• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

17 Сәуір, 00:38:10
Алматы
+35°

04 Ақпан, 2019 Тәлім мен тәрбие

30 жастағы келіншектен 20 жастағы бойжеткенге 20 кеңес

30 жастағы келіншектің он жыл бұрын өзгеден естігісі келген 20 кеңесі

     Әр адам өзінің қанша жыл өмір сүретінін білмейді. Алда не күтіп тұрғаны да беймәлім. Әр адамның бір айтары бары – анық. Отызға келіп орда бұзбасам да, оңды-солымды біраз танып, ақ-қараны бір кісідей ажыра алатын жасқа келдім. Егер маған он жыл бұрын біреу денсаулығыңды күт деп айтса, дәл қазіргідей «кішігірім» қиындықтар болмас еді. Егер біреу он жыл бұрын маған кітаптар оқып ал, "өйт-бүйт" деп азын-аулақ кеңестерімен бөліссе, бірін ескермесем де, бірін ескеретінім, ол енді анық.

   Ендеше, "бүгінде ізімнен келе жатқан сіңлілеріме пайдасы  тиер" деп, өзім бастан өткізген, тәжірибеден өткен, ойымда жүрген кеңестеріммен бөлісуді жөн санадым...

  1. Денсаулығыңды күт. Әсіресе, тісіңді. Деніңнің сау болғаны - өзіңнен өзге ешкімге керек емес.
  2. Көз көріп, қолға ілініп, тіс батқанды жей берме. Талғап, таңдап же. Деніңнің саулығы тікелей не жейтініңе байланысты.
  3. Білім ал. Ізден. Талма. Қай заманда да тек білімді озады.
  4. Маубас болма. Ұйықтайтын жаста емессің. Ұйқыға уақыт табылар, бірақ уақыт сені күтпейді.
  5. Тіл үйрен. Ол білім көп нәрсеге есік ашады.
  6. Өзіңді, мүмкіндігіңді түрлі салада байқап көр. Өзіңді табуға, ішкі «меніңді» қанағаттандыруға тырыс. Бәлкім, амалсыздан ұстаз болып жүрген керемет сәулеткер шығарсың?
  7. Кең бол. Жақсылық та, жамандық та қайтады. Кейде тіпті еселеніп...
  8. "Жақсы жар нәсіп ет" деп, жақсы жар болуға ниеттеніп жүр. Лайықты жігіт кездесіп, ұсыныс жасап жатса, бас тартпа. Ерте тұрмыс құру - қыз бала үшін қай тұрғыдан да жақсы!
  9. Спортпен шұғылдан. Тым құрығанда, күнде таңертең 10-15 минут жаттығу жасауды әдетке айналдыр.
  10.  Дінді тікелей өміріңе араластыр. Құлшылығыңды түзесең, тіршілігің түзелері хақ!
  11. Тек жұмыртқа қуыра білу – тым аз. Қашан, қандай адамға тұрмысқа шықсаң да, ол жанның тамақ жейтіні – айдан анық. Дайындай білетін тағамдардың тізімін көбейт.
  12. Жан-жақты бол. Ас бөлмесіндегі дастарқанның бір шетінде компъютерің қосылып, бір шетінде қамырың жайылып, орындығыңда тоқымаң тұратын келіншек болуың керек... Әйел қырық жанды деген сол.
  13. Көкейіңде жүрген кітаптарды оқып ал. Кейін уақытың болмайды. Жеке кітапханаңды толтыра бер... Түбі керек болады.
  14. Әке-шеше, бауырларды жиі ізде, жиі кездес. «Бір тумақ бар, бір жүрмек жоқ». Кейін өлердей сағынатын боласың... тіпті қарапайым отбасылық кешкі асты да... Жалғанда сені бар күйіңде туғаныңнан артық ешкім жақсы көрмейді. Қалғанының бәрі түбі «сатып» кетеді.
  15. Көштен қалма. Техниканың қай түрі болсын үйренуге, игеруге тырыс.
  16. Арзан көп заттан көрі, сапалы бір зат алуды үйрен. Көрсеқызар болма.
  17. Ақшаңды үнемдеп, жинап үйрен. Қай заманда да керек әдет.
  18. Әр жылы туған елдің көрікті бір жеріне баруды мақсат қой. Шетелге кейін жолдасыңмен барасың.
  19. Өз-өзіңе күтім жасауды бүгіннен, дәл қазірден баста. Ертеңге қалдыра берме. Ертең бүгіннен соң кешеге айналады. Демек, оралмайды... Жыл сайын қартайып бара жатқаның - ақиқат.
  20. Осы жазылғандарға атүсті қарамай, бәрін болмаса да, бірен-саранын жадыңда сақтап ал. Сонда "неге осыны дер кезінде маған ешкім айтпаған" деген кішігірім өкініште болмайсың. Сондықтан, бәріне бүгіннен талпын...

Мақпал Сембай

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір