05 Ақпан, 2019 Әдебиет
Мұзафар айтқан мәнді сөз: «Маймылдың миы ойнауға жеткенмен, ойлауға жетпейді».
Сүбелі сөздің майын тамыза жазған біртуар тұлғаның қай заманда да өзектілігі жойылмайтын даналыққа толы құнды сөздері...
Мұзафар Әлімбай (1923-2017 жж.) — Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, қазақ әдебиетінде соғыс сұрапылын бастан кешкен қаламгер, балалар ақыны.
Бүгін назарларыңызға Мұзафар атаның бірқатар даналық сөздерін ұсынып отырмыз.
«Ұйқысы қанбайтынның бақыты жанбайды».
Жатып ішердің жарылқанғанын көрген жан жоқ. Бағым жансын десең, барша жұрттан бұрын тұр. Көп еңбек ет, жемісін тер. Енжарлыққа салынба.
***
«Семсердің болат болуы шартты, ал болаттың семсер болуы шартты емес».
Жақсының асыл болғаны абзал. Сол асылдың жамандыққа үйірлігінен сақтасын де. Немесе жақсы нәрсе жасыққа айнала көрмесін.
***
«Қақпаңның қағылғаны – досыңның сағынғаны».
Шын тілеуқор адам сахараның қай түкпірінен болса да шақыртпай-ақ салып ұрып жетіп келеді. Ал сондай досыңды өзің сағынып іздей алдың ба?
***
«Үш адамды жамандағаннан без».
Жан баласының жақсылығын көре алмағаннан жақсылық күтуге болмайды. Әлдебіреулердің сыртынан сөккен сайын, өзіне-өзіне сүйсінетін адамдар кездеседі. Құдай біледі, ондай жандар былай шыға беріп сені де сылқита жамандайды. Сондайлардан сақтан.
***
«Жақсы сөз нәрлендіреді, жақсы дос әрлендіреді».
Адал жанмен аралассаң, өзіңе тың күш-қуат пайда болғанын сезінесің. Арадағы асыл сөз сені сақайтады, рухани тойғаныңды білесің. Бұл - шүбәсіз шындық. Осындай достық, тілеуқорлық көңілге не жетсін!
***
«Байыпты болу айыпты болудан қорғайды».
Оңы мен солына ой жіберіп, ақылға салып кіріскен адам жаңсақ баспайды. Осы талапты есте ұстаған дұрыс.
***
«Маймылдың миы ойнауға жеткенмен, ойлауға жетпейді».
Ешкім де өз болмысынан асып кете алмайды. Жаратқан қандай қасиет, қабілет берді, оның өмірі соған тәуелді.
***
«Орынды сөз – мың жылдық, орынсыз сөз – мылжыңдық».
Ойлы сөз ұзақ жасайды, ұрпақтан-ұрпаққа ауысады, ғибраты мол болады. Артыңа қалдырар сөзіңді ойлап, үйлестіріп айтуды әдетке айналдыруға тырыс.
***
«Ілгері бассаң, күндеушің бар. Кері кетсең, тілдеушің бар».
Атыңның басы озса, көре алмайтындар шыға келеді. Олар ондай кезде бірден шаужайыңа жармасады. Ал елдің соңында қалсаң, күлетіндер де табыла кетеді.
***
«Білгір болсаң, ағайынның арасын ашып айтпай, қосып айт».
Білікті жан ешкімге жалпақтамайды. Жандайшаптанып жоқты-барды сөз етпейді. Нені болса да, өз кезегі келгенде қозғап, ұта сөйлейді. Елді ойлайды, жұртты бірлікке шақырады.
(жалғасы бар)
"Егемен Қазақстан" газетінің әртүрлі санынан топтастырып, ұсынған: Мақпал Сембай
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір