• USD 378.65
  • EUR 430.07
  • RUB 6
  • CNY 55.1
26 Тамыз, 08:41:58
Қорықшылардың материалдық-техникалық базасы күшейтіледі

31 Қаңтар, 2019 Сұхбат

Қазақ тіліне судай мəскеулік Лиза мен Настя: Қазақ жігіті сөз салса, бас тартпаймын

Қазақ тілінде бір ауыз сөз білмейтін кейбір қазақ дөкейлерінен гөрі қазақша сайраған өзге ұлттың қыздарымен сұхбаттасуға асықтық

Бұл екі ару біздің қазақтың жүрегін бір видеомен-ақ жаулады. Мәскеуде тұратын Лиза мен Настя бүгінде Қазақстанға танымал болып үлгерді. Орыстың қос аруын танытқан олардың «Москва  қазақша» атты YouTube желісінде шыққан бейнематериалдары еді. Онда бойжеткен қыздар Мәскеудегі түрлі әсем көшелер мен ғимараттарды қазақ тілінде таныстырады. Қыздардың еңбегі үшін отандастары бастарынан сипалай қоймас, алайда Qamshy.kz ақпарат агенттігі мұны ерекше бағалады. Қазақ тілінде бір ауыз сөз білмейтін кейбір қазақ дөкейлерінен гөрі ана тілімізде сайраған өзге ұлттың қыздарын жанына жақын санадық да, сұхбаттасуға асықтық. Настя мен Лиза неге қазақ тілін таңдаған, қазақ тіліне деген махаббаттары қайдан пайда болды, осы және басқа да сұрақтарға жауап алдық. Екеуі де – Мәскеу мемлекеттік лингвистикалық университетінің студенттері.

Москва қазақша

Настя мен Лиза

Qamshy.kz: Неге қазақ тілін таңдадыңыздар? Неге қызықтыңыздар?

Елизавета Осипова: Университетте тілді біз таңдамаймыз, дегенмен біздің таңдауға қазақ тілі түскеніне қатты қуандық. Бұдан бұрын мен француз тілін үйреніп жүрдім. Кейін қазақ тілінің бай, әуезді екенін байқадым да, еріксіз ғашық болдым. Мен үшін қазақ тілі таза ауаның тынысындай...

Qamshy.kz: Қазақ тіліне деген махаббат қайдан пайда болды, мүмкін біреу себепкер болған шығар?

Анастасия Решетникова: Расында, қазақ тіліне махаббатымыз ерекше. Грамматикасы еуропалық тілдердің ешқайсысына ұқсамайды. Әрбір сөзінде үлкен тарих жатыр. Оның мағынасын түсіну қиын, бізді қызықтырып тұрғаны да осы.

Qamshy.kz: Тілді меңгермей, білмей жүрген кездеріңізде Қазақстан, қазақ тілі дегенде ойларыңызға бірінші не келетін еді?

Елизавета Осипова: Қазақстан, қазақ халқы жайлы ақпарат бізде болған жоқ десек те болады. Алғашқы сабақта Қазақстан дегенде көз алдыма дала, жайылып жүрген түйелер, сосын президент Нұрсұлтан Назарбаев елестеді. Мұны қазір ойласам, өз-өзімнен ұялып кетемін. Ал қазіргі уақытта біз мемлекеттің әлеуметтік, экономикалық жаңалықтарын, оқиғаларын бақылап отырамыз. Қазақстан туралы көп ақпарат жинадық.

Москва қазақша

Елизавета Осипова

Qamshy.kz: Қазақстанда болдыңыздар ма?

Анастасия Решетникова: Мен Қазақстанда үш рет болдым. Біріншісінде университетте бірге оқыған студенттермен бірге Алматыдағы аудармашылар конференциясына қатысып қайттық. Одан кейін қазақ тілі бойынша жарысқа бардым. Үшінші рет Астанадағы Еуразиялық ұлттық университетте тәжірибеден өттік. Бұл сапарларым Қазақстан туралы жетік білуіме себеп болды.  

Елизавета Осипова: Ал мен Қазақстанда болған емеспін, бірақ бару – үлкен арманым.

Qamshy.kz: Лиза, сіз бармаған екенсіз. Айтыңызшы, Қазақстан халқын қалай елестетесіз?

Елизавета Осипова: Қазақ халқы – өте қонақжай. Қонағының алдына бар жақсысын үйіп-төгеді. Халқы жайлы секілді. Барсам, өзімді өз үйімде жүргендей сезінетініме еш шүбәм жоқ.

Qamshy.kz: Қазақстан жайлы не білгілеріңіз келеді?

Елизавета Осипова: Мені Қазақстанның тарихы мен дәстүрі қызықтырады. Әр сабақ сайын ол мемлекет жайлы жаңа, бұрын-соңды естімеген ақпараттарды біліп жатамын, сабақ сонысымен қызықты өтеді.

Qamshy.kz: YouTube каналдарыңызда көбіне қазақтілді көрермендер қолдау көрсетіп жатады, ал Ресейде сіздердің қазақша блогтарыңызды қалай қабылдайды? 

Елизавета Осипова: Өткен аптада аудармашылар конференциясында Настя екеуміз жобамыз жайлы толығырақ айтып бердік. Қатысушылар бізді қолдады, жобамыздың креативті, болашағы зор екенін айтып қуантты. Отандастарымыз бізді қолдайды. Әрине, ризамыз!

Qamshy.kz: «Москва қазақша» қазір кәдімгідей танымал? Бұл блогты жүргізудегі мақсаттарыңыз қандай болды?

Анастасия Решетникова: «Москва қазақша» арқылы біз қазақстандықтарды Мәскеудің көрікті көшелерімен, қаланың тарихымен, мәдениеті және сәулет өнерімен таныстырғымыз келеді. Әрі ресейліктердің де қазақ тілін үйренуге деген ынтасын арттыруды мақсат етіп отырмыз. Осы жоба арқылы Қазақстан мен Ресейдің қарым-қатынасын нығайтсақ дейміз.

Москва қазақша

Анастасия Решетникова

Елизавета Осипова: Иә, бұл мәдени дипломатия сияқты...

Qamshy.kz: Танымал болып кетеді деп ойладыңыздар ма?

Елизавета Осипова:  Жо-о-оқ! Біз үшін көрерменнің ыстық ықыласы маңызды. Қалай қабылдайды деп қобалжыған едік, алайда бәрі сәтті шықты. Мұны видеодағы пікірлерден-ақ байқауға болады. Бұл жобаны бастағанымыз бекер емес деп ойлаймын. Қоғамға, халыққа пайдамыз тисе болғаны...

Qamshy.kz: Қазақ тілінен өзге тілдерді білесіздер ме? Қазақ тілін үйрену қаншалықты қиын болды?

Елизавета Осипова:  Жоқ, білмеймін, бірақ түрік тілін үйренгім келеді. Шыны керек, қазақ тілін үйрену өте қиын болды. Қиындық тудырғаны – қазақ тіліндегі жалғау. Орыс тілінен қазақ тіліне аударғанда калькаға салып кетемін. Оның үстіне акцент те қатты байқалады. Бірақ уақыт өте келе бұл олқылықтардың бәрін жеңемін деп сенемін. Қазақ тілінде бұлбұлша сайрайтын боламын.

Qamshy.kz: Қазақ тілінде қандай кітап оқыдыңыздар, қандай әндерді білесіздер? 

Анастасия Решетникова: Қазақ тілінде біз Абайдың, Мұқағали Мақатаевтің өлеңдерін оқыдық. Ал ең сүйікті əңдерім –  «Дудар-ай», «Аспанға қараймын», «Армандастар» және маған Son Pascal-дың әндері қатты ұнайды.

Qamshy.kz: Қандай ақын-жазушыларды және әншілерді білесіздер?

Елизавета Осипова: Бұл тізімінің көшін бастайтын әрине, Абай Құнанбаев. Мұқағали Мақатаевты, Мұхтар Әуезовті жақсы білеміз. Ал қазақ әншілерінен Әлібек Дінішев пен әлемге танымал Димаш Құдайбергенді білеміз әрі тыңдаймыз.

Qamshy.kz:  Қазақ достарыңыз көп пе?

Анастасия Решетникова: Мен Қазақстанға барғанда бірнеше қазақпен таныстым. Қазіргі уақытта желі арқылы ара-тұра араласып тұрамыз.

Елизавета Осипова: Менің де қазақ достарым көп. Алайда олармен Қазақстанда емес, өзге мемлекеттерде танысыппын. Мәселен, Ұлыбританияда Регина деген алматылық қызбен таныстым. Екеуміз – жақын достармыз.

Qamshy.kz: Жақындарыңызға қазақ тілін үйретесіздер ме?

Анастасия Решетникова: Әрине, мен ғана емес, жақындарым да тілге қызығады. Ата-анам кей сөздерді білсе де сөйлем құрай алмайды. Сонда да тырысады. Менің қазақша сөйлегеніме қызығады.

Елизавета Осипова: Қазақ әндерін тыңдайтын достарым көп. Олар да кейбір сөздерді біледі. Оған ықпалымның тиіп жатқанына тек қуаныштымын.

Qamshy.kz: Болашақтарыңызды қазақ тілімен байланыстырасыздар ма?

Елизавета Осипова: Иә, әрине! Менің дипломат болғым келеді. Магистратураның екінші курсында оқып жүргенімде Ресей Сыртқы істер министрлігінде тәжірибеден өттім. Болашақта Ресей мен Қазақстан арасындағы достық қарым-қатынасты нығайту үшін жұмыстар атқарғым келеді. Және қазақ тілін үйренгісі келетін студенттер мен қазақстандықтар үшін басқа да қызықты жобалар жасауды армандаймын.

Qamshy.kz: Жалпы қазір не істеп жүрсіздер, қайда жұмыс істейсіздер?

Анастасия Решетникова: Қазір мен ақпарат агенттігінде тілші болып жұмыс істеймін.

Елизавета Осипова: Мен сарапшы болып жұмыс істеп жүрмін. Кей-кездері аудармамен айналысамын.

Qamshy.kz: Қазақ жігітіне тұрмысқа шығар ма едіңіздер?

Елизавета Осипова: Өмір тосын сыйларға толы ғой. Алда не күтіп тұрғанын білмейсің. Қазақстанда бірнеше күн тұруға қарсы болмас едім. Ал қазақ жігітіне келер болсақ, махаббатта ұлтқа бөлінушілік болмау керек. Тағдырыма қазақ жігітін жазса, бас тартпаймын. Тіпті ол жігіт өзге ұлт өкілдерінен болса да ең бастысы - сүю. 

Qamshy.kz: Сұхбаттасқандарыңызға рақмет! Әр істеріңізге береке берсін!

Сұхбаттасқан: Гүлім Жақан

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір