• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 19:39:50
Алматы
+35°

07 Ақпан, 2019 NEWS

20 бала тапқан ана: Әкімдіктегі хатшы қыздың қаһарынан кейін үй сұрамайтын болдым

Қазақтың ұпайын түгендейтіндей етіп көп балалы аналардың мәселесін шешуге болар еді

Қазақтың ұпайын түгендейтіндей етіп көп балалы аналардың мәселесін шешуге болар еді.Qamshy.kz ақпарат агенттігі 27 жылда 20 бала тапқан анамен сұхбатты назарларыңызға ұсынады.

– Қамаш апа, қаңтар айында 80 жасқа толыпсыз. Алдымен өзіңізді сексеннің сеңгіріне келуіңізбен құттықтаймын.  Күйлі-қуаттысыз ба?

– ... Енді шамалы ауырыңқырап қаламын. 27 жылда 20 баланы өмірге әкелдім. Оңай емес. 80 жасқа келіп отырмын.  Осы күнге жетіп, балаларымның қызығын көріп отырғаныма тәубә деймін. Қазіргі қоғамда болып жатқан келеңсіздіктер кейде жанымды ауыртады. «Жастар аман болсын» деп тілеуін тілеп отырамын. Болашақ жастардың қолында ғой. Сондықтан жас балалардың амандығы бізге үлкен олжа. Қазіргі жастардың оқуы да, жүріп-тұруы да, әлеуметтік жағдайы да қаржыға келіп тіреледі емес пе?! Біздің кезімізде заман кең болды. Соның өзінде маған 20 баланы өсіру оңай болмады. Ер азаматым өмірден ерте озды. 16 қызбен 4 ұлды жеткізу жалғыз менің мойнымда қалды. Ол кездері балалар бірін-бірі қарап өсіп, бірінің киімін бірі киіп ержетті ғой. Қазір заман басқа, заң басқа. Қазіргі балаларды өсіру үшін де, оларды дамыту үшін де орасан күш керек. Қай заманда болсын, баланы өсірудің жауапкершілігі ерен. Өмірге келген ұрпағың елге қызмет етіп, сеніміңді ақтап тұрса дейсің. Қазіргі балаларымның өсіп-өніп отырғанына қарасам, мен осы мақсатыма жеткен тәріздімін. Шүкір деймін...

– Сіз, қоғамдағы келеңсіздіктерге жаным ауырады деп қалдыңыз. Біздегі көп балалы аналардың мәселесі сізді толғандыра ма? Бұл ретте не айтар едіңіз?

– Әрине, толғандырады. «Мынау 80-ге келіп алып көлгірсіп отыр» демесін. Бірақ, соңғы жайттар расымен де өзекті өртейді-ақ. Жас балалардың қараусыз қалуы, ата-аналарының бала тәрбиесіне араласа алмай, күні-түні жұмыс істеуі алаңдатады. Кім-кімді болсын ойлантатын дүние. Бізде көп балалы аналарға бөлінетін жәрдемақы мен бала күтіміне байланысты әйелдер демалысқа шықса бала бір жасқа толғанға дейін төленетін жәрдемақы дегеніңіз тиын ғой. Менің кенже ұлым Кенжеғұл АҚШ-та, Лондонда, Жапонияда оқып келді. Сол балам айтып отырады, «шетелде сіздей аналарды төбесіне көтереді» деп.

Ана

– Ал сіз оған не дейсіз? Жалпы, еліміздегі көп балалы аналарға қатысты атқарылып жатқан шаруаларға көңіліңіз тола ма?  

– Сенсеңіз, осы уақытқа дейін «20 бала таптым, сен маған бірдеңе бер, жағдайымды жаса» деп құзырлы орындардың алдына барып ештеңе сұрап көрмеппін. Осыдан біраз жыл бұрын маған «Елбасының қабылдауында боласыз» деп шақырды. Сол кезде ғой «алдына барғанда баспана сұра, үй ал» дегендер болды. Бірақ Президенттің алдына барып баспана мәселесін айта алмадым. Сұрай алмадым. Жалғыз-ақ осы кенже ұлым Кенжеғұлдың шетелде оқығысы келетін мәселесін айттым. Кенже ұлым – 1 топтағы мүгедек зағип. Бірақ өте білімді. Өз білімінің арқасында шетелде оқып келді. АҚШ-та, Лондонда, Жапонияда білім алды. Сол ұлымның айтуынша, «шетелде көп балалы аналарды алақанға салып ұстайды. Ал бізде өкінішке қарай, көп балалы аналар толыққанды қамқорлық сезініп отыр деп айта алмаймын.

– Дұрыс айтасыз, мысалы, Жапонияда үш баланы өмірге әкелген әйелдердің өзін көп балалы аналар санатына жатқызып,  оларға мемлекеттік қордан ай сайын жалақы төленіп отырады екен. Тегін үй беру мәселесі де ұтымды шешілген. Ал сіз 20 бала тапқан ана ретінде қоғамда құрметке ие бола алдым деп ойласыз ба?

– Айрықша құрмет күткенім жоқ. Сол ел қатарлы өз күшімізбен үй алдық. Балаларды да өз күшімізбен оқыттық. Үлкендері кішілерін сүйреді. Кішілері жетекке ілінді. Бірде-бір адамға барып «маған үй әпер, баспана бер» деген жоқпын. Жалғыз-ақ, осы Кенжеғұлым оқуға түскен жылы көзі көремейтін баланы жетектеп жүретінмін. Сабағына апарамын, сыртта күтіп жүремін, алып қайтамын. Сол кезде екеумізге де Алматының шетіндегі Алатау совхозынан қалаға қатынау қиын болды. Содан бір күні әкімдікке Алматыдан үй алуға өтініш жазу үшін барған едім. Қабылдау бөлімінде отырған хатшы қыз «менің апам 10 бала тапқан. Ол кісілер сіз сияқты үй сұрап жүрген жоқ қой» деген соң жиналып алып кетіп қалдым. Міне, біздегі құрметтің түрі осы.

– Сіздіңше, болашақта көп балалы аналар құрметке лайық болуы үшін не істелу керек деп ойлайсыз?

– Менің бір таң қалатыным, халықтың саны көбейсін десек, неге көп балалы аналар өз деңгейінде көмек алмайды. Мені қойшы, балаларым өз қолы өз ауыздарына жетті. Ал қазіргі жас аналардың жағдайы қиын ғой. Оларға мемлекеттен тегін үй алу, тегін жер алу мәселесі шешілмеген. Бала бір жасқа толғанша  декреттік демалыс беріледі. Оның ақшасы нәресте бір жасқа ғана толғанша төленеді. Бұдан соң ақшадан тарыққан аналар еріксіз бір жастағы баланы анда-мында қаратып жұмысқа шығады. Бір жастағы баланы балабақшаға берудің өзі қауіпті. Кеше Астанада бір үйдің бес баласы жанып кетті. Қалай жаның ауырмайды?! Демек бізге аналардың әлеуметтік жағдайын көтеру керек. Жұмыс істеп жүрген аналар үшін  нәрестеге төленетін ақша анасы жұмысқа шықса да тоқтатылмауы керек. Ал жұмыс істемей үйде отыратын аналардың балаларына төленетін жәрдемақыны көтеру керек. Бізде 4 бала тапқанға 10,005 теңге, ал күміс алқа, алтын алқа иегерлеріне 16 мың теңге жәрдемақы беріледі.  Осы мардымсыз ақшаны көп балалы отбасылар қалай жеткізеді?! Осы жағын ойлану керек. Мұны енді мен айтпасам да, үкіметтегілер біліп отыр ғой. Бірақ осы көп балалы аналардың мәселесін  қазақтың ұпайын түгендейтіндей етіп ұтымды шешуге болар еді. Бұған оқыған азаматтардың білімі жетеді деп ойлаймын. Сондықтан болашақта осы мәселелер оңынан шешімін тапқаны жөн.

– Сіз осы қазіргі жастарды көп бала табуға үндейсіз бе?

– Бұрын «көп балалы болыңдар, көбейіңдер» дейтінмін. Қазір «Алланың бергенін алыңдар» деймін. Жалпы, мен өзіме ештеңе сұрамаймын. Қазіргі жастар қиыншылық көрмесе екен деймін. Жастар тұрмыстың тауқыметін тартпай, оқып, білім алып өсіп өнсе сол жақсы. «Қазіргі жастардың денсаулығы, әлеуметтік жағдайы көп баланы асырауды оны көтере ме» деп те ойлайсың. Сондықтан әркім Алланың бергенін алсын. Қазақтың саны көбейгені жақсы, өскені жақсы.

– Сіз екеуміз осыдан 12 жыл бұрын сұхбаттасыппыз. Содан бері сіздің әулет те өсіп-өніп жатқан шығар. Сіздің шаңыраққа біз де береке тілейміз. Жалпы, сіз балаларыңызға қандай өнеге айтып отырасыз?
– Иә, көбейіп жатырмыз. Бірақ мен қазір немерелердің де, шөберелердің де саны, жалпы балалар туралы ешкімге ештеңе айтқым келмейді.  Себебі бірнеше рет осы туралы айтқанымда қатты ауырып қалған болатынмын. Осыдан 12 жыл бұрын өзіңе үлкен сұхбат беріппін. Содан бері бірді-екілі хабарласқандарға шет жағасын ғана айтып жүрмін. Бірнеше рет «фильм түсіреміз» деп хабарласқандар да бол­ған. Бәрінен бас тарттым. Біз қазақ ырымшыл халықпыз ғой, көз бар, сөз бар дегендей. Жастарға «үнемі еңбектеніңдер» деп отырамын. Кіші ұлым Кенжеғұл  мүмкіндігі шектеулі екенініне қарамастан еңбектеніп келеді. Балам Америкада 2,5 жыл тіл үйренді. Англияда 1,5 жыл магистратурада оқыды. Шетелдердің біразында болып қайтты. Негізі қазақ тілі мен орыс тілін қоспағанда ағылшын, жапон, неміс, испан, француз тілдерін біледі. Қазір түрік және корей тілдерін аудиокітаптар арқылы үйреніп жатыр. Бүгінгі заман еңбектенуді, өз күшіңе сенуді талап етеді. Сондықтан кейінгі ұрпақтың шаруасына тыңғылықты пысық болғаны дұрыс. Осыған орай балаларыма «еңбектің наны тәтті» екенін жиі айтамын.

-Сұхбатыңызға размет!

 Қарлығаш Зарыққанқызы

Nazerke Labihan

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір