• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

23 Сәуір, 16:51:07
Алматы
+35°

04 Ақпан, 2019 Денсаулық

Жүкті әйелдерге ораза ұстау міндеттелген бе?

15 күн үзбей ауыз бекіткен Ләззат Сапарғалиқызы Рамазан айының 16-күні не себепті оразасын бұзуға мәжбүр болды?

Жүктілік – әйелдің өміріндегі ең керемет уақыттардың бірі. Бірнеше айдан кейін Ана болатыныңды сезінудің өзі ғажап. Алайда ғажап сезімге беріле бермей, жүкті кезде аса үлкен жауапкершілікті арқалау тағы бар. Ана құрсағында жатқан 9 ай мен баланың ер жетіп не бой жетуіне дейінгі өмірі ата-ананың мойнында. Осы тұста Qamshy.kz ақпарат агенттігі жүкті әйелдерді жиі мазалайтын сұрақтардың біріне тоқталмақ. Биылғы Рамазан айы мамырдың басына келіп тұр. Бұл айда барша мұсылман Алланың 5 парызының бірі ораза ұстай бастайды. Ал жүкті әйел қайтпек? Ораза ұстау жүкті әйелге міндеттелген бе?  

Жүкті кезінде ауыз бекіткен Ләззат...

Ол үшін алдымен құрсағында сәбиі болса да ораза ұстаған әйелмен тілдестік. 15 күн үзбей ауыз бекіткен Ләззат Сапарғалиқызы Рамазан айының 16-күні не себепті оразасын бұзуға мәжбүр болды?

«Балама 4 ай болғанда 15 күн бойы үзбей ауыз бекіттім. Сөйтіп 15-ші күні УДЗ-дан өткенімде дәрігер баламның мүлдем дамымай жатқанын, тіпті 200 граммға дейін салмақ жоғалтқанын айтты. Шыны керек, қатты қорықтым, себебі баламның түсіп қалу қаупі жоғары еді. Дәрігерге ораза ұстап жүргенімді айтпадым, алайда ол «дұрыс тамақтанбайсың, ет көп же!» деп маған жақсылап ұрсып алған еді. Рамазанның 16-шы күні аузымды ашып, 9 айға дейін тек жүзім жеумен болдым. Себебі жүзім – калориясы жоғары жемістердің бірі. Еттің орнын жүзіммен толықтырғым келді.

Жалпы ораза ұстарда дәрігерлермен кеңеспедім, тек күйеуім «балаға зиян тимесе, ұстай бер» деп өз рұқсатын берді. Оның үстіне 30 күн ораза ұстап, аман-есен баласын босанған әйелдерді өз көзіммен көрдім, солар да әсер еткен болуы керек. Негізінде Құранда да, Пайғамбар (с.ғ.с) хадистерінде де жолға шыққан жолаушылар мен жүкті әйелдер оразадан босатылғаны айтылады. Мүмкіндігі болғанда қарызын өтеуге болады. Мен де баламды дүниеге әкеліп, емшектен шығарғанда қалған 15 күнімді өтедім. Ал келесі жүктілігімде ораза ұстаған жоқпын», - деді жас ана Ләззат Сапарғалиқызы.

Гинекологтың кеңесі...

Алматы орталық отбасылық емханасында жұмыс істейтін I дәрежелі гинеколог маман Жайлауова Анар Рысқұлқызы жүкті әйелдерге ораза ұстамауға кеңес береді.

«Гинеколог ретінде жүкті әйелдерге ораза ұстамауға кеңес беремін. Себебі, біріншіден, таңнан кешке дейін аш жүру ананың денсаулығына кері әсер етеді. Бауыры, бүйрегі, асқазанына зиян келеді. Суы азаяды, дәрумендерінің мөлшері төмендейді. Гемоглобині, яғни қан мөлшері төмендейді. Қаны төмендеген адам әсте әлсірейді. Бұл процестер ұйқының бұзылуына, мазасыздық күйге әкеліп соғады. Ал жүкті әйелдерге уақытылы ұйықтап, тыныққан жөн.

Ал ана ішіндегі баланың өсуі қабілеті төмендейді. Ондайды медицинада «жетілмеу синдромы» («синдром задержки») деп атайды. Сәби мүлдем салмақ қоспайды, тіпті салмағы азаюы мүмкін, себебі дәрумендерді уақытылы қабылдамайды. Ананың бойында су жетіспегендіктен, бала тұншығады.

Өз тәжірибемде ораза ұстаған жүкті әйел болған жоқ. Алайда көбі кеңесетін. Ондайда мен ұстамауға, өзіне ыңғайлы уақытта қарызын өтеуге кеңес беремін», - деді Анар Рысқұлқызы.   

Шариғат не дейді?

Құрсақтағы немесе емізулі балаға зияны тиеді деп қауіптенген (жүкті не емізулі) анаға Рамазан оразасын тұтпай кейінге қалдыруына рұқсат. Бұл туралы Асыл арна телеарнасының ресми сайты жазған еді.

Әнастан (оған Аллаһ разы болсын) Аллаһтың Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқаны хабарланады: «Ұлы әрі Құдіретті Аллаһ сапардағыларды оразаның ауыртпалығынан және намаздың жартысынан, ал жүкті және емізулі әйелдерді оразаның ауырпалығынан босатты». Әт-Тирмизи 715, Абу Дауд 2408, ән-Нәсаи 2277.  Имам Абу Иса әт-Тирмизи хадисті хасан деді, ал шейх әл-Әлбани оны сахих деп атады.

Жүкті және емізулі әйелдер өздері немесе балалары үшін қауіп сезінсе, оразасын тоқтата алады. Алайда, егер олар ораза ұстай алса, онда оларға оразаны қалдыруға тыйым салынады, өйткені Аллаһ Тағала: «… ал сендер үшін ораза ұстау жақсырақ, сендер білсеңдер еді!» (әл-Бақара 2: 183), – деді.

Ол үшін ең алдымен, парызын өтегісі келетін жандарға бала және өз денсаулығы жөнінде дәрігермен кеңесіп алған жөн. Егер, қорқатындай ешнәрсе болмаса ораза ұстау міндеттелінеді.

Gulim Zhaqan

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір