• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 06:32:12
Алматы
+35°

07 Ақпан, 2019 NEWS

Баянауылдағы қасірет: отбасынан айырылған әпкелі-сіңлілерге үй берілмек

Ведомствода мәлімделгендей, пештегі ыстың кесірінен отбасынан айырылған әпкелі-сіңлілердің жастары – 17 және 18-де.

Павлодар облысында отбасынан айырылған әпкелі-сіңліге әкімдік пәтер бермек. Бұл туралы Баянауыл ауданы әкімдігі хабарлады, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі.

Ведомствода мәлімделгендей, отбасынан айырылған әпкелі-сіңлілердің жастары – 17 және 18-де. Екеуі де Баянауылдағы аграрлық колледжде білім алып жатыр әрі колледж жатақханасында тұрады.

Ауыр қазаға орай әкімдік қыздарға Баянауыл ауылынан 24 шаршы метрлі бір бөлмелі пәтердің кілтін табыстайды. Сонымен қатар, жалғыз қалған әпкелі-сіңлілерді қолдау мақсатында ауданның жастар орталығы шот ашты. Облыс әкімі Болат Бақауов өрттен көз жұмған отбасының жақындарына көңіл айтты.

«Баянауыл ауданы Ұзынбұлақ ауылында бүтіндей бір отбасы қайтыс болды. Бекбатыровтардың жақындары мен туыстарына қайғырып көңіл айтамын. Жерлеу рәсімдерін ұйымдастыру шараларына барынша көмегімізді көрсетеміз», - деді Бақауов.

Еске сала кетейік, Павлодар облысы Баянауыл ауданы Ұзынбұлақ ауылында бүтіндей бір отбасы – әкесі, анасы және екі баласы ыстан уланып көз жұмды. Қайғылы хабар төтенше жағдайлар департаментіне кешкі 21:30-да келіп түскен. Белгілі болғандай, анасының аяғы ауыр, ішіндегі баласы 5 айлық болыпты.

«06.02.2019 жылы сағат 21:30-да Баянауыл ауданы Ұзынбұлақ ауылының әкімдігінен Павлодар облыстық төтенше жағдайлар департаментіне хабар келіп түсті. 14 шаршы метрді құрайтын жеке тұрғын үйде 4 адамның мәйіті табылыпты. Олар: Бекболатов Рустам – 1979 жылғы, Бекбатырова Наталья – 1980 жылғы, Бекбатырова Динара – 2004 жылғы, Бекбатыров Дамир – 2007 жылғы. Ауыл тұрғындарының айтуынша, Наталья жүктіліктің 5 айында болған. Әкесі мен анасы уақытша жұмыссыз жүріпті. Ауыл әкімі М.А.Мұқановтың айтуынша, отбасы түтіннен уланып қаза тапқан. Оқиға орнында жауапты мекеменің қызметкерлері және кезекші прокурор тексеріс жұмыстарын жүргізуде», - делінген облыстық төтенше жағдайлар департаментінің хабарламасында.

Ұсынған: Гүлім Жақан

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір