• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 02:28:46
Алматы
+35°

07 Ақпан, 2019 Әдебиет

Қайран қазақ қалай ғана көп болар

Біздер өртеп жібердік –

Бес баланы – бес гүлді…

Періштелер-

Пейішке ұшып кетті олар,

Мазаламас енді қыздар ешкімді…

 

Шекесі тар шенеуніктер ұсақтап,

Балалардың несібесі тоналды….

Аязында Астананың бірін-бірі жылытумен құшақтап,

Жатқан қыздар жалынды отқа оранды…

 

Бұдан кейін біздерге  кім сенеді?

Көктей солды қызғалдақтар көкөрім…

Көкке ұшып кетті олар, себебі,

Жер бетінде  періштеге жоқ орын!..

 

Бейкүнәлар, азабыңды тартамын,

Жүрегіме салар ізін әр сыз күн…

Шыдады олар аязына Арқаның,

Шыдамады аязына  атқамінер арсыздың…

 

Қызыл отқа қидық қалай қыздарды,

Аяз би жоқ – алдан олар не күтті?.

Аязбеттер  болғанннан соң ызғарлы,

Аяз Ата жарылқар деп сеніпті…

 

Ақордамыз тұрған асқақ қалада,

Бес періште күлін көкке ұшырды…

Қызылорда – Қармақшыда қармақ салып балаға,

Улы түтін тұншықтырды үш ұлды…

 

Аузын ашса, өлең емес… Зар шыққан,

Қаламын тек қару еткен ақынбыз.

Бала жасай алмай жүріп балшықтан,

Барымызды өртеп келе жатырмыз…

 

Ел сенетін ерлеріміз қайда әлгі?..

Тұрмыстың бұл тұманы әлі торлауда…

Әлеуметтік қорғауымыз айналды-

Әлеуметті қорлауға!..

 

Тәуелсіздік – бағым-барым деп келем,

Әйтпесе көп жүректегі жарамыз…

Бес періште қазасына

Беттері бүлк етпеген

Билікпенен біздер қайда барамыз?!.

 

Қасиетсіз табыса алмас көп елмен,

Қасіретті ата-ананың таңдауы деп тауыпты…

Тілсіз жауды кінәлаймыз, дегенмен,

Бетсіз жаулар бәрінен де қауіпті!..

 

Соғыс жоқта құрбандықтың алды емес бұл, арты да…

Болды бізге биыл келген қыс ауыр…

Әкім егер жақын болса xалқына,

Алты ұлымыз болар еді алты ауыл!..

 

ӘлиНұр деп қойған атың керемет!

Шерін қалай тарқатайын көңілдің…

Нұр болса да есіміңде, не керек

Нұрын көрмей кеттің мынау өмірдің…

 

Абзал деген атың қандай қарағым,

Алдарыңда көп қоғамның қарызы…

Алдияр деп қойса да атын баланың,

Алдиярға жетпей кетті арызы…

 

Баспанасыз  қалды қазақ қыс күні,

Перзенттер жоқ

Тірліктен бұл мән қашты…

Балаларды өртеген от ұшқыны

Аналардың жалынына жалғасты!..

 

Ұран болар Ұлттың қашан бар үні,

Құтқарады құлдықтан кім сананы?

Өзегімді өртеген от жалыны

Жанымды өртеп барады…

 

Сүрінетін сүйексіңді сүреде

Тексіздіктен бізге бақыт жоқ қонар…

Тілін білмес – тірлігіңді біле ме!

Шет тілінде сөйлейтіндер шет болар!..

 

Дар ағашын дайындаған дараға,

Тұрмыспенен тұсау салып данаға,

Тиын-тебен тастап қойып балаға,

Бар байлығын шашып келген далаға,

Үкіметке үкім етер күн келді!

Шығарайық іштен тынған үнді енді-

Сіз қайдасыз, Ұлтқа қарыз Нар аға?!

Ерміз бе біз, Елміз бе біз –

Ендеше,

Бер Бостандық санаға!

Қазыбек Иса

Ұсынған: Әсел Болатқызы

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір