• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 05:08:39
Алматы
+35°

28 Қаңтар, 2019 Спорт

Бүкіл қазақтың футболдағы жыртығына жамау болған Құралбек Ордабаев қазір қайда жүр?

Жетпісінші жылдардың басынан бастап «Қайраттың» қақпасын Құралбек Ордабаев қорғады

Алматының «Қайрат» командасы Совет Одағы чемпионатының жоғары тобында 1960 жылдан бастап ойнады. Содан совет империясының іргесі сөгілгенше,  бұл команда одақтағы  мықты  командалардың  қатарында  болды. Жетпісінші жылдардың басынан бастап «Қайраттың» қақпасын Құралбек  Ордабаев қорғады.

Құралбектің атағы, әсіресе, 1973 жылы айрықша қатты шықты. Сол жылы одақ чемпионатында тең ойнаған командалар жеңімпазды анықтау үшін пенальтиге жүгінді. «Қайрат» бұл біріншілікте 11 бәсекені тең аяқтап, ойын соңындағы  пенальти  ұрудан 10 қарсыласын тізе бүктірді. Тек бір ойында ғана «Днепрден» ұтылды. Сол жылы совет чемпионы атанған Ереванның «Арараты» тең тарқасқан 7 ойынның небары 3-інде ғана пенальтиден жеңіске жетсе, Еуропадағы ең мықты клубтардың бірі, жетпіс үштегі чемпионаттың күміс жүлдегері  Киевтің «Динамосы» тең аяқталған 8 бәсекенің төртеуінде ғана пенальти бойынша ұтып, 4  пенальтиде сәтсіздікке ұшырады. «Динамоның» қақпасын  күзеткен  Евгений Рудаков 1969, 1971,1972  жылдары Совет Одағының  таңдаулы қақпашысы атанған, 14 жыл осы команданың бас  қақпашысы, Одақтың 7 дүркін чемпионы, 8 жыл совет құрамасында ойнаған  нағыз серкенің өзі болатын.

1971-1980  жылдары Совет Одағы құрамасының қақпасын қорғаған, Мюнхен, Мәскеу олимпиадаларының қола жүлдегері, 1972 жылғы Еуропа чемпионатының күміс медалінің иесі Владимир Пильгуйдей қақпашысы бар Мәскеудің  «Динамосы» 10 тең ойыннан  соң, пенальти соғуда 3 мәрте жеңіліп қалды. Күшті деген Мәскеудің «Спартагы» қарсыластарымен болған 8 пенальтидің бесеуінде жеңіліс тапты.

Ал Құралбектей  тасқамал қақпашысы бар «Қайрат» 11 пенальти сайысының 10-ында қарсыластарын тас-талқан қылды. Бұл жерде команда ойыншыларының 11 метрліктен  доп соғудағы шеберлігін де жоққа шығаруға болмайды. Дегенмен, Ордабаевтың оқша атылған допты қағып түсетін әбжілдігі, оның доп ұратын футболшының ішкі ойын дөп басатын сезімталдығы, небір мықты ойыншылардың алдында қасқайып тұратын  өр мінезі  туралы  жетпіс үштегі  чемпионат барысында аз айтылған жоқ. Сол чемпионатта небір азулы командалар «Қайратты» тек ұтуға күш салатын. Себебі, тең тарқасқан жағдайда Ордабаев алғашқы бес пенальтидің бір-екеуін қағып алатын.

Футбол

1973 жылы біз он-он бірдегі бала едік. «Лениншіл жастағы» («Жас Алаш») репортаждарды  ашқарақтана  оқимыз. Басқа басылымдардан Құралбек пен Сейілда Байшақов ағаларымыз  туралы бір ауыз  сөзді қалт жібергіміз келмейді. Қабырғада  ілулі  тұратын бес сомдық  радионы  дәл түбінен тыңдағанды қанағат қылмай, астымызға орындық  қойып, құлағына жабысып аламыз.  

Кейін тағдырдың  жазуымен  Алматыда  Құралбек  ағаның  ойынын көрдік. Бір күні  даңқты қақпашымен танысып, сұхбат құрдық. «Жақсыда жаттық жоқ», - деген. Қарапайым, бауырмал  кісі  екен. Сондағы көңіл-күйдің  жөні бөлек. Келе-келе сыйластығымыз артты.

Аға, - деймін, 73 жылғы тарихты қайта жаңғыртқым кеп. - Ұзындығы жеті метр қырық сантиметр қақпаны шірене тепкен доптан қорғау қиынның қиыны. Оның үстіне, пенальти қайтару ата-бабадан жұғысты кәсіп емес. Бұған қалай машықтанып жүрсіз?

– Шымкенттің «Металлургінен»  «Қайратқа» ауысқаннан  кейін жаттығудан соң Тимур Сегізбаев екеуміз жеке қалып жүрдік. Кезінде күллі қазаққа аңыз болған адам. Менің бойымнан  бір  ұшқын  байқағаны анық.    Екеуміз  ойын үстінде кездесетін әртүрлі жағдайға дайын болуды қарастырамыз.  Ол кісі әр нүктеден қақпаны көздейді. Бірде қатты, бірде жай. Арасында солқылдатып пенальти ұрады.  Айла-тәсілі сан алуан. Басқа ойыншылармен тер төккен бір басқа, Тимур ағамның жөні бөлек. Ерінбей-жалықпай, шар  болаттай шыңдады.  Қанына тартқаны тағы рас.

Иә, сол кезеңде  бір қазақ жарқ ете қалса, бүкіл қазақ ду ете қалатындай көрінетін бізге. Мына қызықты қараңыз, егер Құралбекке дейін 5-6 қақпашы бауырымыз  Совет Одағы  чемпионатында  сынға түсіп, сыртқа танылып  жатса, бір сәрі. Ордабаев  Алаш  ұлдарынан шыққан тұңғыш қақпашы  ретінде    одақ чемпионатында бақ  сынады. Не шықса да, көптен шықса керек еді. Жоқ, жалғыз барып та тұтас бір империяны мойындатуға болады екен. Құралбек 1971 жылы «Қайраттың» қақпасына ие болып қана қойған жоқ, содан табандатқан 11 жыл бойы тізгінді ешкімге ұстатпады. Ол тек Алматы командасының бас қақпашысы атанып қана қоймай, ХХ ғасырдың жетпісінші жылдары Кеңес Одағындағы  таңдаулы  голкиперлердің  қатарында тұрды. Бұған дәлел, сол жылдарда  одақтық басылым беттерінде Ордабаев туралы  небір белді мамандар жақсы пікір  білдірді. Елдің әр түкпірінен мыңдаған жанкүйерлер «Құралбекті көреміз», деп Алматыға ағылып жататын. Біз де солардың қатарында болдық.

Екінші дәлел, 1972-1973 жылдары  Кеңес Одағындағы  күшті  команданың бірі Мәскеудің «Динамосы» Құралбекке арнайы қолқа салды. Владимир Пильгуйдай марқасқасы бар клуб сол тұстағы  15 одақтас республикадан жалғыз қазақты таңдапты. Ағамыздың айтуынша, республика басшылары араласып жатып, Ордабаевты «Қайратта» қалдырған екен.

Үшінші дәлел, 1997 жылы жарық  көрген  «Российкий футбол за 100 лет» атты Мәскеуде шыққан энциклопедиялық басылымда Құралбек Ордабаевтың ХХ ғасырдың жетпісінші жылдарының басында Одақтағы таңдаулы қақпашылардың бірі болғаны  әрі пенальти қайтарудағы мықтылығы тайға таңба басқандай айқын көрсетілген. Бұл кісіні, ең бастысы, халық мойындады. Ал халық мойындаған тұлға тарих төрінен орын алатыны даусыз.

Қазіргі футболға қарап, қарның ашады. Бір кездері Құралбек пен Сейілданың алаңдағы қимылына көз тоятын. Екеуі-ақ бүкіл қазақтың футболдағы жыртығына  жамау  болғандай  еді. Қазір бізді тұсап отырған ешкім жоқ, кейінгі ширек ғасырда  Еуропаны айтпағанда, Азияны аузына қаратқан бір қазақ  футболшысына  зар болып жүрміз.

Биыл тамызда Ордабаев жетпіске толады. Бірнеше жыл Қазақстан футбол федерациясын басқарып, спорт мекемелерінің тізгінін ұстаған Құралбек ағамыз қазір «Қайрат» клубында бұқаралық футбол тобының жетекшісі.

Қайран, Құралбек аға, бидайықтың көл жайқаған жалғызындай боп жалы күдірейген кеңес империясын сан мәрте дүр еткіздің-ау! Сол кездегі 30 мың жанкүйердің дуынан  кемерінен асып, бұрқ-сарқ қайнап жататын Алматыдағы Орталық стадион кей-кейде еске түседі...                                       

Қыдырбек Рысбек

Nazerke Labihan

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір