• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

28 Наурыз, 18:59:19
Алматы
+35°

30 Қаңтар, 2019 Саясат

Венесуэла: Мадуро билікте алты ай ғана шыдауы мүмкін

Бүгінгі күні АҚШ қолдап отырған Хуан Гуаидоның  саяси амбициясы жоғары тұр

Ел астанасы Каракаста саяси текетірес өршіп тұр. Толас тапқан жоқ. Бір елде – екі президент. Бірі Николас – Мадуро, екіншісі – Хуан Гуаидо. Қазір екеуі де елде білгенін істеп жатыр. Гуаидоны АҚШ пен оның оннан астам одақтастары қолдайды және олар ықпалын ашық көрсетіп отыр. Ал Мадуроның жағында Ресей, Қытай бастаған  бес-алты мемлекет бар. Әзірге текетірес өршіп тұр.

АҚШ билігі Венесуэланың PDVSA мұнай компаниясының активіндегі 7 миллиард долларын бұғаттау туралы шешім қабылдады және аталған компаниямен келісімшарт жасауға тыйым салды. Оған жауап ретінде Венесуэла прокуратурасы АҚШ қолдап отырған кандидат Гуаидоның жолын кесті. Енді Ұлттық Ассамблеяның басшысы Гуаидо елден ешқайда шыға алмайды. Ал Англия билігі Мадуроның иелігіндегі алтындарды бұғаттады. Сөйтіп, қазіргі уақытта Мадуро мен Гуаидоның арасында қарама қайшы текетірес жүріп жатыр. Бірақ бұл қанша уақытқа дейін созылады? Бір айға, жоқ әлде бір аптаға ма? Бұған қатысты сарапшылар не дейді? Егер бұл жолы Николас Мадуро президент ретінде өз орнын сақтап қалса, онда мұны Ресейдің жеңісі деп болжам жасауға болар. Өйткені Венесуэла экономикасына  ресми Мәскеу 17 миллиард доллар ақша салған. Бұл елде сондай-ақ Қытайдың да мүддесі бар. Өйткені Қытайға мұнай керек.  АҚШ-тың да көздеп отырғаны – қара алтын.

Америкалық мемлекеттер ұйымының жаңа өкілі Густава Тарре «Қытай біздің елде бизнесін жүргізіп жатса, ал Ресейдің геосаяси амбициясы бар. Сондықтан Мадуроны барынша сақтап қалуға тырысады» деп мәлімдеді.  Анығына келгенде,  Венесуэладағы дағдарыстың басталғанына 9 күн болды. Бірақ басты әңгіме Мадуроның қаншалықты орнын сақтап тұра алатындығында. Ресей Ғылым академиясының Латын Америка институты директорының міндетін атқарушы Дмитрий Разумовский «Мадуро ұзақ уақыт орнын сақтап қала алады» дегенге сенбейді.

–Қысқа мерзім уақыт аралығында ол президент ретінде жұмысын жалғастыра береді. Бірақ ұзақ уақыт билікте болады деу сенімсіз. Қазір ол өзін сенімді сезініп отыр, өйткені электораттың жартысы оны қолдап отыр. Екіншіден, елдің қарулы күштері әлі Николас Мадуроның жағында,–дейді ресейлік сарапшы.

Бірақ Дмитрий Разумовский «ең ары кеткенде Мадуро алты ай ғана билікте шыдайды» деген пікірде. Ары қарай Мадуроның саясатын жалғастырушы адам билікке келуі мүмкін. Бірақ бұл болжамның жүзеге асуы қиындау. Бүгінгі күні АҚШ қолдап отырған Хуан Гуаидоның  саяси амбициясы жоғары тұр...

 

 

Берік Бейсенұлы

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір