• USD 378.65
  • EUR 430.07
  • RUB 6
  • CNY 55.1
22 Тамыз, 20:23:29
Атыраулық «Жасыл ел» сарбаздары облыс аумағын 180 текше метр қоқыстан тазартты

06 Ақпан, 2019 Айтты-ей, бауырың!

Ауылға қайтшы, бауырым, ауылға…

Ауылда тудық, ауылда өстік. Ауылдан түлеп ұштық. Сол ұшқаннан қайтпадық.

«Ауылда тудық, ауылда өстік. Ауылдан түлеп ұштық. Сол ұшқаннан қайтпадық. Мен, жарайды, қыз баламын. Жат жұрттық. Осы Алматыда жүріп, Құдай қосқан теңім табылып, қалып қойдым. Шүкір, өсіп-өніп отырмыз.

Ал сен, бауырым, əлі ұшып жүрсің. Мектеп бітіргеніңе он жыл болды. Ауылға қайтатын ойың жоқ. Не жүріс? Қандай арман? Не мақсат? Айналдырған үшеу-ақпыз. Ағамның есігінің алдына шықсаң, сасық иістен басың айналатын, екі бөлмелі күркетауықтың ұясындай "времянкасында" қашанғы қыстырылып тұра бермексің? Ауылдағы даңғарадай жеті бөлмелі үйімізде əке-шешеміз қашанғы сопайып отырады?! Жердің жәннәтын, таза ауа, ұлан ғайыр даланы, асқақ таулар мен кербез төбелерді неге осы тас қаладан, лас қаладан, өзің тұрып жүрген Алматының бар қоқысы жиналатын ауданындағы күркеден кем көресің? 

Есіңде ме, əкеміз айтушы еді ғой: «Мен кеш үйленіп, осы үшеуіңе əрең жеттім. Енді сендердің əрқайсысыңда кемінде бес баладан болуы керек» деп. Ағамызды көріп тұрсың, денсаулығы жоқ. Ауылдан кеткенде қандай еді? Таза тамақ жеп, таза су ішкен апталдай азамат еді ғой. Оның өзі қанша жыл жүрді, пəтерден пəтерге көшіп. Əке-шешеміз ақша төлеп, колледж бітіртті. Мамандығы бойынша бір күн де істемеді. Өйтіп-бүйтіп əйтеуір, жер алуға қолы жетті. Оны да анамыздың мектептен алатын жалақысына несие алып, əкеміздің баққан сиыр, жылқысын сатып әрең алды. Өзі де ауыр жүк түсіріп, вокзалда істеп, ақыры денсаулығын құртты. Құдайға шүкір, бір қызы бар, əйтеуір. Өмірі ештеңеге риза болмай жүретін жеңгеңнің қас - қабағына қарап, күңкілін тыңдап жүргенше, анаңның аялы алақанының астында, шешеңді, əкеңді алақаныңа салып, неге ауылда тұрмасқа?

Байқайсың ба, ағамыз ауылдан кеткелі əке-шешеміздің несиеден көздері ашылмады. Құрылысқа алды. Содан соң "машина алам" деді, одан машинасын соқты. Оны неше рет жөндетті. Ескінің майы татымайды емес пе, ақыры сатты. Əкеммен жақында сөйлестім, тағы несие алып саған машина алыпты ғой. Маған айтпайды. Ұрсамын ғой.  Сенің де істеп жүрген жұмысың жұмыс емес. Экспедитор. Үш жыл колледжді не үшін оқыдың? Аптасына алты күн, күніне сегіз сағат рульде отырасың. Ол аздай ауыр ауыр тауар түсіресің. Отау құрып, балалы болғың келмей ма? Түріктер сені аяйды ғой дейсің бе, денсаулығың жарамай қалса, лақтырып жібереді. Орныңа тағы бір қазақты алады сен сияқты, «арманы пəс, мақсаты бұлыңғыр». Сол алатын 80 мыңды ауылда отырып-ақ, денсаулығыңды құртпай, керісінше таза ауада шынығып жүріп табуға болады ғой. 

Анау үш үйден кейін тұратын Айбарды қарашы. Сенен екі-ақ жас үлкен. Ауылда-ақ тұрады. Мінгені - жаңа машина. Үйін тап-тұйнақтай етіп жөндеп қойған. Білесің ғой қазір, ауылда əр үйде су да бар, қаладағыдай жайлы жағдай жасап алуға әбден болады. Тіпті, интернет те "ұрып" тұр. Басқа ауылдарды білмеймін. Дəл біздің ауылда. Мал ұстайды. 15 бас сиыр жинап алыпты. Əпкесі менің құрбым ғой, білесің. «30-ға жеткізем. Сосын төлін семіртіп, сатып отырам»,- дейді екен. Сонда тіпті, айына бір ғана танасын сатса да, сенен екі есе көп пайда көреді. Таза пайда. Ал сенің алатын ақшаң күнделікті жолыңнан, киімің мен тамағыңнан артылмайды. Тіпті анаңа бір орамал да əперуге жетпей қалады. Сондағы жейтін тамағың  - қытай лапшасы, арзан колбаса, ішетінің - жасанды сүт. Ауылдан анда-санда келетін құрт, май, етің де болмайды, болашақта. Дəл осылай жүре берсең. Əке- шешең жасарып жатқан жоқ, жер ортадан асты. Сонда олар ұлдарын немерелерінің қылығын қызықтамай, осылай қартайғанда соқа бастары сопайып бітпейтін несиелеріңді төлеп отыру үшін дүниеге əкелді ме?!.

Күш-қуатың бойыңда болып, тау қопарып тас жаратын, нағыз тіршіліктің қызу майданына түсетін жастық шағыңды Алматының алдамшы жылтыр дүниесіне айырбастап, кейін әл-қуатың кетіп, жалғыз қалғанда ауылда әке-шешең де қалмас. Сол кезде барсаң сені кім сыйдырады, кім үйіне кіргізеді?

Света Ыбырайымованың фейсбук парақшасынан алынды

Ұсынған: Мақпал Сембай

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір