• USD 383.43
  • EUR 429.83
  • RUB 5.96
  • CNY 55.39

08 Ақпан, 2019 Тәлім мен тәрбие

Артыңда бата қалғанша, бота қалсын!

Сөздің де киесі бар.

 Кейде рульде отырып6 Қазақ радиосын тыңдап отырсаң, "Бата" деген хабар жүріп жатады. Сол хабарды орта жастағы бір диктор оқитын. Ойлап тұрсам, сондағы баталардың біразы бұрынғы кеңестік сарынға күйлеген жасанды баталар сияқты көрінді. Мысалы, сол хабар "Атадан бота қалғанша, бата қалсын" деп басталады. Мен ойлаймын: Ау, "бота" деген қазақ ұғымында кішкентай сәби, перзент, жас ұрпақты бейнелейтін еді ғой. Егер өзің өлгеніңде артыңда бота қалмайтын болса, ондай батаның Құдайға керегі бар ма?!
Бұдан соңғы бір мақалы - "Артыңда мал қалмасын, тал қалсын!" Кешегі зұлмат заманда Голощекин қазақты қойдай қырып, шолақ белсенділер "Аша тұяқ қалмасын, асыра сілтеу болмасын!" деп ұрандатып еді. Ақырында, миллиондаған қазақтың да, өзінің де басын жұтты.
Мынау мақал соның сәл жұмсарып, өзгерген түрі ғой. Сірә, атам қазақтың малсыз күні бар ма?! "Малы кетсе, қазақтың жаны кетеді" демей ме? Бұрынғының "Қоян жылғы ақсүйек жұтта талай байлар қолына таяқ ұстап қалған" дейтін әңгімесін де естігенбіз. Рас-ау, қорасында малы жоқ қазақ талды қайтеді. "Суға кеткен тал қармайтыны" болмаса...
Алла адамның ниетіне береді дейді. Бұрыннан ойда жүрген кеп еді. Кешегі жүректерді қан жылатқан бейкүнә ботақандардың тосын тақсыреті тіліміздегі осы бір олқылықтарды еріксіз еске түсірді...
"Құр аяққа бата жүрмейді" деген екен бабаларымыз. 
Артыңда көздері мөлдіреген боталарың болмаса, сол батаны кімге айтарсың...
Сөздің де киесі бар. Сылдыраған сөзді беталды ұйқастыра бермей, ойланып сөйлейік, ағайындар!

 

Серікбай Қылышбайдың фейсбуктегі парақшасынан.

 

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

0 пікір