• USD 378.65
  • EUR 430.07
  • RUB 6
  • CNY 55.1
19 Тамыз, 13:21:47
Әкімдік қызметкерлері мен БАҚ өкілдері арасындағы аладоп аламаны

04 Ақпан, 2019 Айтты-ей, бауырың!

"Бейкүнә балалардың ыстық оттан өлуін емес, анасының ыстық құшағында өсуін қалаймын"

Бүгін түнде періштеге айналған 5 балапанның ата-анасы соның қамымен жүрді

Астанада жеке үйлердің бірінде болған жойқын өрт салдарынан 5 бала қаза тапты. Бүкіл жұртшылықты есеңгіреткен жантүршігерлік оқиғаға байланысты әлеуметтік желі қолданушылары түрліше пікір білдіріп, қайғылы жағдайға тап болған ата-анаға көңіл айтып жатыр.

Qamshy.kz ақпарат агенттігі әлеуметтік желіде қызу талқыға түскен қазалы оқиғаға байланысты айтылған пікірлердің бір шоғырын назарларыңызға ұсынады.

Халима Тәжіқұл: «Бес баланың өлімі туралы байқап жазыңыздаршы, әке-шешені кінәлаудан аулақ болайықшы, жараға тұз сепкеннен не ұтасыздар? Дәм-тұз таусылса, қабырға да құлайды деп жұбататын жұрт емеспіз бе? Құдай есіркесін... Әлгі алаулатқан-жалаулатқан жылымыздың осындай қайғымен жалғасып жатқанына жастарды баспанамен қамти алмай отырған әкім-қаралар кінәлі, астанаға келіп жатқан жас отбасылардың есебін жүргізе алмай отырған құзырлы орындар кінәлі, бәрі бір күндік қызметтің қызығын ойлап, жас пен баланың мүддесін ойдан шығарып алған, қас қылғанда. Қайда, қай мекемеге барсаң, жылмаң етіп қалтаңды қағып қалуды ойлап отырған жылмақайлар... Ондай жерде контейнер тұрмақ, әйбат ғимаратыңның да шаңырағы ортасына түседі».

Дәулет Серікбай: «Бала 2 жасқа толғанша, 50-60 мың жәрдемақы төленуін талап етуіміз керек. Сонда аналар үйінде отырар еді, баласы да анасының құшағында еміп өсер еді. Тым құрыса, 2 жыл жағдайын жасай алмаған биліктен не қайыр. 3 айлық баланы тастап жұмысқа шығу не сұмдық? Карьера қуып жұмысқа шықпағаны анық. "Жетпегесін, балаларына нан тауып берем" деп шықты жұмысқа.

Қажет болса, аналар министрліктің алдына шеруге шықсын. Үнсіз қалмаңыздар. Өз халқынан аяп, өз халқын жарытпай отырған үкімет кетсін. Балаларды анасынан, аналарды балаларынан айырған үкімет қажет емес. Балалардың обалы үкіметтің мойнында».

"Жалғыз адамдық пикетке шығуым мүмкін. Министрліктен бала 2 жасқа толғанша 60-70 мың теңге жәрдемақы төлеуін талап етемін. Балам жоқ, бірақ бейкүнә іні-қарындастарымның ыстық оттан өлуін емес, анасының ыстық құшағында өсуін қалаймын. Ешқандай пиар-миарды білмеймін, талап еткім келеді, қолымнан келетіні сол ғана, жүрегім қан жылап отыр. 2-3 айлық баланы емшектен айырып жұмысқа шығып жүрген аналарды көріп жүрмін. Шыдамым шегіне жетті. Соттаса соттай берсін, қамаса қамай берсін. Тым құрыса ұйымдасып министрлікке хат тапсырайықшы".

Айгүл Мыңжасар: «5 баласы бар үйде 7 ауызды асырау үшін неше адам жұмыс істеу керек? Әрине, кем дегенде - 2 адам!

Бүгін түнде періштеге айналған 5 балапанның ата-анасы соның қамымен жүрді.

Ал 5 бала тапқан ананы ең болмаса, 1 төменгі жалақы (МЗП, 42 500 тг) көлемінде жәрдемақымен үйде отырғызуға болмай ма?

5 бала туған әйелдің 40 мың теңгелік құны жоқ па?

Анау Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры - ГФСС-та 1 трлн-нан аса ақша жиналып тұр. Осы жүйенің қатысушысы ретінде сондағы қаражаттан 5 және одан көп баласы бар отбасыларға ай сайын 1 айлық төменгі жалақы көлемінде жәрдемақы тағайындауды ұсынамын!

Бұл әлеуметтік сақтандыру жүйесіне әрбір жұмыс істейтін адам үшін жұмыс беруші оның айлығының 5 пайызы көлемінде аударым жасайды. Енді бірыңғай әлеуметтік төлемнен де (ЕСП) ақша түсетін болады. Ал сақтандыру жағдайы жұрттың бәрінде бірдей бола бермейді. Осылайша жыл сайын миллиардтаған ақша қорда қалып отырады.

Жақсы, зейнетақы қоры әрқайсымыздың қарттығымыз үшін.
Ұлттық қор болашақ ұрпақ үшін.
Ал әлеуметтік сақтандыру қорын (ГФСС-ты) әлеуметтік мәселелерді шешуге жұмсауға болады ғой! Күйіп кетесің да!»

Гүлнұр Имандосова: «Альбина, Алина, Элина, Сабина, Бақыт...

5 бала тірідей жанып кеткен. Сұмдық-ай. Бірін-бірі қараған,біріне-бірі сүйеу болып, демеу болып өсіп келе жатқан қошақандарынан бір сәтте айырылған ата-ананың күйін көз алдыма елестету қиын. Жұмысқа кеткенде өздерін қалдырып жүрген екен. Мұндай қаншама отбасы бар. Күні кеше ғана Щучинскіде республикалық балалар олимпиадасына ұлымды апарып қайттым. Бір жалғызбасты анамен таныстым.Сондай жақсы адам. Қызы қандай тәрбиелі,тәртіпті! Анасын «Анашым» деп еркелетіп тұр. Бірақ, бүгінде сол 10 жасқа келген баланың көрмегені жоқ екен. Анасы жұмысқа кеткенде 1 жарым жастағы бала үйде жападан жалғыз қалады. Гаршогын,тамағын дайындап кетеді екен. "Сөйтіп жалғыз қалып өсті ғой" дейді анасы. Құдай-ау, елімізде мұндай қиындықты басынан өткізіп келе жатқан, жұрттың есігін паналап, торғайдың ұясындай суық кепені, темір вагон-контейнерлерді жалға алға алып тұрып жатқан қаншама отбасы бар?! Біз оны жақсы білеміз, айналамызда толып жүр деп етіміз үйреніп кеткен. Тура осындай қайғылы оқиға қатты есімде қалыпты. КТК-да жүргенде түсіріп едім. Дачада шешесімен тұратын 2 кішкентай бала (3-4 жас) тірідей жанып кеткен. Өрт шыққанда қорыққандарынан бөлмедегі темір кроватьтың астына бірін-бірі қапсыра құшақтап тығылған ғой. Түсіріп жүріп байқадым: балалардың күйген терісі қабырғаға жабысып қалған. Сұмдық-ай. Түсіріліммен талай мәрте моргтарда болсақ та селт етпеген жүрегіміз анау қабырғадағы бір шөкім күйген теріге шыдай алмады. Әріптесім екеуміз жылап жібердік. Құдайым-ай, бүгінгі 5 балапанның ата-анасына сабыр бере гөр! Кімді кінәлауды білмейсің... 5 баласы бар отбасы неге пәтер жағалап жүрген екен дегім де келмейді. Өйткені, біздің билік - ол біздің билік! Мұндай отбасыларды есігінен сығалатпайтын,қажет болса мұндай істе өзгені «спокойно» айыптай салатын,16 мың теңгеге байып кетеді деп жүрген бейшара,жауапсыз билік!»

Ұсынған: Назерке Лабихан

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір