• USD 378.65
  • EUR 430.07
  • RUB 6
  • CNY 55.1
19 Тамыз, 12:25:53
Әкімдік қызметкерлері мен БАҚ өкілдері арасындағы аладоп аламаны

11 Ақпан, 2019 Әлеумет

Көпбалалы ана атану мақтанышқа айналар күнге де жетерміз...

Ананы құрметтеу - өз анаңды қадірлеу екенін ұмытпайықшы,

Дүниеде ананың ақ сүтінен қымбат, ананың алақанынан аяулы еш нәрсе жоқ. "Анаңды Меккеге үш рет арқалап барсаң да, ақ сүтін ақтай алмайсың" дейді дана халқымыз. Расында, пәни жалғандағы жұмақ ананың алақанында болса, бақи жайдағы "жәннат - ананың табанының астында" дейтін тәмсіл сөз бар. 
Бұрындары анаға арналған үшбу хаттар "Алтыннан ардақты, күмістен салмақты, аяулы ана" деп басталатыны есімде. Өз басым әже бауырында өстім де, ана қадірін жете түсінбеппін. Соған қатты өкінемін... Анамыз 9 құрсақ көтеріп, Алла сыйлаған 3 қыз, 5 ұлды тәрбиелеп өсіріп, 52 жасында өмірден озды. Балаларының қызығын көру нәсіп болмаған екен.
Өткен бір аптадағы қайғылы оқиғалар кезінде қатты толғанып, ақырында осы ойларымды ФБ желісіне жариялауды жөн көрдім. Кейбір шолақ ойлы шенеуніктер "баланы асырай алмасаң, неге туасың" дегенді айтып қалып жатыр. Бұл - аналардың намысына тиерліктей аса ұшқары пікір! Өйткені, жалпы адам баласының басты миссиясы өмірге ұрпақ әкелу емес пе? Жер бетіндегі барша тіршілік те, адамзаттың болашағы да - сол жарық дүние есігін ашқан сәбилердің санымен және сапасымен тікелей байланысты болатындығы белгілі. Азия халықтары, оның ішінде Индия, Қытай, Индонезия, Малайзия, Пәкистан, Өзбекстан, т.б. елдердегі бала туу көрсеткіші, халық санының өсу қарқыны үдей түсуде. Мысалы, былтыр Қытайда 17 млн-нан аса сәби өмірге келіпті. Былай қарағанда, бүкіл Қазақстан халқының санына жете қабыл көрсеткіш. Көрші Ресейде аналарды бала тууға ынталандыратын қаржылай көмектің біздегіден бірнеше есеге көбейгенін көріп отырмыз.
Ал біздің елде ана мен бала проблемасы көптен қордаланып, шешімін таппаған күрмеулі мәселелер баршылық екендігін соңғы аптадағы оқиғалар айғақтап отыр. 
Әсіресе, елдегі 300 мыңнан аса көп балалы аналардың әлеуметтік жағдайы көпшілікті алаңдатып отырғаны жайдан жай емес. Бәзбіреулер «баланың санынан гөрі сапасына назар аударайық» дегенді алға тартады. Бұған келісу қиын. Себебі, қазақ атамыздың: "Бір бала - жоқ бала, екі бала - жарты бала, үш бала - нағыз бала" деген дана сөзін ескерсек, халқымыздың санын көбейтуге септігін тигізетін 3-ші, 4-ші баладан басталады. Кеңес үкіметінің соңғы жылдарында қазақ әйелдерінің тууына қолдан кедергі жасағандай болды. Сол теріс саясаттың ықпалы инерциялы түрде болса да әлі жалғасып келеді. Көптеген жағдайда дәрігерлер қазақ әйелдеріне түрлі сылтау айтып, "кесерово" жасауды ұсынады. "Қаның аз, өздігіңмен босана алмайсың, қан қысымың тұрақсыз, анализің ұнамай тұр, өміріңе қауіпті" дегенді айтып, оларды операциямен тууға итермелейді. Бір-екі рет кесіп алған ана үшінші, төртінші балаға тәуекел ете алмайтынын өмірде көріп жүрміз. Ал елдің айтуынша, «операция дегеніміз бопсалап, ақша алудың бір жолы» дейді. Негізі, ұрпақтың болашағы тек әдемі өмірімен өлшенбесе керек. Неше бір дарынды, талантты, ойлы да сойлы азаматтар сол баяғы ауылдағы жұпыны, көпбалалы отбасылардан шыққандығын да білеміз. Бүгінгі әлем таныған Елбасы бір кездегі қарапайым ғана қойшының шаңырағында өскені өтірік пе?!
Ендеше, дәл қазір бір қолын екі ете алмай, біріне жетсе, біріне жеткізе алмай, шарасыздықтан шырылдап, ел азаматтарының есігін қаттырақ қағып жүрген аналарымыздың жағдайына жанашырлық танытқан жөн болар. Бәлкім, осы күні бала үшін байбалам салып жүрген сол көп балалы аналардың бірінің жетегінде, не бесігінде, не құрсағында Қазақ елінің 4-ші ме, әлде 5-ші ме президенті жүрмесіне кім кепіл? Олардың арасынан келешекте тамаша ақындар, дарынды сәулетшілер, музыканттар мен мықты ғалымдар шығарына күмәніңіз болмасын!
Құдайға шүкір, Қызылорда облысының билік басындағы азаматтар көп балалы аналардың жанайғайына түсіністікпен қарап, мүмкіндігінше аналарымыздың арыз-тілектерін қабылдауға жағдай туғызып жатқанына куәміз. Сенбіден бері Облыстық тұрғындарды жұмыспен қамту мекемесі, Асқар Тоқмағамбетов атындағы театр залында, барлық аудандардың жауапты орындарының лауазымды қызметкерлері қоғамдық ашық қабылдау өткізіп, көп балалы аналардың талап-тілектерімен танысуда. Аналардың өтініштері мен ұсыныстарын тіркеу алдағы күндерде де жалғасатынын туралы ақпарат әлеуметтік желілерде жарияланды. 
Сөйтсе де, жесірін жылатпай, қызды қадірлеп, аналарын ардақтаған Алаш елінде көпбалалы Ана атану - мақтанышқа айналар күнге де жетерміз деген үмітпен жазбамды аяқтаймын.
Ананы құрметтеу - өз анаңды қадірлеу екенін ұмытпайықшы, азаматтар!

Серікбай Қылышбайдың фецсбуктегі парақшасынан

 

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір