• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 06:01:14
Алматы
+35°

04 Ақпан, 2019 Фото-баян

Кристиан Диордың музасына айналған қазақ қызы кім? (видео)

Қазақтың қызы өзінің қылдай жіңішке белімен көзге түскен. Оның белі – 47 см.

Әлемге танымал Dior брендін естуіңіз бар ма? Кристиан Диор - дүниежүзіне танымал Dior брендінің авторы. Аталмыш брендтің атымен киім-кешек, әшекей бұйымдар, косметика мен иіссулар, мобильді телефондар өндірістен шығады.

Кристиан Диор 1905 жылдың 21-қаңтарында Францияның солтүстік батысындағы Гранвиль қалашығында дүниеге келген. Кристиан Диор 6 жасқа толғанда отбасымен бірге Париж қаласына көшеді. Бірде цыған әйел Кристиан Диордың болашағын болжап, Диордың әйелдердің арқасында көл-көсір байлық пен атақ-абыройға кенелетінін айтқан. Алайда 14 жастағы жігіт цыған әйелдің сөзіне сенбепті. Кристиан Диордың отбасының жағдайы жақсы еді. Әке-шешесі бар кезде Кристиан Диор ештеңеден таршылық көрмеді. Олардың айтуымен дипломат болуға дайындалып жүрді. Жаны қаламаған мамандықта оқығысы келмеген Кристиан Диор шығармашылық пен оқуды қатар алып жүруге тырысты. Ол өзінің досымен бірге суреттер галереясын ашты. Осылай Диордың шығармашылық жолы басталды.

Кристиан Диор

Алайда 1930 жылы Диордың анасы қатерлі ісіктен қайтыс болып, әкесі туберкулез ауруына шалдығады. Ол біраз уақыттан кейін көк тиынсыз қалды. Диор ауыр қазадан кейін өз-өзіне келіп, шығармашылық жолын жалғастыруды ойлайды. Кристиан күнделікті нәпақасын табу үшін өзінің суреттері мен эскиздерін сатады. Диордың суреттері танымал Роберт Пигенің көзіне түсіп, жаңа жұмысқа орналасып, араға бірнеше жыл салып Диор өз атымен сән үйін ашты. Сөйтіп 14 жасында болашағын болжап берген цыған әйелдің сөзі шындыққа айналды.

Диордың аты шартарапқа танылған кезде әлемдегі «мен» деген талай қыз Dior сән үйін түсінде көрген. Кристиан Диордың қоластында модель болу үшін көптеген қыз кастингке келеді. Бірақ Диордың музасы қазақтың қызы болды.

Диордың музасына айналған Алла Ильчун кім?

Аңызға айналған Кристиан Диордың сүйікті моделі Алла Ильчун Dior сән үйінде 20 жылға жуық қызмет етеді. Қазақтың қызы өзінің қылдай жіңішке белімен көзге түскен. Оның белі – 47 см.

Алла Ильчун

Алла Ильчун туралы білетіндердің көбісі оны қазақтың күлше қызы деп атайды. Ресторанда ыдыс жуып жүрген қазақ қызы ойламаған жерден танымал моделге айналады.

Алла Ильчун

Алла Ильчунның әкесі Жуанхал Ильчун Алматы қаласында тұрған, байдың ұлы болған. Жуанхал темір жол мамандығын тәмамдап, атақты Түркісіб құрылысын жүргізуге де атсалысқан. Кейін ол Қытай еліндегі Харбин қаласына іссапармен барады. Іссапар кезінде Ресейдің боданында болған Харвин қаласында 16 жастағы болашақ жарын кездестіреді. Алла Ильчунның анасы Татьяна опера әншісі болған. Жуанхан мен Татьянаның жас айырмашылығы - 13 жас. Үйленгеннен кейін Алла есімді қыз өмірге келеді. 1917 жылы революция болғандықтан олар бірнеше жыл бойы Харвин қаласында тұрады. Араға жылдар салып Харвин қаласындағы билікті қытайлар қайтарып алып, Алланың отбасы Парижге қоныс аударады. Алайда қоныс аудару кезінде Алланың әкесі қызы мен әйелін кемеге отырғызып үлгерген. Содан кейін Жуанхан із-түссіз жоғалған. Бір дектерге сүйенсек, Жуанхан Қарағанды қаласындағы ГУЛАГ-та болыпты.

Алла Ильчун

Парижге келген Алланың анасы біраз уақыт жұмыс таба алмаған. Оны Шанхайдағы дипломымен еш жерге жұмысқа алмайды. Бірнеше уақыт өткен соң ол шығармашылығымен ғана күн көре алатынын түсінеді. Бағы жанған ол Париждегі консерваторияға оқуға түседі. Кейін ол Париждегі орыс қоғамдастығында өнер көрсетіп, ресторандарда ән айтып, күн көреді. Алла болса, ресторанда ыдыс жуып нәпақа табады. Оның анасы екінші рет тұрмысқа шықты.

Алла Ильчун

Алла Ильчун қалай танымал моделге айналды?

Алланың қасында бірге жұмыс істейтін құрбысы модель болуды армандайды. Бірде ол Dior сән үйіндегі кастингке баратынын айтады. Алайда кастингке баратын кезде ол ауырып қалып, "Аллаға менің орныма барып келші" деп өтініш жасайды. Алла Ильчун кастингке барғанда тек бірнеше жұмысшыларды ғана көреді. Әлгі жұмысшылармен әңгімелесіп, құрбысы «кастинг күнін немесе мекен жайын шатастырған болар» деп кетіп қалады. Арада бірнеше күн өткесін Аллаға Диордың хатшысы қоңырау шалып, Dior сән үйінде жұмыс істеуге шақырады. Сөйтсе, әлгі жұмысшылардың ішінде атақты Кристиан Диордың өзі болған. Сол күні Алла Кристиан Диордың көзіне қылдай жіңішке белімен көзге түсіпті.

Алла Ильчун

Кристиан Диорға Алланың дене бітімі, көзқарасы ерекше шабыт сыйлаған. Тіпті Диордың Алланың ауыр мінезіне 20 жыл бойы шыдаған деген де деректер бар. Алла Ильчунды көпшілік Шығыстың маржаны, Диордың бойтұмары, Диордың музасы деп те атаған.

Алла Ильчин өте нәзік әрі қылықты болған. Оның бас формасы мен қысық көзі оның сұлулығын одан сайын ерекшелендіре түсетін. Ол подиумға шығып, таныла бастаған кезде барлық қыздар Алла Ильчун секілді болуға, сол секілді боянуға тырысатын.

Алла Ильчун

Қазақ қызы подиумға шыққан кезде италиялық сәнқойлар Алла Ильчунға қызғана қараған. Тіпті италиялық сұлулардың көзінен қызғаныш пен жеккөрушілік ашық көрінген.

1950 жылдары қазақ қызының аты танымал әнші, актрисалармен қатар аталған.

Алла Ильчун

Алла Ильчун саясат және экономика ғылымының докторы Марк де Дюлмень есімді поляк жігітіне күйеуге шығады. Ғалым болғанымен, ол Диордың қоластында фотограф болып қызмет еткен. Олар фотосессия кезінде танысып, отау құрыпты.  Одан Алла Марк есімді бір ұл дүниеге әкеледі.

Қазақ қызы бетіндегі әжімі көзге түсе бастаған кезде карьерасын аяқтауға бел буады. Себебі, ол өз жанкүйерлерінің есінде әдемі, сұлу күйінде қалғысы келді. 20 жылдың ішінде оның қыпша белі 49 см шамасында болған.

Алла Ильчун

Бір өкініштісі Алла Ильчунның қашан, қайда қайтыс болғаны туралы ақпарат жоқ.  2018 жылдың жазында Франциядағы қазақстандықтар ассоциациясының басшысы Берлин Иришев Парижден Алла Ильчунның портретін кездейсоқ көріп қалған. Аталмыш портретті Францияға танымал Леон Зейтлен атты суретші салыпты. Алла Ильчунның портретін Берлин Иришев сатып алады. Кейін қазақстандықтар қазақтың күлше қызы туралы білсін деген ниетпен Алматыға әкеліпті. Қазір сурет Алматы қаласында сақталған. Берлин Иришев арада біраз уақыт өткен соң Алла Ильчунның ұлын іздеп табады. Олар қазақ қызы туралы фильм түсіруді жоспарлап отыр. 

Әсел Болатқызы

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір