Геннадий Паршиннің мына сөзіне жүгінейік: «Жәнібек досым дүние жүзіндегі ең үздік дәнекердің бірі болды! Ол екі рет Олимпиада чемпионы болуға лайық ойыншы еді».

Дүние жүзі чемпионатының тұңғыш жүлдегері. Қазақ халқына Олимпиада ойындарының тұңғыш медалін 1960 жылы ұшпа жүйрік Ғұсман Қосанов сыйласа, Жәнібек Нығметұлы әлем чемпионатында олжа салған алғашқы қазақ спортшысы. Құрамында Сауранбаев ойнаған совет құрамасы 1966 жылғы әлем біріншілігінде қола медальді жеңіп алды.

Әлем кубогының тұңғыш жеңімпазы. Олимпиадалық спорт түрлерінен Әлем кубогын қанжығаға байлаған бірінші қазақ баласы кім десеңіз, тағы да Жәнібек Сауранбаев алдыңыздан шығады. Жәнібек ағамыз 1965 жылы Совет одағы волейбол құрамасының дәнекері (связующий) ретінде Әлем кубогы бәсекесінде топ жарды.

Еуропа чемпионы атанған бірінші қазақ волейболшысы. 1967 жылы Жәнібек Нығметұлы қазақ волейболшыларынан тұңғыш Еуропа чемпионы атанды.

Одақ чемпионы болған бірінші қазақ! Волейболдан Совет одағының ең алғашқы чемпиондарының қатарында Жәнібек Сауранбаев пен Амангелді Сұлтанов тұр.Негізін Октябрь Жарылқапов қалаған Алматының «Буревестник» командасы Қазақ елінің доп ойындары командаларының арасынан ең бірінші болып 1969 жылы Кеңес одағы чемпионатында топ жарды. «Буревестник» Кеңес одағына қараған азиялық республикалардың ішінен одақ чемпионы атанған жалғыз команда. Тағы ескеретін жағдай: ХХ ғасырдың 60-70 жылдарында Қазақстанның футбол, баскетбол, допты және көгалдағы хоккей командалары Кеңес одағы чемпионаттарында тегеурін танытып жүрсе, солардың арасында 1972 жылға дейін «Буревестниктің» шоқтығы биік болды.

Еуропа чемпиондарының кубогын олжалаған тұңғыш қазақ спортшысы. 1970 жылы Алматының «Буревестник» командасы Еуропа чемпиондары кубогының жеңімпазы атанды. Сол тарихи жеңіске команда капитаны Жәнібек Сауранбаев зор үлес қосты. «Буревестниктің» сапында Валерий Кравченко мен Олег Антропов секілді Олимпиада жеңімпаздары ойнағанына қарамастан, Сауранбаев ұзақ жыл дауылпаз команданың капитаны болды. Осының өзі Жәнібектің азаматтығы мен ойыншылық шеберлігіне берілген әділ баға екені анық. Қазақ спортының тарихында Еуропа кубогын ең бірінші олжалаған команданың сапында  дарынды ойыншы Амангелді Сұлтановтың болғанын айтуға тиіспіз.

1971 жылы  «Буревестник»   Еуропа чемпиондарының кубогын тағы да жеңіп алды. Еуропаның ең таңдаулы клубына тағайындалған күміс кубок қатарынан екінші жыл команда капитаны Жәнібек Сауранбаевқа салтанатты түрде табыс етілді. Сауранбаевпен бірге жеңіс тұғырына Амангелді Сұлтанов пен Төленді Ахметжанов сынды саңлақтардың көтерілгенін еске алудың өзі бір ғанибет. Сол тұста әлемдік волейболдың тізгіні еуропалықтардың қолында болатын. Дүние жүзілік чемпионаттарда Кеңес одағы, ГДР, Чехословакия құрамалары озық шығып жүрсе, Румыния, Болгария командалары күміс тұғырдан көрінетін.   Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні: Кеңес одағы мен Еуропада үш жыл қатарынан жеке-дара көш бастаған «Буревестник» - 1969-1971 жылдарда дүние жүзіндегі ең күшті волейбол клубы болды. Бұған күмән келтірсеңіз, басқасын айтпағанда, құрамында бірнеше әлем чемпиондары бар чех, неміс клубтарын ұтқан бас бапкер Заңғар Жәркешев пен Жәнібек Сауранбаев командасының жеңіс шежіресін парақтап көріңіз.

Аталарымыз: «Тақыр жерге шөп шықпайды», деп тегін айтпаған. Жәнібектің әкесі Нығмет Сауранбаев филология бойынша еліміздегі тұңғыш ғылым докторы. 1954 жылы жарық көрген 50 мың сөзден тұратын орысша-қазақша сөздіктің авторы. Осындай әкенің тұяғы Жәнібек те оқуға зерек болыпты. Сонымен бірге, Мұхтар Әуезовтен бастап әлемдік деңгейдегі жазушылардың кітаптарын ден қойып оқыған екен. Міне, қазақтың алғыр да білімді жасы волейболға барып еді - бүкіл әлем мойындаған серке спортшы дәрежесіне жетті. Ал біз кейінгі жылдары спортшы баалалардың ата-тегі мен біліміне мән бермейтін болдық.

Ал Жәнібек неге Олимпиада жеңімпазы болмады дегенге келсек, ол 1964 жылы КСРО құрамасының базалық командасы – ЦСКА- ның шақыруын қабыл алмады. Соны кек тұтқан Мәскеу Сауранбаевты екі бірдей Олимпиадаға апармай қойды.Иә, «Жазмыштан озмыш жоқ», деген осы.

Қыдырбек Рысбек

Әсел Болатқызы

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір