• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 02:14:50
+35°

04 Ақпан, 2019 NEWS

"Бұл қайғылы оқиға біздің де қабырғамызды қайыстырып кетті..."

Астана қаласының әкімі Бақыт Сұлтанов бес бала қайтыс болған өрттің мән-жайын анықтауды талап етті

Астанада жеке үйлердің бірінде болған жойқын өрт салдарынан 5 бала қаза тапты. Жантүршігерлік оқиғаның салдарынан орны толмас қазаға ұшырған отбасыға "Нұр Отан" партиясының бірінші хатшысы Мәулен Әшімбаев көңіл айтып, дәл қазір оларға қолдау көрсету керектігін жеткізді, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі.

"Астанадағы үйлердің бірінде тілсіз жаудың зардабынан болған қайғылы оқиға біздің де қабырғамызды қайыстырып кетті.

Қапыда көз жұмған балалардың ата-аналарына орны толмас қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамыз.

Қайғы бөліссе, азаяды. Сондықтан дәл қазір сөзбен айтып жеткізе алмайтын ауыр қайғыға душар болған ата-анаға демеу болып, қолдау көрсетудің маңызы зор", - дейді Мәулен Әшімбаев.

Сондай-ақ, Астана қаласының әкімі Бақыт Сұлтанов бес бала қайтыс болған өрттің мән-жайын анықтауды талап етті.

Әкімдіктің баспасөз-қызметіндегілердің хабарлауынша, зардап шеккен отбасыға қаржылай көмек көрсетіледі. Бақыт Сұлтанов «Көктал-1» тұрғын алабында орын алған қайғылы жағдайға байланысты шұғыл жиын өткізді.

«Осы жағдайға душар болған отбасына қайғыра көңіл айтамын. Қала басшылығы оқиға орнында болды, қаза тапқан балалардың ата-анасымен психологтар және әлеуметтік қызмет мамандары жұмыс істеуде. Зардап шеккен отбасына қалалық әлеуметтік қорғау басқармасы тарапынан материалдық көмек көрсетіледі. «Сарыарқа» ауданы әкіміне жерлеу рәсімін ұйымдастыруды және отбасына уақытша баспана беруді, жанған үйді тез арада қалпына келтіру үшін қаражат бөлуді тапсырамын», - деді қала әкімі.

Өз кезегінде, ТЖД бастығының міндетін атқарушы Марғұлан Аманбаев, осыған дейін «Көктал-1» тұрғын алабында өрт және басқа да төтенше жағдайлар болдырмау үшін профилактикалық жұмыстар жүргізілгенің айтты. «Сол кезде ТЖД –нің қызметкерлері бұл үйге барған, олқылықтарды жою үшін ескертпе берілген», - деді Аманбаев.

Бақыт Сұлтанов аудан әкімдері мен төтенше жағдайлар департаменті және полицияға бірлесіп дереу жеке сектордағы әр үйге барып өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау тұрғысында тексеріс, түсіндіру жұмыстарын жүргізуді талап етті.

«Бұл сіздердің тікелей жұмыстарыңыз, мен әрқашан айтып отырмауым керек! Баяғыда жүргізу керек еді, міндетті түрде қайғылы оқиғаны күтесіздер ме?! Бұл ТЖД-нің қателігі. Сіздер жеке секторда тұратын әр адамды жекелей тануларыңыз керек», - деді ол.

Қала әкімі құзыретті органдарға болған жағдайдың барлық мән-жайын анықтауды тапсырды. 4 ақпан күні түнде «Сарыарқа» ауданындағы «Көктал-1» тұрғын үй алабында өрт шығып, онда жеке үйдің аумағындағы шағын үй өртенген. Өрт салдарынан 2006, 2009, 2014, 2016, 2018 жылы туған бес бала қайтыс болды. Ең кішісі небәрі үш айда болған.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір