• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Сәуір, 03:51:06
Алматы
+35°

05 Ақпан, 2019 Тәлім мен тәрбие

Есіміңізге көңіліңіз тола ма?

Есіміміз қандай болса да, тағдырымыз «тартымды», көңіл-күйіміз «көтеріңкі», мінезіміз «көркем» бола берсін, ылайым...

    "Алматы ақшамы» газетінің ескі бір нөмірінен «Белгілі адамдардың белгісіз есімдері» деген Ермек Жұмахметұлының мақаласын көзім шалды. Онда «Мұқағалидың шын аты – Мұхамбетқали, Балуан-Шолақ – Нұрмағамбет, Әріп Тәңірбергенов – Мұхаметғаріп, Мұқан Төлебаев – Мұхаммед-Сәлім, Тәттімбет Қазанғапұлы – Тәттімұхамет», тағысын тағы біршама атақты адамдардың шын есімдері біліп, таң қалдым! Қызық! Расымен, қызық! Барлық есімдерде Аллахтың сүйікті құлы, соңғы пайғамбар – Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың есімі аталады! Адамзатқа үлгі болған, нағыз мұсылман, көркем мінездің иесі, Жаратқанның сүйікті құлының есімі әртүрлі саланың аты әйгілі адамдарының есімдерінде кездесуі, сірә, кездейсоқтық болмаса керек. Таңданатын дүние-ақ! Бір емес, екі емес, қаншама атақты адамдар десеңші! Шынында да, есімнің адам өміріне әлдебір өзгеріс әкеліп, тағдырына әсер ететіні рас болғаны ма?!

        Осы  мақала түрткі болып, қазіргі уақыттағы мағлұмат алатын нағыз қайнар көзге айналған – ғаламторға бас сұқтым. Ол жерде әлемдік зерттеулерге жүгінсек, адамзат арасындағы қазіргі таңда ең жиі қойылатын ер адам есімі – Мұхаммед, ал, әйел адам есімі – Анна деп жазылыпты. Ұлыбританияда, Уэльсте 2006 жылдан бастап ең танымал ер адам есімі – Мұхаммед екен.  2007 жылы алғашында бірінші орынға Джек есімі, ал, 2011 жылы Гарри есімі жайғасқан екен, алайда, Мұхаммед есімінің латын әліпбиімен 5 түрлі болып жазылуын ескерген зерттеушілер, Мұхаммед есімін бірінші орынға шығарыпты. 2011 жылы жаңа туылған 7551 шақалаққа Гарри есімі қойылыпты. Ізін қуып 7007 бала Оливер деп аталыпты. Ал, Мұхаммед есімі 6920 жаңа туылған бөбектерге беріпті. Мұхаммед есімінің басқа нұсқалары есепке алынбаған екен. Мысалы, Мохаммед, Мухаммад, Магомед, Мохаммад, Мохаммод. Егер осы нұсқалардың бәрін санайтын болса, «Мұхаммед есімі - ең танымал есім» деген «маңдайшасын» сол қалпында сақтап қалады. 

     Қазақ халқында да жаңа туылған балаға жақсы ат қоюға баса назар аударған. Болашақ тағдыры есіміне байланысты болуы ықтимал деген де жорамалдар бар. «Жақсы сөз – жарым ырыс» деп, бекер айтпаған-ау қазағым. Әрине, кейде «өзгеше» есімдер де естіп жатамыз. Мысалы, Көтібар, Әріп, Сағат, Жарасқан, Азиада, Дағдарыс (ғаламтордан нақты дәлелмен оқығаным)  тағысын тағы. Мұндай есімдердің дүниеге келуінің де өзіндік себептері бар болар. Атақты, танымал адамдардың есімдерін қоюға да әуеспіз, бірақ «ол есімді көтеріп жүре алады ма, тағдыры қалай болмақ» деп, алаңдайтынымыз тағы бар.

    Нәрестеге есім қоюда соңғы жылдары қазақ та өзгере бастапты: жаңа туған балаларына баяғыдай Нұрсұлтан емес, Әлихан деген есімді қоятын болыпты. 

    Иә, ең жиі кездесетін есімдердің арасында Әлихан көш бастап тұр. Есіңізде ме, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында баласына Нұрсұлтан деп ат қоятын ата-аналар көп болатын.

    Бүгінгі таңда ұлдар арасында Әлихан (3560) есімі көш бастап тұр. Сондай-ақ Нұрислам (2731), Айсұлтан (2730), Рамазан, Санжар, Ерасыл, Мирас, Әмір және Әли деген есімдер ең жиі қойылады. Ал, қыздарға ең көп қойылатын есім Айзере (4934), Айару (4873), Раяна (4765) болып отыр. Бұдан кейін Айша, Кәусар, Әмина, Айлин, София және Аружан есімдері ең жиі қойылады.

 Атам-қазақ «Менің қызым биші болады! Шұғыла!», «Менің ұлым палуан болады! Қажымұқан!», «Менің ұлым Президент болады! Нұлсұлтан!» "Халқының ұлы, елін сүйген ер болады! Әлихан!"... деп, құлағына азан шақырып, есімін үш рет қайталайды. Жаратқан жар болса, болашақ биші, палуан, президент, ер жігіттер, қыздар тәй-тәйлап өсіп келеді...

    «Есімнің де есері бар, естісі бар» деген тіркестегі сөздер де, бір-бірін кездейсоқ кездестірмеген болар. Есіміміз қандай болса да, тағдырымыз «тартымды», көңіл-күйіміз «көтеріңкі», мінезіміз «көркем» бола берсін, ... лайым!

-Есіміңіз кім?

-Нұрила...

-Бектас...

-Шұға...

-Арман...

-Есіміңіз әдемі екен...

 Ал, Сіздің өз есіміңізге көңіліңіз тола ма?

 Мақпал Сембай

Мақпал Сембай

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір