• USD 383.43
  • EUR 429.83
  • RUB 5.96
  • CNY 55.39

06 Ақпан, 2019 Тарих

Нұхтың кемесі табылды...

Қазақстандағы Қазығұртпен қоса Өзбекстандағы Нұрата тауына да Нұхтың кемесі тоқтаған деген аңыз бар.

                                 

 

 Ақырзаманның жақындап қалғаны жайындағы идеяның ауада қалықтап жүргеніне қаш-шан. Әсіресе Голливудтың кинофильмдері әлемдік апат пен жаһандық жойылуды «жарнамалаудан» алдына ешкімді салмай тұр. Осыны көрген жер тұрғындарының біразының: «Шынымен ақыр заман бола қалса, біз не істейміз?» деп үрейге берілуіне таңғалуға болмайды. Біраз мемлекеттің миллиардерлері  шамамен Нұхтыкіне ұқсайтын алып кеме тұрғызып та қойыпты. Алып кеменің бортында жаһандық апат бола қалса жан сауғалауға болатын барлық нәрсе бар: су, азық-түлікті айтпағанда түрлі жан-жануарларға дейін. Діни кітаптарда жазылғандай бәрі қос-қосымен. Ағаштан жасалған кеме бірнеше шақырымнан көзге түседі. Көлемі бес қабатты үйдей. Қасиетті кітапта  қалай сипатталып жазылса,  кеме дәл сондай етіп жасалынған. Иелерінің  енді тек топан суды күтуі қалған.

 Ежелгі Нұх кемесінің табылғаны жөніндегі сенсациялық хабарлар интернет бетінде өріп жүр. Соңғы рет қытайлар «біз таптық» деп әлемге жар салған. Тіпті видосына дейін көруге болады. Бірақ  оған әлемнің беделді  ғалымдары сеген жоқ. Соған қарағанда кезекті сенсациялық ақпарат.

Ал енді осы Забур, Тәурат, Інжіл, Құран Кәрімде бірдей айтылатын Нұх пайғамбардың кемесі тоқтаған тау Палестинадағы Синай ма, Арабиядағы Әл-Жуди ме, Кавказдағы Арарат па, Қазақстандағы Қазығұрт па, Өзбекстандағы Нұрата ма?

 Тур (Синай) тауында сыйға берілген Өсиет Кемесі

 

 Құран Кәрімде қатыгез Перғауынға қарсы шыққан Мұса пайғамбарға Тур тауында Жаратушының Өсиет Кеме сыйлағаны, бұл Кеме мүміндерге алғыс пен тыныштықтың белгісі ретінде берілгені айтылады. Сондықтан да ұзақ жылдар бойы иудеи мен христиандар және мұсылмандар жоғалған Өсиет Кемені табуға күш салды. Мұса пайғамбар мен бауыры Харун пайғамбардан қалған Қасиетті Кеменің із-түзсіз жоғалып кеткен кезі – біздің дәуірімізге дейінгі 587 жыл. Иудейлер Құдыста (Иерусалимде) жоғалған Кемені қайтып келген Құтқарушы табатынына, христиандар ақырзаманда көктен түскен Иса Мәсіхтың табатынына сенеді. Мұхаммед пайғамбардың хадисі бойынша қасиетті Кемені заманақырда жер бетіне тыныштық пен
әділдік әкелуші Мәді (Махди) Антакья деген жерден іздеп табады. Хадисте айтылған Антакья қаласы қазіргі Түркия аумағында, Сирия шегарасына жақын жерде. Қасиетті Кемені табу мақсатында бұл аймақтың әрбір бұрышы ғалымдар тарапынан әлі күнге зерттелу үстінде.

 

 Інжіл бойынша Нұх кемесі тоқтаған тау – Арарат

 

 Қасиетті «Тора» кітабында «Ұлы топан судан соң Нұхтың (Ной) кемесі 7 ай және 17 күннен кейін Арарат тауының басына аялдады» деп жазылған. Арарат тауы Түркия аумағында. Армян таулы қыратына кіретін Арараттың 5165 метрлік ең биік шыңын алғаш Паррот атты альпинист 1829 жылы бағындырған. Ал тау басындағы кемені өз көзімен тұңғыш көрген Адам – ағылшын Джордж Хагопиан деген кісі. Ол 1905 жылы 10 жасында атасымен ілесіп тауға барғанда көріпті. Кейін Хагопиан ол жер таудың дәл қай тұсы екенін сол бойы есіне түсіре алмай, 1972 жылы қайтыс болды.
          Арараттың басынан кеме көрген тағы бір адам – ресейлік авиатор
Росковицкий. Ол 1916 жылы тау басынан әскери крейцерге ұқсас,
шірімейтін кипарис ағашынан жасалған кемені байқайды. Осы хабар
бойынша, көп ұзамай, Петербургтен шыққан арнайы экспедиция Арарат тауының басына аттанады. Бір айдан соң олар іздеген кеменің үстінен түсіп, барлық зерттеу материалдарын суретімен қосып Петербургке жөнелтеді. Өкінішке қарай, 1917 жылғы революция Ресей астанасының астан-кестеңін шығарып, Росковицкий болса шет елге ауып кетеді.

 1943 жылы америкалық екі ұшқыш Арараттың төбесінде ұшып бара жатып, өздері байқаған кеменің сұлбасын суретке түсіріп алады. Сурет бойынша зерттей келгенде, кеменің ұзындығы – 167 метр, ені – 50 метрден астам, биіктігі – 16 метр екендігі анықталған. Өкінішке қарай, тағы да кеме қалған жерді ұзақ жылдар бойы қайтып табу еш мүмкін болмады. А

Ақыры талай уақыт сарсылтқан кеме осыдан бірнеше жылдар  бұрын табылған болды, бірақ Арараттың басынан емес, түрік-иран шегарасына жақын тау етегінен. Тапқандар – америкалық зерттеушілер Рон Валет пен Доналд Хессел. Анкарадағы Ата Түрік университетінің бас геологы Салих Байрактуан табылған кеменің жасын 100 мың жыл деп белгіледі. Бірақ басқа зерттеушілер кеменің жасын тап басып анықтай алмай, әрі оның тау басынан емес, етегінен табылғаны жер бетінің тектоникалық өзгеріске ұшырауынан делінсе де, күдік отын қоюлата түсті. Оның үстіне Христиан Шіркеуі де «қасиетті қайыққа» батасын беруге асыққан жоқ. Көп ұзамай,
мұның Нұқтың кемесіне ұқсатып жасалған жасанды екені жария болды.
Мұсылман түрік елі діндар христиандардың қаптауынан қауіптенді ме, ел үкіметі туристердің жолына бөгет болып, зерттеу жұмыстарына қатаң тыйым салды.

 1997 жылы «Вашингтон пост» газеті ЦРУ қызметкерлерінің шпион-спутник арқылы «өз көздерімен» көрген Нұқ кемесінің сұлба-суретін жариялады.

 

 

Нұх кемесі жайында Құран Кәрім не дейді?

          Қасиетті Құран Кәрімде Нұх пайғамбардың кемесі топан суда 150 күн мен түнді өткеріп, Әл-Жуди тауына тоқтағаны айтылады. Зерттеушілердің айтуынша, бұл тау қазіргі Ирак аумағында орналасқан делінеді. «Әл-Жуди» сөзі кейде таудың географиялық нақты атауы сияқты айтылғанмен, араб тілінен аударғанда, жай ғана «биік орын, шың, шоқы» дегенді білдіреді.
«Тора» (Тәурат) бойынша ғаламдық апат болып, жер шарын түгел топан су басқан делінсе, Қасиетті Құран Кәрімде бұлайша нақты анықтау жоқ. Қасиетті аяттарға сүйенген қазіргі заман ғалымдарының зерттеуінше, топан су күллі планетаға емес, Нұх пайғамбардың халқына ғана келген апат, яғни белгілі бір аймақпен шектелген зауал. Соған сай топан су құрлықты түгел баспаған және жер бетінің халқы түгел қырылмаған. ХХ ғасыр археологтарының зерттеуі бойынша, топан су біздің дәуірімізге дейінгі 3000 жылдарда болған және жер бетінен бүтіндей бір өркениетті жойып жіберген. Яғни бір белдеуде орналасқан төрт қаланы бір сәтте түгел жалмаған. Бұл кенттер – Месопотамия ойпатының маңызды сауда орындары – Ур, Урук, Қыш және Шуруппак. Ежелгі Ур (қазіргі аты – Телль Эль-Мухайер), Киш (қазіргі аты – Телль-Аль- Ухаймер), Шуруппак (қазіргі аты – Тель-Аль-Фара) қалалары аумағынан біздің дәуірімізге дейінгі 7000 жылдардан берменгі өркениеттің аса мол қалдықтары табылған.

 Аталған аймақтарда қазба жұмыстарын жүргізген неміс археологы Вернер Келлер кезіндегі өркениеттің топан судан, сел мен лай тасқынынан қарап болғанына нақты айғақтар келтіреді. Мұны Шумер жазбаларында біздің дәуірімізге дейінгі 3000 жылдарда Шуруппак ауданында дамыған өркениеттің болғандығы туралы деректер те растайды. Парсы шығанағына қарай саты түрінде аласарып, қатты майысқан Месопотамия ойпатының атауы «Екі өзен аралығы» деген мағына береді, ойпат арқылы түгелдей Тигр және Евфрат өзендері көктей ағып өтеді. Топан су осы екі өзеннен туған. Яғни Тигр және Евфрат тоқтаусыз құйған жаңбыр суымен бірге арнасынан асып-тасып, бүкіл Месопотамияны селдің астында қалдырған және су ұзақ
уақыт бойына тартылмай тұрған (Ақиқатын, әрине, Алла біледі).

 

«Қазығұрттың басында кеме қалған, Ол әулие болмаса неге қалған?»

 Арарат тауының басынан Нұқ пайғамбардың кемесін ғарыштан іздеп таппай жүрген әлем ғалымдары оның Қазығұрттың басында қайраңдап қалғанын біле ме екен. Ең қызығы, Арараттың төбесінен әуе кемесі ұшқанмен, Қазығұрттың қақ төбесінен ұшақ ұшпайды. Себебі Қазығұрттың төбесіне келгенде, әлдебір магниттік құбылыстың әсерінен ұшақ құралының тілі дірілдеп, үнемі төмен түсіп кететінін байқаған ұшқыштар бұл қауіпті болғандықтан, қасиетті тау үстін қайтып жол қылмайтын болған.
Қазығұрт асуының басындағы «Кеме қалған» жерде тас кеменің орны бар.Қазір  Қазығұрт тауының Нұқ кемесі тоқтаған тұсына  ескерткіш орнатылған. Өзбекстандағы етегінде Әйтеке би жатқан Нұрата тауына да Нұқтың кемесі  тоқтаған деген ел арасында аңыз бар. Кім білсін...

 

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

0 пікір