• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 01:02:57
Алматы
+35°

05 Мамыр, 2015 NEWS

Қазаққа қамшымен тартып жіберетін тентек мінез жетіспейді

Толеранттылық деген жаттанды сөз бар. Мағынасы төзу, шыдау, көмпіс болу дегенді білдіреді. Былайша айтқанда жұмсақ, жалпақшешей мінез танытуың керек. Сол...

Толеранттылық деген жаттанды сөз бар. Мағынасы төзу, шыдау, көмпіс болу дегенді білдіреді. Былайша айтқанда жұмсақ, жалпақшешей мінез танытуың керек. Сол толеранттылығымыз болар, елімізде 140 ұлт бар деп, екі қытай, бір грек болса да төбемізге шығарып қоятынымыз. Шындап келгенде, бұның бәрі бос әңгіме. Талай жыл өзгенің табанында тапталып, басылып-жаншылып келген қазаққа қазір қожалық етер асау мінез ауадай қажет.

Жасыратыны жоқ, қазақтар өзінің елінде, өз жерінде жүрсе де төменшіктеп, басқалардың алдында жасқаншақтап тұрады. Оның үстіне, «орыстар мықты, немістер керемет, кәрістер іскер, шешендер күшті» деген қызыл ауыз жарнамалар жақсы айтылады да, қазақтың кемшілігі теріліп, мазақ етіліп, «бейшара екені» құлаққа сіңіріліп жатады. Бұл үрдіс әлі де жалғасуда. Сөздің жаны бар дейді, қазақтың мінін Абайдан асырып айтқан адам жоқ шығар, бірақ жұрттың бәрі Абай емес. Сол үшін, үнемі өзімізді жерлей бергенше, жігерлерндіретін, рухын көтеретін, ел мен жердің иесі өзі екенін есіне салып отыратын сындарлы сөз көп айтылу тиіс.

Тек сөз ғана емес, бізде өз жеріміздің қожасы екенімізді білдіретін тентек мінез, тебінді әрекет те болуы қажет. «Албасты қабаққа қарай басады» деген. Керек кезінде ұлтты қорлап, қазақты мазақ еткендерді, шаңыраққа қарамай шікірейіп, аяғының астын көре алмай алшаңдайтындарды қабақпен ықтырып, сеспен жынын қағатын айбар мен қаһарға ие болуымыз керек. Себебі, құрметтегенді емес, қорыққанды сыйлайтындар көп.

Ақын Өтежан Нұрғалиев бір сұхбатында «Әр қазақ өзiн ардақ тұтатын қасиеттi қашан және қалай қалыптастырамыз?» деген сұраққа «ол сен байығанда болады. Сегiз қабатты үйiң, жанында бiр гектар жерiң, тiптi кiшкентай тiкұшағың болған кезде, сен оларды қолың дiрiлдемей қорғайтын боласың. Ол үшiн қазақтың әрбiреуi ырысы шалқыған бай болуы керек. Мысалы, қазақ анау аз шешенге ештеңе дей алмайды. Кездессе – сәлем беруi, керiссе – жай өкпелеуi мүмкiн, бiрақ тиiсе алмайды. Ал сол шешендi «неге үйiмнiң алдынан көкiрек керiп өтесiң?» деп қамшымен тартатын қасиет дарыса, керемет болар едiк. Мен қазақта сондай мiнез болғанын қалаймын. Бiрақ сорына қарай, бұл қазақ оған жете алмай жатыр» деп жауап беріпті. Құптайтын сөз. Бұл жерде қамшы бекер айтылып тұрған жоқ. Ол жай атқа мінгенде пайдаланатын құрал ғана емес, қазақтың қолындағы қаруы, бойындағы айбары, болмысындағы тентек рухы. Бұрынғы қазақ, қайратты қазақтың өр мінезінің символы.

Сөзіміз дәлелді болуы үшін жазушы Тілеухан Жақыпбайұылының «Дала боздақтары» романынан бір эпизот келтірейік.

... «Көбен отырған үйге су құю көзі тұздай, қыр мұрынды, имиген, шашы күзгі селеудей шекара солдатына бұйырылды. Есік алдында тағы бір сондай содат, киіз есіктің орамына бір қолын асып, ішке сұғына қарап тұр. Су үйдің оң жағынан бастап құйылып, Кобенге келгенде ол жақтырмай орамалды алып, қолын сүрте бастады. Су құйған солдат бұрыла бергенде, қылышының сабы жасыл мәуті тақиямен отырған Көбеннің шекесіне «тық» ете түсті. Оны орыс солдаты аңдамады. Көбен жастығының астына көлденең тастап қойған тобылғы сапты қызыл қамшысын суырып алды да, еңкейіп су құйып тұрған солдатты май құйрықты қиғаштай тартып кетті. Солдаттың сары түсті шалбарының құйрығы бөксеріліп, жалбырлап шыға келді. Қолындағы құманды елегенге «тарс» еткізіп тастай салып, «баж» еткен қалпы есіктен қан-жоса болып шыға жөнелді. Көбен:

– Атқа қоныңдар! – деп бұйырды да, шыққан соң ат үстінде айқай салып:

– Ағайын қандастығын ұмытса, оны айтуға қақылымыз. Бұтабай болыстың асына діні жат орысты араластырып, қылышымен шекемді қақтырып, ойына келгенін істеді. Орысқа бізді неге қорлатып сабатады? Жауласам десең шық! – деп атына қамшы басып тарта жөнелген...»

Ақын Өтежан да осы өр рухты, намысын таптатпайтын, кеудесін батырмайтын тектілік керектігін аңдатып отыр. Кешегі батыр Көбендердің қайсар болмысы бүгінгі ұрпаққа да керек. Үнемі толерантты болу ол ұлттың мәдениеттілігі не өркениеттілігі емес, жігерсіз, ынжықтығы да болмақ. Жұмсақ сөзге алданып, жұмсақ мінезбен жүре берсең, басқалар сені жұлмалай береді.

Жебе НОЯН

Bilal Quanysh

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір