• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 10:40:24
Алматы
+35°

06 Ақпан, 2019 Денсаулық

Онкологиялық аурудың алдын алу үшін қайтпек керек?

– 30 бен 70 жас аралығындағы әйелдер жатыр мойны қатерлі ісігіне тегін тексеріледі;

Біздің елімізде ғана емес, бүкіл әлемде, өкінішке қарай, онкологиялық аурулардың түрі де, оларға шалдыққан науқастардың саны да көбеюде. Көптеген адамдардың бұл диагнозды үкім ретінде қабылдайтыны рас. Бірақ қазіргі заманғы медицина мен ғылым онкологиялық аурулардың басым бөлігін емдеуге мүмкіндік береді. Оларды емдеуге жыл сайын миллиардтаған қаражат бөлінеді. Биыл ол қаражат көлемі тағы да біршама артты.

«Астана қаласы бойынша онкологиялық аурулар бойынша 2018 жылы 3 782 678 теңге бөлінсе, осы жылы, яғни 2019 жылы 4 708 215 теңге бөлініп отыр. Сондай-ақ, онкологиялық бағдарламалар шеңберінде қосымша қаражат қарастырылған» дейді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Астана қаласы бойынша филиалының директоры Нұрлыбек Қабдықапаров.

Медицина тілінде онкология — гректің «қатерлі ісік және ілім» деген сөзін білдіреді. Обыр жасушасы тез өсіп, белгілі бір уақытта қан және лимфа тамырлары арқылы ағзаның мүшелеріне тарайды немесе балалайды. Сөйтіп, жылына жер бетінде миллиондаған адамдардың өмірін жалмайды. Бұл көрсеткішті азайту жолында дәрігерлер қолдан келген мүмкіндікті жасауда.

♦Дерті асқынып, дәрмені таусылған Айнұрдың рухы күннен-күнге күшейіп келеді

Ал әр адам өз тарапынан не істей алады?

Дәрігерге дер кезінде қаралу арқылы аурудың қаупін азайта алады. Егер дер кезінде скринингтік зерттеулер жүргізілсе онкологиялық аурулардың басым бөлігін ерте анықтауға болады. Обырды дер кезінде анықтау ем-домның нәтижесін арттырып, пациенттердің өмірін ұзартуға, өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Мысалы, сүт безі обырын бастапқы кезеңде анықтаған жағдайда науқастардың 94 пайызын толық емдеп жазуға болады.

Кейбір азаматтар онкология диспансеріне жіберген кезде қорқып, 3-4 ай немесе 1-2 жылға дейін бармай, аты жаман ауруды өздері өршітіп алады. 1-2 жыл жүргеннен кейін қатерлі ісікті тоқтату қиын, ары қарай өсе береді. Басқа бір факторлар әсер ететін болса, тіпті қиын. Кейбір науқастар ісікті қыздырады немесе массаж жасайды. Қатерлі де, қатерсіз де ісіктерді олай үгіп, уқалап (массаж жасап), басқа нәрселермен қыздыруға мүлдем болмайды. Ондайда қатерлі ісік өрши береді. Өршіген сайын жасалған емнің де тиімділігі төмендей береді. Науқастар дәрігерге обырдың жаңа басталып келе жатқан сатысында келетін болса, тағайындалған емнің  тиімділігі, нәтижесі жоғары болады.

Қатерлі ісік қайдан пайда болады?

Қатерлі ісіктің қайдан пайда болатынын дөп басып айту қиын. Қатерлі ісіктің пайда болғаны, өкінішке орай, адамға бірден білінбейді. Тек ісік өскен кезде, жан-жағындағы үлкен жүйке талшықтарын, тамырларын немесе асқазан, тік ішек, т.б. секілді ағза мүшелерінің саңылауын жапқан кезде ғана байқалады.

Қатерлі ісіктің пайда болу ошақтарының бірі — созылмалы аурулар. Сондықтан созылмалы ауруларды уақытылы емдеткен дұрыс. 

Деректер

2018 жылдың соңындағы есеп деректері бойынша, Астанада 9665 адам қатерлі ісік бойынша диспансерлік есепте тұр. Оның 1846-сына қатерлі диагноз алғаш рет қойылған.

Елімізде онкологиялық аурулардың ішінде сүт безі, жатыр мойны, тік ішек, асқазан және өңеш, простата безінің қатерлі ісігі сынды түрлері көп кездеседі.

2018 жылы сүт безі қатерлі ісігінен 315 әйел көз жұмған. Өкпе обыры 754 адамның, ұйқы безі обыры 202 науқастың өліміне себепші болды.  

Алдын алуға бола ма?

Әрине. Профилактикалық тексерулер мен скринингтерден өтіп тұрыңыз.

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Астана қаласы бойынша филиалының директоры Нұрлыбек Қабдықапаровтың айтуынша, 2019 жылы, жалпы, профилактикалық тексерулер үшін 237 млн 342 мың теңге бөлінген.

Скрининг – шағын болса да ең қажетті деген тексерулерден тұратын зерттеулер кешені. Көпшіліктің тегін жасалатын осы тексерулерден өтпейтіні жасырын емес. Оның себебі – адамдар жаман хабар естуден қорқып дәрігерге қаралмайды. Дегенмен ауруды ерте анықтаған жағдайда оны емдеу де оңай болатынын ұмытпаған жөн.

Тегін скрининг түрлері:

– 40 пен 70 жас аралығындағы әйелдер сүт безі обыры қаупі жоғары топқа жатады. Сондықтан олар маммографиялық тексеруден тегін өтеді;

– 30 бен 70 жас аралығындағы әйелдер жатыр мойны қатерлі ісігіне тегін тексеріледі;

– 50 мен 70 жас аралығындағы ерлер де, әйелдер де тоқ ішек пен тік ішек обырына тегін тексеріледі.

I Am. And I Will

4 ақпан – Дүниежүзілік онкологиялық ауруларға қарсы күрес күні. Бұл күнді атап өтудегі мақсат – жұртшылық назарын ғаламдық проблемаға аудару болатын. «Мен. Мен бармын» (I Am. And I Will) деген ұранмен өтетін биылғы іс-шара әрбіріміздің обырға қарсы күреске үлес қосуымызға мүмкіндік береді. 

Дүние жүзілік денсаулық сақтау ұйымдары сарапшыларының бағалауы бойынша дұрыс тамақтану, белсенді өмір салты және де темекі шегуден бас тарту арқылы онкологиялық аурулардың 40%-ның алдын алуға болады екен. Ендеше аурудың алдын алу, одан сақтану үшін өз қолымыздан келетін шараларды жасауды естен шығармайық. Айтылған ақпараттарды бойымызға сіңіріп, орындауға тырыссақ аты жаман ауру бізден алыстай түсері анық. Денсаулығымызды сақтай жүрейік!

"Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" КЕАҚ

Астана қаласы бойынша филиалының баспасөз қызметі

Ұсынған: Әсел Болатқызы

Әсел Болатқызы

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір