• USD 378.65
  • EUR 430.07
  • RUB 6
  • CNY 55.1
19 Тамыз, 13:15:11
Әкімдік қызметкерлері мен БАҚ өкілдері арасындағы аладоп аламаны

05 Ақпан, 2019 Тарих

Түйенің шудасындағы Құран (әңгіме)

Рамазанның он жетісі бүкіл Мекке мен Мадина қаласында ұмыра қажылықта жүрген мұсылмандарға Берке хан атынан қажалық жасауға жарлық шығарды.

Тарих - әдебиеттің әкесі.

Атақты тарихшы Ибн Кәсир өзінің «әл-Бидая уан-Ниһая» атты еңбегінде Сұлтан Байбарысты «жаужүрек жолбарыс» деп сипаттап, былайша мынадай жолдар жазған: «Алла рақым етсін, өте сергек, айбынды, жауларына күні-түні тыныштық таптырмайтын ержүрек болатын. Ислам дұшпандарымен аянбай күресті. Олардың араларына именбей кіріп, тоз-тозын шығарды. Жалпы айтқанда Алла Тағала оны сын сағатта Ислам дініне, жұртына қорғаушы әрі көмекші ретінде, крест жорықшылары мен моңғол-татарлардан құралған мүшіріктер тобына тойтарыс беруші ретінде жіберді».

Бір Фатиха үш Ықлас оқып сұлтан Байбарыс пен Берке ханның мүбарак рухына бағыштап, бір Алланның атымен бастаймын.

Сар далада ызыңдай тынымсыз жел еседе, үйіріле ұйтқи соққан құйын лезде күшейіп, киіз үйді бір айналып, түңілікті сүйрей қашты, таңғы шайын тастай сала отағасы Жамақ қолындағы кездігін құйынға лақтырып, киізді төрт бүктеп шаңырақ үстіне тастады, әйелі Әйек дастарқанның бетін жауып, адал бақанмен үй ішінен түңілікті түрткіштеп жөндеді, күйеуі сырттан бауын тартып белбауға мықтап байлады. Үзіктің бастырғы арқандарын мықтап тартып, туырлық белбауын шыңытып, екі қапталдағы қазыққа тас қып бекітті. Әйек те үй ішіндегі басқұрды саумалап байлап шықты. Аю терісі жабылған қайқы бас төсекте он үш жасар Байбарыс ештеңеден хабарсыз ұйқыда жатыр, аузынан түскендей өзіне айнымай тартқан ұлына жақындап сүйсіне қарап аз тұрды, соңғы кезде өз бетінше шешім жасап, әке-шешесіне тосын сый дайындап, талай жұмысты айтқызбай тындырып жүр, әнеу күні жаңбырда өре қашқан қойларды жалғыз өзі меңіреу тас түнек түнде иіріп айдап келіпті. «Аман болсын», деп іштей тілеуін тіледі, кенет өне бойын бір түрлі суық жел аралап өтті, өзін тез жинады, күні бойы қозы баққан баласын аяды, қатты шаршаған, тұяқ серппей жатыр»,- деп күбірлеген әке, жылқысы мен түйелерін көруге кетті, күн шығыстан ақырын көтеріліп келеді. Мұнарланған аспанның түбі еш көрінбейді, түнде жымыңдап, көкте самсап тұрған жұлдыздардың біреуі де жоқ, аймен күн бірін бірі қуып әлі жете алмай келеді... Баяғы өткен заманда,-деген атасының қоңыр даусы құлағына келе қалды... Әу баста жер жаралып, су аққанда бір қойшы болыпты,  шаршап қойын айдап үй сыртына жақындағанда ағасы мен жеңгесінің ұрсының үстінен түседі.

-Мен сенің мына ініңнің киімін жумаймын, тамағын жасамаймын, мен сенің ғана әйеліңмін, - деп шаңқылдады.

-Ол менің жалғыз бауырым, оны үйлеп, бөлек шығарғанға ақша жоқ, - деп ағасы долы әйеліне бәсең үн қатты.

-Мені ол қызықтырмайды, не онымен тұр, не менімен тұр.

-Аға, мен үшін ұрыспаңдар, отыз екі тіс берген Алла мені өлтірмес, өзіме тиеселі көк қошқар бастаған қойымды айдап кете беремін, - деп киімін алып үйден шықты.

Ағасының көкірегі қарс айырылып, үнсіз қалады.

Қойшы көк қошқармен он шақты қойын айдап, бір сардалаға барып күн кешеді, үш ағаштың басын буып күркеше жасап, күндіз қойын бағып, түнде лашығына түнеп күн кешіп жатты. Бір күні үйіне келсе үйі мұнтаздай ретті, киімі жуулы, дастарханы жайнап тұр, аңызақ күнде шаршаған қойшы ойлауға шамасы келмей дайын тамақты жеп ұйықтады. Ертесі азанмен қойын өргізіп кетеді, кеште келсе бәрі тағы жайнап тұр, таң қалды, ертемен тұрып, қойын өргізіп, айналып келіп үйінің сыртындағы шөптің арасында жатып аңдыды, бір кезде аймен күндей сұлу қыз сылаң қағып үйге кірді, қойшы шыдай алмай мысық табандап үйге жақындап қара қосына жетті, ажарынан ат үріккен ай десе аузы, күн десе көзі бар ғаламат перизатты көріп өз көзіне өзі сенбей көзін уқалай береді.

-Мен аспан перісінің қызымын. Жер бетіндегі сенің жалғыз өміріңе жаным ашып келіп жүрмін.

-Маған үйлен, - деп жігіт бас салып,  аш белінен шап береді.

-Менің шешем өте қатал, ол ұзақ сапарға кеткен, келсе мені алып кетер, - деп қыз шиедей ерні дірілдеп тіл қатты.

-Мен байқұсқа жан жар бол, - деп жігіт тас қып құшақтады. Қыз үнсіз қалды.

Үндемеген үйдей жауап, - деп жігіт қатты қуанды.

Екеуі бақытты ғұмыр кешіп жатты, жылға толып, әйелі ай күні жетіп егіз сәби босанды.

Бір күні көктен қалың құйын пайда болып, қойшының күркесінің жанына келіп ұйтқи тоқтап, ішінен көзінен жасыл нұр шашқан, шашын төбесіне шодрайта түйген алып әйел шыға келіп, әй-шайға қарамай қызын алып кетеді, екі баласын құшақтап қойшы қалады. Ұлы мен қызы шыр-шыр еткенде қойшы екеуіне кезек-кезек қарап қосыла еңіреді.

Көк қошқар қойшының тілінде сөйледі.

-Сен жылама, мені сойда терімді күндіз жайып, кеште далада қалдырмай төрт күн кептір, бесінші күні екі балаңды салып аспанға ұш, әйеліңді табасың.

-Сені сойсам қойлар қайтеді, - деп қойшы егіле көк қошқарды қимай басын сипады.

-Көк көшқардың қоңыр көзінен мөлтілдеген тамшылар тұяғына тамды, басын шайқап сүзгілей бастады.

Қойшы амалсыз қошқарды сойып, терісімен аспанға ұшады. Қойшы шырағын жағып әйелін іздейді, қызы мен ұлын жанындағы жымыңдаған жұлдыздар екен, шешесі сол кезде қызын байлап тастайды екен, күндіз іздеуге шыққанда күйеуі мен балалары ұйықтап қалады екен. Жігіт ағасы тағы аспанға қарады, бізден қанша биік екен, ә, адамның ақылы жетпейтін дүниелер толып жатыр ғой, мына кертөбелдің мылқау түнде еш адаспайтыны қанша сыр деп өзімен өзі сөйлесіп келеді. Тетір жел тоқтаусыз соғады. Жамақ өзін сергек ұстайын, десе де бір зіл батпан жүктен айыға алмады. Манаураған құмды, адырлы боз дала өзімен өзі, көп тарихты ішіне бүге үнсіз мүлгиді, ызыңдай тынымсыз жел ғана бірдеңе айтады.

 

                                                        *****

Қысы қатал кең далада аю, жолбарыс, арыстан, қабанмен жалаң қол алысып, ежелден батыр жаралған тұрандықтар төрт қабырға тамға тығылған халықтарға үрей тудырып Афрасиаф деп аталды, бұлттар тоқтаусыз көшіп, сулар арқырап ағып, қанша тарих жаңарды,  батыр түркі ұлдары ақ құл болып, итальяндық жойыттардың қолымен Қара теңіз арқылы тынбай тасылып жатты, теңіз порттарына жетісімен-ақ, оргинал тауар сияқты тоқтаусыз сатылды. Патша Нәжмуддин өз мемлекетін жаудан қорғауда жастайынан ат құлағында өскен, күшті де қайратты қыпшақ жігіттеріне бек қызықты.   

Әл-Ғаммад ас-Саиғ күн арқан бойы көтерілгенде өзін жоқтан бар еткен, денсаулық берген, байлық, бала-шаға берген  бір Аллаға шүкіршілік етіп, екі бас намаз оқып үйінен шыға құл базарға беттеді. Көңілі тоқ, көйлегі көк ол адымдай жерді нық басып келеді. Базар, ығы-жығы адамдар, көпестердің қарасы қалың көрінді, сар далада қозы бағатын қыпшақ балаларын ұрлаудың сан түрлі тәсілін білетін жойыттар Мысырлықтар қыпшақ жігіттерін көптеп сатып ала бастағалы, қалтасы қалыңдады, бұрынғыдай бір бала үшін күні ұзақ бұғып ши түбінде жататын жымсқылығын қойды, адам жалдап, бала ұрлататын әдет тапты, бұл жолы Қара теңіз арқылы жиырма баланы бір жолда Дамашыққа жеткізді, рухына ақшаның өзегі егілген жойыттар, мұртын ширата, жүн басқан жақ сүйектерін қайта-қайта сипайды. Шулаған адам, біреуді-біреу тыңдамайды, құл саудасы қызып тұр, өрімдей жігіттерді қатар-қатар тізіп, мойны мен аяқтарынан шынжырға матап тастаған, алушылар киімін шештіріп тәнін тексереді.

Әл-Ғаммад ас-Саиғ құлдардың жанына жақындап, арқасынан ұрып көрді, еш қайсысы мыңқ етпеді, тек шашы көзіне түскен, төртпақ денелі сар жігіт басын көтере жалт қарады, көзінен от шашады, сұсты жүзінде бір ашу бар, жаралы жолбарыстай долданады.

-Бағасы қанша?

-800 дирхам.

Аяқ-қолын босатып еркін алып жүрді. Үйіне әкеліп тамақ берді. Бар тірлігін тындырған жігіттің шапшаң қимылы, бәрін айтқызбай істегені қожайынға қатты ұнады. Байдың үйіне келген досы әмір Алауддин Атекін әл-Бундуқдари Байбарысы бір көргеннен көзіндегі отты байқады, «Мына құлыңды маған сат»,-деп жабысты, әмірдің сөзінен шыға алмай амалсыз сатты. Енді оның есімі  Байбарыс әл-Бундуқдари болды. Әмір Ақтайдың басқаруындағы бахри мәмлүк жауынгерлерінің қатарына қосылды. Сар даладан жел айдаған қаңбақтай келген, өзі сияқты Айбек, Мұғаз Қылыш, Қалауын, Қанай, Санжар, Көшербектерді тапты. Күннен күнге Байбарыстың жұрттан мойны озды, оның  шапшаңдығы, ширақ қимылы, миының өткірлігі, ер жүрек, өжеттігі мен мығым қайраты, бойындағы намысы мен жүзіндегі сесі жауынгерлік шеберлікке ұласып ерекше көзге түсті. Әсіресе, бір жолы судың арғы бетіне жалғыз өтіп, жаудың бекінісін тас-талқан еткені, араб жұртына аңыз болып тарады.

                                                             ***

 Айбек сұлтан тағына отыра сала, атағы күннен күнге аспандап бара жатқан Байбарыс тобын құртуды ойлап,  өзінің сенімді адамы Сейфуддин Құттызға  Байбарыстың әмірі Фарисуддин Ақтайды өлтіруді тапсырады. Жастайынан құлдыққа бірге түсіп, жауынгерлік жолды бірге басқан ол Айбектің босбелбеу екенін өте жақсы білсе де, әлсіз жолмен билікке келген оның пәрменін Байбарыс жорықта жүргенде тез орындап, өзіне жол ашты. Сейфуддин  Құттыз аз күнде Айбек сұлтанды мәңгілік ұйықтатып, Мысыр сұлтандығын қолына алды.

Сырты қандай қара болса, іші де сондай қара ұзын бойлы, қыр мұрынды, терең ойлы Құтыз сұлтан таққа шыға Байбарыс туралы ойлады, ол келсе әрние, сыртқы жау жолай алмайды, бірақ сұлтандық соған өтіп кетеме деп қауіптеніп өз ойынан тез қайтты.

Көз алдында Ақтайдың сом денесі, адал бейнесі кетпей көлбеңдей берді, артынша арамдығы болмаса, жаулығы жоқ, өз сұлтаны Айбек есіне түсті...Есік қағылып, хатшының көзі жапақтап, монғол елшілері келіп тұр деді, Құтыздың екі тізесі дірілдеп, жақ сүйегі кемсеңдеп кетті, не  істерін білмей, қолымен кірсін дегенді  зорға ишара жасады, қорыққаннан көзінің аласы барған сайын көбейе берді. Төбесінде  темір мүйіз айдары бар тақырбас Иран елханы Хулагудің елшілері сау етіп, сарайына кіре, хатты ұсынды. Бағдатты алып, халифаны өлтіріп, парсылардың күлін көкке ұшырған жер бетінің әміршісі Хулагуден хат. Тез беріл, болмаса аз күнде сені де ирандықтар сяқты ат құйрығына салам деп, шорт кесіпті. Құтыздың бойынан әлі кете берді, тынысы үзіле жаздап дірілдеп, табанының астынан жер жылжып бара жатқандай болды... Байбарыстан басқа сүйенері қалмады. Елшілер шыға Шам жақта жүрген Байбарысқа кісі шаптырды, өлердегі сөзін айтып, уәдені үйіп-төгіп хат жаздырды. Байбарысты қошеметпен қарсы алып, өзіне жақын уәзірлер сарайына орналастырып, әскери қолбасшы етіп тағайындады. Соғыс өнерін өте жетік меңгерген Байбарыс Айн Жалұтта Иран елханы Хулагудың ұлы Кетбұғаның басын алып Монғоладарды ойсырата жеңді. Жаныдағы Қалауын бастаған ақылшылары Құтыздан билікті  тартып алуға кеңес берді, Байбарыс көп толғанды, билікке қанмен жетсе өз тағдыры қалай боларына ойлады, сол сәтте шайтан оның жанына жақындап, есіне ұстазы әмір Ақтайды салды, Құттыздан оның кегін алуды құлағына сыбырлады, моңғолдарды жеңсең, Халеб аймағына әмірші етемін дегені қайда деп одан сайын ашуын келтірді. Ақыры сұлтанды өлтіріп, 37 жасында Байбарыс таққа отырды.

Ол қарапайым және діндар сұлтан болды. Кедей-кепшіктердің ашына айланып, тоғына толғанды, жетімдерді өз қолтығына тартты. Жазықсыз тұтқындарды босатып, кең сахарада киіз үйде өскен далалық өркениеттің кеңдігін көрсетті. Туған Қыпшақ тілінде сөйледі. Әр қалада тұрақты әскер ұстап, ішкі тәртіпті күшейтті. Крестшілермен ұрыстарда Қайсария, Арсуф, Сафад, Яфа және басқа да қамал-қалаларын бірінен соң бірін алды, әл-Мансурадағы шайқаста Байбарыстар дұшпанды тас-талқан етіп жеңіп, Франция патшасы ІХ Луисті тұтқынға алады. Тіпті, ақырында ірі шаһар Антакияны мұсылмандарға қайтартты. Атағы алыстарға жетіп «әл-Мәлик аз-Заһир» – «Жеңімпаз патша» деген атқа ие болды.

Барлық нәрсе Алла қалаған кезде болатындығын жақсы білген сұлтан Байбарыс Аббасидтер әулетінің ұрпағы Әбу Аббас Ахметті мысырға әкеліп, халифа сайлады. Құран мен Пайғамбар сүннетіне амал ететіндігі туралы оған ант берді. Сөйтіп мұсылман халифатын қайта жаңғыртты. Халифада рухани билік, сұлтан Байбарыста саяси билік болды. Суннит жолын ұстанатын төрт мәзһабқа төрт қазы тағайындап ел басқартты. Мысыр гүлденген елге айналды. Әл-Азһар медресесін түбегейлі өзгертіп, жаңартты, шартараптан шәкірттер ағылатын іргелі оқу ордасына айналды. Мысыр мен Дамашықта көптеген медреселер салдырды. Каирдегі «Заһири» медресесіне мол кітап қорын құрды.

Каир шаһарында Заһир Байбарыс жамиі деп аталатын үлкен жұмалық мешіт салдырды. Көптеген арықтар, каналдар қазылып, көпірлер салды, Ніл өзенінің суын есептейтін үлкен құрылғы жасатты. Мәдинадағы Пайғамбардың (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мешітіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізді. Шамдағы Ибраһим (Оған Алланың сәлемі болсын) пайғамбардың мешітін жаңартты. Иерусалимдегі әл-Ақса, Қуббат Сахра мешітін жөндетті.

 

 

                                                 *****

Жасы қырыққа таяған Мысыр сұлтаны Байбарыс алтын тақта отырып туған жерін сағынды, көкбар тартып, теңге іліп, жамбы аттырды, қыз қудырды, аңға шықты....сағынышы жазылмады, аяулы сар даласын қатты аңсады, киіз үйді, өзі жататын аю терісі жамылған қайқы бас төсекті есіне алып, «Асықтарым әлі барма екен?»,- деп сағыныштың сал шекпенін қымтай түсті, таба нанның иісі мұрнына келді, анасының саусағының табы қалған ірімшік, сықпа құрты есіне түскенде аузынан су ақты. Қатты құртты бұлақ суына тастап қойып, бір айналып келіп малжаңдай шайнап қозы бағатын, кештетіп бұзу іздейтін, жеткізбейтін бұзаудың құйрығынан ұстай алғанда, дедектете сүйреп жөнелуші еді, сардаласын сағынды, қатты сағынды, әкесі мен шешесі өзі жоғалғанда не күй кешті деп көзінен ыстық моншақтар төкті, тұла бойы шымырлап, орнынан атып тұрып, туған елім үшін, дін ислам үшін не істеуім керек деп өзін жегідей жеді, хатшысы Мұхиддиын Абд-аз-Захирді шақырып, Алтын орданың ханы Беркеге қыпшақ тілінде хат жазуды бұйырды. Хатты үш қайтара оқытып, қайта-қайта аса ыждағаттықпен түзеді.

«Бисмллаһи рақыман рахим! «Бір Аллaдaн бaсқa құдaй жоқ»! Алла қалаған құлының дәрежесін өсіріп, басқалардың ісін салып қояды.

Аса құрметті Берке хан сіз aқыл­ды, пaрaсaтты aдaмсыз, сіз Аллaны тa­ни­сыз, Оғaн бaс иіп сәж­де­ге ке­лдіңіз. Адaмды Аллa то­пырaқ пен рухтaн жaрaтты. Ол екеуі бір-бі­рі­нен бө­лін­бейді. Осы екеуі­нің қaже­ті үшін aдaм өмір сү­ре­ді. Егер тән­ін aзықтaндырмaсa, aдaм aштaн өле­ді, aл егер ру­хын aзықтaндырмaсa, ті­рі өлік­ке aйнaлaды. Рух­тың aзықтaнaр кө­зі- ислaм ілі­мін­де.

Жер бе­тін­де­гі әрқaндaй іс­тің туыл­уын­дa Аллaның қaлaуы болaды. Аллa тaғaлa он се­гіз мың ғaлaмның жaрaту­шы­сы, рет­теу­ші­сі, ри­зық бе­ру­ші­сі. Аллa бү­кіл әлем­де­гі бaршa іс­тер­ді іс­теуге шaмaсы же­те­ді. Бұл дү­ниеде қaндaй дa бір іс болсa, ол тү­гел­дей Аллaның қaлaуы­мен болaды. Мысaлы: туылу, қaртaю, aуру, өлім, т.б. тіп­ті aғaштың бір тaл жaпырaғы дa Аллaның қaлaуы­мен жер­ге тү­се­ді. Алaйдa, бaрлық іс­тің болуынa бір се­беп жі­бе­ре­ді. Өкі­нер­лі­гі, көп­те­ген aдaмдaр кез-кел­ген іс­тің сол се­бе­бі­не ғaнa жaрмaсaды, кез-кел­ген се­беп­тер­дің бaрлы­ғы Аллaның қaлaуы­мен болaты­нынa зер сaлмaйды. Бұндaй aдaмдaрдың өз­де­рі aрқы­лы болaтын се­беп­тер мен Аллaның өзі ғaнa жі­бе­ре­тін түр­лі се­беп­тер­дің бә­рі Аллaғa тән. Со­ны aдaмдaр біл­мей, екі ұдaйы­лық пен қиын­шы­лық ішін­де өмір сү­ре­ді. Бір ­сы­пырa aдaмдaр: «Біз Аллaғa сүйене­міз, не­ге Аллa біз­ге кө­мек­тес­пей­ді?»,- дей­ді, «біз Аллaғa иек сүйе­мей, се­беп­тер­ге иек сүйе­сек, Аллa жәр­дем бе­ре­ ме?»,- Алла Тағала біз жоқ кезде бар еді, бізді жаратқан соң өзі көрінбей жасырынды, «құлым енді өз бойыңнан мені көрсет»,-  деп бастап Ислам дінінің жағдайы және келешегіне алаңдай отырып, сол кездегі саяси ахуалға егжей-тегжейлі тоқталды, өз әскерінің қуатты екенін баяндады, құрамында қыпшақтар, түркмендер, күрдтер, арабтар бар екендігін айтып, Алла ризалығы үшін Хулагуға қарсы қасиетті ғазауат соғысын жүргізуге шақырады. Мысырға келген монғол-түріктерді аса жылы қарсы алғанын қоса жазды. Оларға ат-киімін беріп, Каирде арнайы соғылған үйлерге орналастырғанын жеткізді. Тіпті, кейбірін өз сарбаздарына əмір етіп тағайындаған мақтана жаздырды. Беркеге арнайы сыйлықтар дайындады, бас кәдеге Шамдағы хәзреті Осыман(р.а) ақтық сапарға аттанарда оқып отырған жалғыз Құранды әмірлерінің қарсылығына қарамастан Алла сөзін таза матамен орап, оның сыртын кестеленген қызыл атласпен тыстап, илеген таза терімен қаптап, туған жеріне сирек кездесетін нуба түйесінің шудасына  байлап жіберді. Кіндіктен түсірмей Құранды оқу үшін арнайы қарағаштан жасалған сөре қосты.

Күміспен күптелген піл тісі, күміс шамдар және құлыптар, неше түрлі жайнамаз, түрлі түсті кілемдер, қымбат асыл киімдер, лағыл тастар, гауһар жүзіктер, алтын жалатылған темір шоқпарлар, күміс ер- тоқым, асылға суарылған ұстара, жібек жіптер, ала маймыл терісі, найза, қылыш, терімен қапталған сандықшаларды тартудың ішіне қосты. Одан бөлек асыл текті жүйрік аттарды жіберді. Адал-арамды жетік меңгерген, ғұсыл дәретпен дұға оқып, тамақ дайындайтын аспазбен бірге, шәкірт оқытатын ұстаздар және құлдар қосты, хатты жеткізуге өзінің сенімді имамы Маджуддинді ақылшы етіп, әмір Көшербекті басшы етіп, Бағдаттан келген Сараған ноянды қосшы етіп сәтілік тілеп аттандырды, өз еліне деген ыстық махаббатын, туған жеріне сағынышын әр сыйлықтың ішіне жасырды.

                                             *****

Жер бетін жаулаушы, әлем картасын тетір айналдырған Шыңғысхан соңғы демінде өңмен түстің арасында не өлі емес, не тірі емес жатты... Тәңірі  оған көп нәрсені көзіне көрсетті... өзінің меркіт баһадүрі Қазанның әйелі Ұлынның ішінде келген бала екенін көрді. Балаң жігіт шағында әкесі Яссукайдың тірі кезіндегі құдалықты бұзбай, сертке берік қоңырат елі қалыңдығы Бөрте сұлуды жалғыз үй Темужинге берді, жолда меркіттің жігіттері тартып алып, ат артына салып Бөртені алып кетті, ол күш жинап барғанша жылға жуық уақыт өтіп, сол жерде Жошы туылды. Өмір бойы күдіктеніп келген  тұңғышының да өзінің де меркіт екенін көрді, ұлдарының ішіндегі нағыз көкжалы осы Жошы екенін еріксіз мойындады, өзі өлтірткеніне өзегі оттай өртенді, оның ұрпағы кең-байтақ даланы алақанына ұстап тұрғанын, өзінің жетпеген жеріне, солардың билік құрғанын көрді, оларға ешкім жауласып тең келмейді. Бақ пен таққа таласқан олар іштерінен іріп, қанды шайқастар жасағанын, қылыштарының дауын алдын ала естіді....Өз бауыры Хасарды садақпен атып өлтіргені өз ұрпақтарының арасында алапат соғыс болып қайталанды. Өзінің жаулаушы емес, жауланушы екенін енді шын сезді, ұрпақтары өздері басқарған халықтарға сіңіп, жоқ болды, ат үстінде алған жерлерді, ат үстінде басқару қиынға соқты, төсеніш қып төсеген әйелдер ұрпақтарын ана сүтімен басқаша тәрбиеледі, ділі әлсіз, діні бос халықтың түптің түбінде жоқ болатынын көрді, мықты иделогия ұстанбағанына бармағын шайнады, «Менің өмір бойы жасағанымның бәрі бекер болған екен? Жер бетінде адам баласының менікі дейтін ештеңесі жоқ екен, Тәңірі адамды ерік қалауы бойынша жақсылыққа, не жамандыққа пайдаланады, жақсылыққа пайдаланғандар қандай жақсы, жамандыққа пайдаланғандар қандай жаман»,-деп күбірлеп жатып жан тапсырды.

                                                          ***  

Орда Ежен, Бату, Берке үшеуі бір үйде бір төсекте тел қозыдай тебісіп өсті. Әкесі Жошыдан қалған кең даланы місе тұтпай Бату қалың қолын бастап батысқа жорыққа аттанды, Жайықтан өтіп, Еділ маңындағы  бұлғарларды бағындырып, қырық құраулы орыс кінәздықтарын шетінен талқандап, тез жаулады, одан ары Киев қаласын басып алды, Польшаны,  Венгрияны, Чехияны, Молдавияны ойрандап, Ертіс өзенінен Дунайға дейінгі кең-байтақ даланы уысында ұстады. Шығыс Еуропаны алған Бату хан Еділ бойына қайтып келіп, алтынмен аптап, күміспен күптеп хан Сарайын жасатып, Сарайшық қаласын салдырды. Батыс пен шығыстың көпестерінің сауда керуендері тоқтамай өтпеді. Атса оқ, шапса қылыш кеспейтін айбар бітті Батуға. Ағасы Орда ежен мен інісі Беркеге де жер беріп өз алдына ел басқартты. Берке солтүстік Кавказ және Еділ бойында түрік-монғол елін билеп отырды.

****

Бұхараға жаңа барған айдарынан жел ескен адырақпай монғол әмірші, Сейфуддин Баһарзи атын жиі естіп ашуланды, жандайшаптарын шақырып, «Оның атын естімейтін болайын»,- деп әмір етті. «Әуелі оның бар байлығын қазынаға өткізіңдер, сосын өзін»,- деп зәр шашты. Сейфуддин Баһарзи Алла жолына шын берілген тақуа кісі еді, бала оқытып, олардың тамақ кимін өзі беріп, артылғанын кедей-кепшікке тарататын, айдаған астығы жыл сайын еселеп өнім беретін, таңқалған еңбекшілеріне Жартушының кедейлерге менің қолыммен бірген ырыздығы дейтін. Әпербақан шабармандар аласұрып жетті.

-Әмірші молдаға дүние керек емес, сіздің бар байлығыңыз бен жер телімдеріңізді түгелдей өткізсін деді,- деп қолдарын шошаңдата әмірдің сөзін сол бойынша жеткізді.

- Сабырлы қалпын бұзбаған ол менімен сөйлесуге әмірлеріңің өзі келсін,- деп шығарып салды.

Далаға шыққан Сейфуддин Баһарзи хазіреттері бір уыс топырақты алып, «Алланың әулие құлымен ойнағанның өзі құриды, һу!»,- деп әміршінің келетін бағытына шашты. Сол сәтте шабармандарының ортасында келе жатқан әміршінің аты жалт беріп, оқыс секіре үрікті, аттан құлап мойны үзіліп өлді. Бұл әңгіме бүкіл сар далаға желмен жарыса тарады. Осыдан соң Бұхараға келетін әкімдер Сейфуддин Баһарзи хәзреттерін ақылшы тұтты.

Бату Берке мен баласы Сартақты бір түмен əскермен жіберіп, Шағатай мен Үгедей ұрпақтарына билікті бермей, ұлы хан тағына Төленің ұлы Мөңкені отырғызады. Жошы мен Төле ұрпақтары бір жақ, Үгедей мен Шағатай ұлыстары бір жақ болып келешек мың жылдықтағы үлкен ұрыстың негізін қалады.

Бату хан дүниеден өте сала Монғол үстіртіндегі Ұлы хан Мөңке Беркенің мұсылмандығынан ойлап, христиан Сартақты өзіне тартып, оны Қарақорымға шақырып, ұлыс билеушісі етіп тағайындады. Сартақ Қарақорымға кеткенде Берке өзін ұлыс ханы деп жариялап, ұлы хан Мөңкеге салық төлеу, соғыс олжасын тапсырудан бас тартып, дербес Алтын орда мемлекетін құрды.

Отыздан асқан шағында Берке түсінде тізесінен батпаққа батып шошып оянды, ертесі сол батпаққа белінен батып жатқанын көріп әбден есі шықты, үшінші күні түсінде тағы сол батпаққа тамағынан батып тынысы тарылып оянды, орнынан тұрғанда шынымен тыныс алуы барған сайын қиындай берді, ешкімге айта алмады, ауа жұтып, ауа шығарудың қадірін енді білді. Бірер минут тынысы тоқтаса демі үзіліп, бүл дүниеден кетерін әбден сезді, есі шықты, бір ұлы күштің барын шын білді,  тездетіп Бұхараға Сейфуддин Баһарзи хәзіреттеріне жолға шықты. Қалаға кіре азаның даусын естіді, Беркенің тынысы ашыла бастады, Баһарзи хәзіреттерінің есігіне келді,  жанын жегідей жеген мазасыздықтан құтылып, бір тыныштыққа шомды, ойынан бәрі өшті, өзінің ханның тұқымы екенін есіне алайын деседе ала алмады. Намүрт патша Ибраһим(ғ.а)ды отқа жаққанда, Алла тағала отқа «салқын бол»,- дегенде оттың оны жақпай, пайғамбар оттың ішінде балаша уайым-қайғысыз ойнап отырғанындай күй кешкен Берке өзінен айырылып бар салмағын жоғалтты. Оның шын, жалған нитпен келгенін тексеру үшін Алланың әулие құлы үш күн есігінде күттірді, еш қабылдамады, тіпті назарын да салмады. Төртінші күн болғанда дәргейіне шақырып ғұсыл алдырып, Айатул курси, фалақ, нас сүрелерін оқып оған дем салып, шаһадат калимасын айтқызды, Шыңғысхан әулетінен  Берке алғашқы мұсылман болғанын есіне алып, Аллаға жалынып, Құдайдан Сартақттың көзінің құруын тілеп, дұға жасады, аз күн өтпей Сартақ дүние салды. Берке ханның иманы қырық кез күшейді, «Мен дәретсіз жер бассам халқым не істемейді»,- деп жанындағы сенімді адамдарын дерлік мұсылмандардан тағайындады, монғолдардың быразы мұсылман болды, өзімен бірге алып жүретін көшпелі шатыр мешіттері мен арнаулы азаншылары, имамдары болды, тоқтаған жерінде бес намазын қаза қылмай жамағатпен оқыды.

Берке тек күпірлерге ғазауат соғысын ашты, әуелі оңтүстік орыс жеріндегі Галиц-Волынь кінəзі Даниил Романовия жорық жасады, Бұрындай жасақтары Галиц-Волынның тас-талқаның шығарады.

Халқы Беркені өте жақсы көрді. Ел басқару ісіне білімді мұсылмандарды тартты. Басқару жүйесінде шариғатқа қайшы келмейтін дəстүрді ұстанды. Барлық қалаларда мешіттер мен мұнаралар, медреселер мен керуен-сарайлар нұр шашып тұрды. Шыңғыс ұлысы мұсылман христиан болып екі дінге бөлінді.

 

                                                    *****

Елшілерді алдын шығып, жылы қабылдаған оң қол уәзір Шарафуддин әл- Қазуин, хан алдына кірудің тәртібін түсіндірді «Қару жарақпен, садақпен кіруге болмайды, сол жақтан кіресіздер, сол босағаға заттарыңызды қоясыздар, босағаны тебуге, табалдырықты басауға бомайды, хан алдында тізерлеп отыру керек»,- деп ескертті.

Ақ киіз үй, төрдегі тақта Берке хан, оң жағына үлкен қатын Шыншыл жайғасыпты. Ханның сол жағында шейх- Ахмет отыр. Ханның әмірлері екі қабырғада тізіліп жағалай қонжиыпты. Маджуддин алғашқы болып Құранды көтеріп «Ассалаумағалайкум уа рахаматуллаки уабаракату»,- деп даусын соза сәлемдесіп кірді, «Уағалайкумассалам уа рахаматуллаки уабаракату»,- деп орнынан тұрып Құранды қолына алған Берке хан маңдайына  басып, сыртынан сүйіп бас уәзірдің қолына ұстатты, Алла сөзін биік орынға жайғастырған уәзір, хатты оқуды бұйырды.... Жүректен жүреке жол жалғасты, Байбарыстың қыпшақ тіліндегі хатын тыңдаған Беркенің селдір сақалы дірілдеп, жалпақ беті жымыңдап алыстан өз тілімде хат келді деп қатты қуанды, құлағының артына қайырған қалың шашын қайта-қайта оң қолымен салалап, «Нағыз Құрандағы ихуан(бауыр) біздерміз»,-деп хан Берке төңірегіне көз салды. Алтын белдігіндегі гауһар тастарды сипалап, алтынмен апталған қисық қошқар мүйізді ұстап біраз үнсіз отырды. Елшілерге алдымен қымыз әкелдіріп, артынан қайнатылған бал берді, содан соң буы бұрқырап астау-астау ет келді.  

Бас елші Көшербайға тесіле қараған Берке хан.

-Нілдің үстіне адамның сүйегі тасталған дей ме, оның үстінде адамдар жүреді екен дейді, сол рас па?

- Жоқ, ол өтірік хан, - деп шүңірек көзін сыртына шығара жауап берді.

Хан жанындағы шейхы - Ахмет бәсең үнмен ханнан рұқсат алып сөйлеп кетті, «Ертеде Мұса (ғ.а) пайғамбардың заманында Аудж бин Анақ деген алып адам болыпты, Ніл өзені оның тобығына келеді екен, ол күннің ыстығында судағы киттерді ұстап алып, отқа қатап жеп сүйегін теңізге тасайды екен, кейін оны Мұса пайғамбар өлтіріпті деседі, соның сүйегі суда жатқанда адамдар үстімен жүріп, Нілдің арғы жағасына өтіпті еседі»,- отырғандардың бәрі Берке ханның арыдан қозғап отырған сөз төркінін енді түсінді. Жиырма алты күн жатқан елшілерге сый-сияпатын аямай жасап, қайтарма жауап хат жазып өзінің Бағдаттағы хлифа мен Хорезімдегі 5000 шаһиттің кегін алғанын айтып, Хулагудың жолын бөгеу үшін Байбарысқа Евфрат маңына әсер жіберуді сұрады, өз адамдары Арбұқа, Арбатур, Артмаштарды Байбарыс елшілеріне қосып Мысырға жібереді.

Туған жерінен келетін елшілерді елеңдеп күтіп жүрген Сұлтан Байбарыс теңіз жағасына барып алдынан шықты, бала кезі көз алдында шұбырды, әкесі Жамақ пен шешесі Әйектің ортасына жататын ерке шағы есіне түсті, ұзын бойлы, саркідір тартқан арық елшіні бауырына қатты қысты, көзінен ыстық- ыстық жас моншақтарын төкті, бетіне қарап тұрып құдды әкесін көргендей қайта-қайта құшақтады, сар даланың иісі шығады деп еңкілдеп кетті, ордаға әкеліп үлкен қонағасы беріп, ұлан асыр той жасады, туыстарының келгеніне ат шаптырып, қыз қудыртты, теңге іліп, жамбы аттырып, балуан салдырды, киз үй мәдениетін, далалық өркениетті ондағы жергілікті арабтарға көрсетті. Рамазанның он жетісі бүкіл Мекке мен Мадина қаласында ұмыра қажылықта жүрген мұсылмандарға Берке хан атынан қажалық жасауға жарлық шығарды. Өзінің ұлының атын азан ашқырып Берке хан деп қойды.  

Нұрхалық Абдырақын

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір