• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 12:35:04
Алматы
+35°

01 Ақпан, 2019 Спорт

Гимнастикадан қос Олимпиада чемпионын баптаған Едіге Жаровтың хаты

1987 жылғы Еуропа чемпионатында Люкин дүние жүзі бойынша еркін жаттығуда үш мәрте сальтоны бірінші болып жасап, құрлық чемпионы атанды

Қадірлі бауырлар, спорттық  гимнастикадан Совет одағының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, 1988 жылғы Сеул олимпиадасының 2 дүркін жеңімпазы, әлемнің бірнеше мәрте чемпионы Валерий Люкиннің  жаттықтырушысы қазақ маманы Едіге Жаровпен хабарласып, ол кісінің өз қолымен жазылған хатын сақтап отырмыз. Едіге Нұрмаханұлы – Халықаралық гимнастика федерациясы (ХГФ) техникалық комитетінің мүшесі, ХГФ жанындағы жаттықтырушылар академиясының бас сарапшысы, Канада гимнастикасы тарихында Олимпиада чемпионын  дайындаған тұңғыш бапкер. Едіге Жаров спорттық гимнастикадан бірнеше жыл Канада ұлттық құрамасының бас бапкері болып қызмет істеді. Канадаға көшкенге дейін Франция гимнасшыларын жаттықтырды. Қазір Едіге Нұрмаханұлы АҚШ-та тұрады. Енді алыстағы ағамыздың хаты негізінде әзірленген жазбаға назар салыңыздар:

«Мен, Едіге Жаров, қазақпын! 1952 жылы 19 қаңтарда Алматы облысының Нарынқол ауылында дүниеге келдім. Әкем Нұрмахан Жаров  1930 жылы Нарынқолда дүние есігін ашып, 1957 жылы өмірден озды. Анамның аты-жөні – Нұри Салауатқызы. Әкем қайтыс болған соң Алматыға, әжеміздің қолына көшіп келдік. Анам әкей өмірден өткен соң тұрмыс құрған жоқ. Біздің бар ауыртпалығымызды қайыспай көтеріп, 2007 жылы дүниеден өтті.

   11 жасымнан спорттық гимнастикамен шұғылдандым. Мені гимнастика залына ертіп келген Александр Георгиевич Калиш болатын. Шыны керек, гимнасшы ретінде биік белестерге жете алған жоқпын. Бірақ бапкерімнен көп нәрсе үйрендім. Гимнастиканың әліппесін көкейге тоқыдым. Екінші қазақ ғарышкері, батыр бауырымыз Талғат Мұсабаев біздің топта болды.

  ... Әлі есімде, республикалық жарыста жұқалтаң келген сары бала көзіме оттай басылды. Валера сол сында жеңімпаз да, жүлдегер де болған жоқ. Бірақ  ойлы, өжет қимылымен мені баурап алды. Әр жаттығуға жан-тәнімен беріліп, мінсіз атқаруға тырысады. Көзіне қарасам, ой тұнып тұр екен. Гимнастикаға бейімін, жылдамдығын, үйлесімді қимылын байқап, іздегенім осы бала деп түйдім. Содан жарыс біткен соң республикалық «Спартак» ерікті спорт қоғамының төрағасы  Мәжит  Омарғалиевқа барып, Ақтөбеде Валера Люкин деген бала тұратынын, сол баладан болашақта мықты гимнасшы шығуы мүмкін екенін айтып, іссапарға жіберуін өтіндім. «Баланың жасы нешеде?» – деп сұрады Омарғалиев. «Шамамен 10-11-де», – дедім. Мәжит аға:«Өзіңе сенсең, ішкі түйсігің алдамаса, барып қайт», – деді.

Едіге

  Ұшақпен Ақтөбеге келіп, гимнастика залын тауып алдым. Сол күні Валераның ата-анасымен кездестім. Баланың болашағы Алматыда екенін, егер ол кісілер рұқсат берсе, Валераның біздің үйде тұратынын, баланың бар жауапкершілігі менің мойнымда болатынын жеткіздім. Жұдырықтай баланы  жер түбіндегі  Алматыға, бейтаныс  бапкерге  жетектетіп жіберу қай ата-анаға оңай тисін. Ұзақ сөйлестік. Мен алған бетімнен табандап, қайтпай қойдым. Сол кезде небары 25-те екенмін, бір отбасының 11 жастағы  әлпештеген  баласын  қасыма  алуға қалай тәуекел еттім, тұтас бір отбасының жауапкершілігін қалай ғана мойныма алдым, деп кейде өзіме-өзім сұрақ қоямын.

 1977 жылдан бастап Валерий Люкин біздің үйде тұра бастады. Анам ас-суын әзірлеп, киім-кешегін жуып береді. Мектепке өзім алып барамын, мектептен  гимнастика залына бірге барамыз. Үйге бірге қайтамыз. Күніне 6-7 сағат тер төгеміз. Валера менің жаттығу жүйеме тез бейімделді. Жаттығудың ауырлығына мойыған жоқ. Тез көндікті.

Едіге

  Қазақстан біріншіліктерінде бірнеше мәрте топ жарған біздер 1980 жылы Тольяттиде  өткен  Совет одағының  жастар чемпионатына қатыстық. Шынын айту керек, бұл бәсекеге бәйге алу үшін барған жоқ едік.    Күтпеген жерден Валерий  Люкин одақ  чемпионы  атағын жеңіп алды. 

   1984 жылы Ташкентте мектеп оқушыларының Бүкілодақтық спартакиадасы өтті.  Осы Спартакиадада Ресей, Украина, Белоруссия, Армения, Грузия құрамаларын басып озуды мақсат тұттық. Бұған дейін Қазақстан құрамасы бұл елдердің алдына түскен емес.

   Маңдай теріміз ақталып, біздің гимнасшылар командалық және жекелей есепте одақтың бас бәйгесін жеңіп алды. Люкин спорт шеберлері арасында топ жарды.

1986 жылы советтің ұлттық құрамасының оқу-жаттығу жиынына қатыстық. Осы жиын соңында одақ бас бапкері Леонид Аркаев Люкинге көңілі толғанын, бірақ Валерийдің сырт көзге тым балаң көрінетінін айтты. Шынында  да, 20 жастағы Люкин 16-дағы бозбала тәрізді еді. «Келесі жиынға еркін жаттығуда үш мәрте сальто жасауды меңгеріп келіңдер», – деді  Аркаев. Бұл – оңай шаруа емес еді. Біздің басты қарсыласымыздың  бірі  қытайлықтардың  осы жаттығуға құлшына кіріскенін естігенбіз. Күн тәртібіндегі ендігі мәселе: халықаралық жарыста бұл жаттығуды кім бірінші орындайды? Совет одағы ма, Қытай ма?

1987 жылғы Еуропа чемпионатында Люкин дүние жүзі бойынша еркін жаттығуда үш мәрте сальтоны бірінші болып жасап, құрлық чемпионы атанды. Бұл жаттығу және біздің басқа да тың жаңалықтарымыз халықаралық ережелер кодексіне «Liukin» элементі болып тіркелді. Сол чемпионатта Валерий 5 алтын, 1 күміс, 1 қола медальға ие болып, Еуропаның абсолютті чемпионы атағына қол жеткізді.

987 жылы Валерий одақ  чемпионатында көпсайыста жеке-дара шықты. Әлемге  әйгілі  Дмитрий  Билозерчев, Валентин Могильный, Юрий Королев секілді  мықтылар менің шәкіртіме  жол беруге  мәжбүр болды. Осы жерде  Валераның  басты  қарсыластарына  тоқтала кетейін. Дмитрий Билозерчев  1983,1987 жылдардағы, ал Юрий Королев 1981,1985 жылдардағы әлемнің абсолютті чемпиондары. Валентин Могильный да әлем чемпионы.

Сол жылы Роттердамдағы әлем чемпионатына Валерий совет құрамасының  көшбасшысы  болып  барды. Қонақ үйге орналасқан бойда әр елден келген журналистер Люкинді қоршап алды. Спорттық жолымыздағы алғашқы әлем чемпионатына нағыз бабымызда келген едік. Ертең жарыс деген күні жаттығу залында біраз тер төктік. Жаттығу соңында Валера «Цукахара» элементін екі рет жасап, «ұстаз, тағы бір секірсем қалай болады?»,- деді. Қарсы болған жоқпын. «Цукахара» әдісімен секірген Валера дік етіп түскен жерінде тұрып қалды. Ойымда ештеңе жоқ, «Валера неғып тұрсың, кешкі асқа барайық», дедім. «Жарысқа қатыса алар ма екенмін», - деді Валера  барынша  сабыр  сақтап. «Жүр, кеттік», - дедім әлі де ештеңеге түсінбей. «Жүре алмаймын». Аяғына қарасам, тобығы көз алдымда бұлтиып ісіп шыға келді. Маңдайға жазылған бейнеттен қалай қашып құтыласың. Роттердамдағы әлем чемпионатында Люкин жарақатына қарамай  2  алтын, 1 күміс медальді жеңіп алды.

...Сеул олимпиадасында Валерийге бұйырғаны - 2 алтын, 2 күміс медаль.

... 2004 жылы Афины олимпиадасына Канада құрамасын бастап бардым. Сол бәсекеде шәкіртім Кайл Шифелт еркін жаттығуда Олимпиада чемпионы атағын жеңіп алды. Шифелтке дейін Канада тарихында гимнастикадан Олимпиада чемпионы болған жоқ».

Едіге

Едіге

Қыдырбек Рысбек

Nazerke Labihan

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір