• USD 378.65
  • EUR 430.07
  • RUB 6
  • CNY 55.1
16 Шілде, 02:27:03
Тоқаев Қорғаныс министріне қатаң сөгіс жариялады

28 Қаңтар, 2019 Сұхбат

Абайдағы зорланған баланың анасы: Қылмыскердің ағасы бізге қоқан-лоқы жасады

Маған ешқандай ақша керек емес, тек шындық үшін күресемін.

Түркістан облысы Абай ауылындағы 7 жасар бала бүгінде барша Қазақстанға мәлім. Өкінішке қарай, балақай жағымсыз жағдайда жұртқа танымал болды. Араға жарты жыл салып сот шешімі де шықты: баланы зорлағандардың үлкені 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал қалғандары 14 жасқа толмағандықтан еркіндікте әрі мектепке де барып жүр. Бүгінде баланың отбасы қалай өмір сүріп жатыр, жалпы ауылдағы жағдай қалай? Esquire тілшісі Гүлнар Бажкенова баланың анасымен тілдесті. Алматы мейрамханаларының бірінде даяшы болып жұмыс істейтін 31 жастағы әйел есімін атаудан бас тартты. Орыс тіліндегі сұхбатты Qamshy.kz ақпарат агенттігі қазақ тіліне аударып, оқырман назарына ұсынады.

–Сот аяқталды, кінәлілердің бірі жазасын алды. Шешім әділ болды деп ойлайсыз ба?

–Оқиға осымен тәмәм дегенге өз басым сеніңкіремеймін. Иә, кінәлі жазаланды, алайда бәрі емес қой. Қалған үшеуі баламды қорласа да бостандықта жүр. Оларды тіпті қара тізімге де енгізбеген. Мектепке барып жүр. "Екінші рет ондай қылмысқа бармайды" дегенге кім кепіл бола алады? Оларды да жазалау керек. Демеушілер маған қорғаушы бөлді, енді біз прокуратураға ол балалардың да жазалануын талап ететін арыз жазамыз.

–Сіздіңше, ол балалар қателігін түсіне ме?

–Не дегіңіз келіп тұрғанын түсіндім. Бәріне үлкендер кінәлі. Бірақ әлгі балалар әр қылмыстың артында жаза бар екенін түсінуі тиіс. Әйтпегенде, тағы ды қылмысқа баратыны сөзсіз.Себебі, ол істері үшін ешкімнің алдында жауап бермейді.

Қаншама баланың ішінен ең әлсізін таңдап алды да, мазақ етті. Әрине анасы баласының жанында емес, мұны ауылдың бәрі жақсы біледі. Әжесінің қолында өсіп жатқан әлсіз бала деп ойлайды. Ата-аналардың ойы сол.

Абай ауылына ара - тұра барып тұратынмын, бірақ ешкімен араласпаппын. Екі күн демалысымды ұлымның жанында үйде өткізетінбіз. Бірге ойнайтынбыз, сөйлесетінбіз. Екі бауырдың отбасын (баланы қорлағандар – төртеу, олардың екеуі – туған бауырлар) анда-санда кездестіріп қалатынмын, сәлеміміз түзу еді.

–Балаңызға істеген әрекетінен кейін ол балалармен сөйлестіңіз бе?

–Сөйлескен жоқпын, сөйлескім келмеді де. Олар да кешірім сұрамады. Өздері де, аналары да келмеді. Беттерін тілсе, қан шықпайтын адамдар екен, сол қатыгездіктерінен әлі таймаған. Бірақ менің балам біреудің ойыншығы емес, қорғайтын, қолдайтын анасы бар.

–Сот шешімі шыққан күні сіз де болдыңыз ба?

–Иә, болдым. Журналистер де болды. Өзімді көрсеткім келмеген еді, аздап абдырап қалдым. Жүрегім қан жылайды. Сот шешімінен соң жан-жақтан сұрақтар жаңбырша жауды. Кінәлілер тарапы шешімге қатты ренжіді, сотты, бізді жерден алып, жерге салды. Кінәлінің өзі үнсіз қалды. Ал анасы болса, аузына келгенін айты, тіпті ағасының қоқан-лоқы жасамасы бар ма?! «Шыққан соң сені ғана емес, балаңды да өлтіреді. 7 жыл деген тез-ақ өте шығады» - дейді.

Мұны журналистер де көрді, түсіріп алды.

–Абай ауылындағы жағдай қалай? Ауылдастарыңыз не деп жатыр, шешімді қалай қабылдады?

–Ауыл халқы екіге бөлінген: бірі бізді қолдайды, түсінеді, енді бір топ сынға алып жатыр. Осыған бола бүкіл әлемді даурықтырғанымыз үшін бізге қырын қарады.Соттан кейін пәтеріміздің терезелері мен есіктерін сындырып кетті. Мұны істеген баланың ата-анасы екенін жақсы білеміз. Олардың отбасында ешкім жұмыс істемейді. Әкесі Абайдағы ішкіш адам еді, есірткіден қайтыс болды. Ал анасы ұлының кінәлі екеніне әлі де сенбейді, өздерінше әділеттілікке қол жеткізгілері келеді-мыс. Әрине, ана ретінде оны жақсы түсінемін. Әр ана баласын қызғыштай қориды. «Қарға баласын аппағым" деген қазақта сөз бар еме  пе?

Алайда 7 жастағы бала қалайша өтірік айтады? Тіпті өтірік айту дегенді де білмейді. Қалған екі баланың да отбасын білемін. Бірінің анасының аузынан арақтың иісі мүңкіп тұрады. Бірінің анасы да, әкесі де бар. Сотта олар мен жаққа бұрылып та қарамады. Мені "балаларына жала жапты" деп есептейді. Шынымды айтсам, "тым болмағанда бірі келіп кешірім сұрай ма?" деп үміттендім, бірақ көз қырларын да салмады ғой. Тіпті кінәлары дәлелденсе де, кешірім сұрамады. Мектеп директоры әлі де жұмыс істеп жүр, қарапайым мұғалім ретінде. Ол кісіні сотта да көрдім. Бізді сынағандардың қатарында болды. Істі басқа арнаға бұруға соңына дейін күресіп бақты. Баламызды біз сабағандай етіп көрсетпек болды. Бірақ біз баламызға саусағымыздың ұшын да тигізбегенбіз, психологтар да мұны растай алады.

–Сіз де Абай ауылында өстіңіз. Ол балалардың әрекетін түсіндіріп бере аласыз ба? Ауылда мұндай қатыгездік қайдан шыққан?

–Түсінсем бұйырмасын. Полиция барлық істі тыныш қана жауып отыратын. Менің балалық шағымда ондай қылмыс болмайтын. Ішіп алып, төбелесетін адамдарды да байқамайтын едік. Анам жергілікті цехта еден жуады. Інім Атырауда тұратын, жағдайды естіген соң бірден анамның жанына барды. Жалпы ауылда бәрі жұмыс істейді, бәлкім жастардың арасында жұмыссыздар бар шығар, білмедім.

Неге, дәл менің ұлым? Осы сұрақтың жауабын ұзақ іздедім. Мүмкін, ұлымда бәрі бар болғандықтан шығар. Жалғыз ұлым болғандықтан еркелетіп өсірдім, телефон да, жаңа велосипед те әпердім.

–Неге ұлыңызбен бірге Алматыда тұрмадыңыз?

–Ол кезде даяшы болғандықтан ақшам жетпейтін.

–Ұлыңыз дүниеге келгенде жасыңыз нешеде еді?

–23-те болдым. 18 жасымда тұрмысқа шықтым, бірақ ажырасып кеткенбіз. Одан кейін тұрмыс құрмадым, баламды өзім тәрбиелеп, жетілдіремін.

–Күйеуіңіз қазір қайда? Ұлының жағдайынан хабардар ма?

–Бұл сұраққа жауап бермей-ақ қойсам... Ең бастысы, ол ештеңе білмейді, білудің қажеті де жоқ.

–Бұл іске Зағипа Балиеваның қатысы жайлы өз аузыңыздан естігіміз келеді?

–Маған мына нәрсе әлі түсініксіз: неге ол ұлымды маған, өз анасына бермеді? Астанада ұлымды тартып алды, ал мен далада күтіп тұрдым. Ішке кіргенімде ұлыма қарай өткізбеді. Оған тыныштық керек екенін айтты. Тіпті күзетшілерді де қойып қойған. Анам – ескілеу адам ғой, бір адам жақсылық жасаймын десе, имандай сенеді. Сол себепті Зағипа Балиеваны жақтады. Ұлымды тығып ұстағандарынан күдіктендім, кейін анамды телевидениеге апарыпты. Не себепті?

Менен балам үшін «моральдық шығын талап етесіз бе?» деп сұрады. Ал маған ешқандай ақша керек емес, тек шындық үшін күресемін. Ұлым ер жетіп, менен бәрінің жауабын алуға тырысады, сол кезде шындық үшін шырылдағанымды айтамын. Алған бетімнен қайтпаймын.

Аударған: Гүлім Жақан

 

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

1 пікір

Гость 28 Қаңтар, 2019

Қоғамда барлығын әділетті шешу керек