• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

28 Наурыз, 15:00:07
Алматы
+35°

Жалпы президенттер де – пенде. Олардың аузынан шыққан сөздерден бәрі де алтын емес. Негізі, «атылған сөз–  айтылған оқ». Сондықтан абайлап айтпаса, сөйлемесе, болмайды. Бір ғана мысал, қаңтар айының аяғында Венесуэладағы халық толқуына қатысты баспасөз мәслихатын өткізген АҚШ президентінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Джон Болтонның журналистердің алдында жұмбақ сыры мәлім болып қалған. Ол блокнотын қайыра тұрып сөз сөйлеген. Ал қайырылған қағаздың сыртында «Ауғанстаннан әскер шығарып, Колумбияға қарай бес мың сарбаз жіберу керек» деп жазылған сөзді телеоператорлар мен тележурналистер қалт жібермеген. Сөйтіп, Ақ үйдің жасырын саясаты тележурналистер арқылы мұқым дүниеге мәлім болды. Бұл Венесуэлаға жасалатын АҚШ- тың құпия құжаты болғаны белгілі. Ол Болтонның тәжірибесіздігінің салдарынан жұртқа жария болды. Енді журналистер мен сарапшылар «АҚШ қашан Венесуэлаға Колумбия арқылы әскер кіргізеді?» деген болжамды талқылап әлек.

Жалпы әпербақандық әрекеттер АҚШ президенттеріне тән десек, артық айтқандық емес. 2005 жылы Нью-Иоркте өтіп жатқан БҰҰ-ның мерейтойлық саммитіне әлемнің 105 елінен президенттер келген. БҰҰ-ны дамыту жөніндегі саммит келелі мәселені талқылап жатқан тұста АҚШ президенті Джордж Буш артында отырған мемлекеттік хатшы Кондолиза Райсқа ақ қағазға бір нәрсе жазып, ұсынған. Осы сәтті аңдығын фототілшілердің бірі оны дереу фотоға басып алған. Ал ақ қағазда « маған қазір тұрып кетуге бола ма? Әжетханаға бару керек» деген президенттің айбақ-сайбақ жазуы болған. Буштың артында тұрып қағазды оқыған Кондолиза Райстың суреті бүкіл төрткүл дүниеге осылай тараған. Сол сәтте Буш әжетханаға барды ма, жоқ па, мәселе онда емес, Әңгіме әпербақандау президенттің қара маржан әйел Кондолиза Райсқа жазған бір тілім хатында болып тұр. Әрине, күлкілі нәрсеге күліп қарайсың, қашанда...

Кіші Буштың президенттік лауазымға сай емес, мұндай ебедейсіз әрекеттері көп-ақ. Ол Еуропадағы өткен бір жиында орындыққа өзінен бұрынырақ келіп отырған Германияның канцлері Ангела Меркельдің жанынан өтіп бара жатып, бүйірінен түртіп қалғанын да бүкіл саясаттың айналасындағылар біледі. Құттықтағаны емес, қытықтағаны болар.

2011 жылы Британияның халықаралық даму жөніндегі министр Эндро Митчелдің премьер-министр Дэвид Кэмеронның резиденциясынан кейін журналистердің алдына шыққан. Бірақ ол соншалықты ештеңе айтпаған. Бірақ қолындағы папканың сыртында «Ауғанстанға қаржылық көмек көрсетіп, Хамид Карзайды президенттіктен кетіру керек. Сонда ғана Ауғанстанда жағдай дұрысталады», -деген қолмен жазылған жазуды журналистердің көзі шалған.

Әрине, мұндай жазу мен мемлекет басшыларының ебедейсіз ерсі қылықтары мен аңқау әрекеттерін фототілшілер мен телеоператорлар қалт жібермейді. Тіпті өрескел айтылатын қалжыңдар да кейде халықаралық дүрдараздық тудыратыны ақиқат. Бір ғана мысал, 1984 жылы АҚШ президенті Рональд Рейган сенбі күні өзінің дәстүрлі жолдауын жолдар алдында журналистердің алдына шығып, Ресейге қатысты қағытпа қалжыңдар айтқан. «Құрметті отандастар, мен  бір нәрсені қуана мәлімдегім келеді. Бірнеше уақыттан кейін сіздер бұрын-соңды болмаған жаңалықты естисіздер. Бұйрық берілді. бес минуттан соң Ресейді бомбалайтын боламыз!». Бірақ мұндай қолайсыз қалжыңдар ешкімге абырой әпермесі  анық. Бұған Совет Одағы тиісінше жауап қатты, Рейганның бұл мәлемдемесіне түсініктеме беруді талап етті. Расында да бұл кез Кеңес Одағының іргесі шетіней бастаған кез еді. Дәл осы Рейганның тұсында Кеңес Одағы келмеске кетті. Демек оның қолайсыз қалжыңы ақырында ақиқатқа айналды.

Тарихта мемлекет басшылары мен министрлердің байқамай сөз сөйлеп, ол дүйім жұртқа мәлім болып кететін оқиғалары өте көп. 1993 жылы Британияның премьер-министрі Джон Мейджер микрофонның қосылып тұрғанын ұмытып кетіп, жанында отырған әріптесіне «Еуропаның бірлігін қолдамай жүрген өзіміздегі үш министрді қызметтен қуу керек» деген сөзі де жұртқа естіліп қалған.

Тағы бір мысал, 2012 жылғы өтетін Олимпиадаға Лондон мен Париждің үміткер болғаны белгілі. 2005 жылы Франция президенті Жак Ширак  Владимир Путин мен Германия канцлері Герхард Шредермен әңгімелесіп тұрып «Еуропаның ауыл шаруашылығына британдықтардың қосқан үлесі–құтырған сиырлар ғана. Олар бұл түрімен қалай болашақта Олимпиада өткізеді?– деп күлген. Бұл да айналасында тұрған БАҚ өкілдеріне микрофн арқылы естіліп қалған.  Бірақ нәтижесінде Францияда емес, олимпиада Лондонда өтті. Ал Жак Ширактың айтып тұрғаны не? Сол жылдары Ұлыбританияда ірі қара малдың құтыру ауруынан қырылғаны белгілі. Бірақ Жак Ширак микрофонның қосылып тұрғанын елемей, осылай ағылшындарға қарата назын айтып жіберген.

Тарихта мұндай күлкілі, қызықты әрі әпербақандық әрекетті көрсететін оқиғалар аз емес. Бірақ қалай айтқанда да, мейлі ол президент болсын, зілсіз айтылған қарапайым қалжыңға ештеңе жетпейді ғой. Ал олай болмаса, «отыз тістен шыққан сөз отыз рулы елге тарап» кетеді. Негізі,  бұралқы сөз күлмекке жақсы ғой...

 

Берік Бейсенұлы

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір