• USD 378.65
  • EUR 430.07
  • RUB 6
  • CNY 55.1
22 Тамыз, 19:13:54
Атыраулық «Жасыл ел» сарбаздары облыс аумағын 180 текше метр қоқыстан тазартты

11 Ақпан, 2019 Әлеумет

Әкімдердің есебі спектакльге айналып барады. Неге?

Жиындар жинақы өріс алғанымен мұндай бетперде кездесулер жұртшылықты жалықтыра бастаған секілді.  Неге?

Биылғы жылы да Елбасы тапсырмасына сай, түрлі деңгейдегі әкімдердің ел алдындағы есебі жер-жерде басталып та кетті. Жыл өткен сайын тәжірибе жинақтала береді ғой, жиындар жинақы өріс алғанымен мұндай бетперде кездесулер жұртшылықты жалықтыра бастаған секілді. Неге?

Өйткені есеп берудің қандай сценаримен өтетіні тұрғындарға алдын ала белгілі болып қалғандай. Мұнда жамағаттың қамынан бұрын әуелі әкімдердің абыройы мен беделіне, іскерлік қабілетіне нұқсан тимеуі тиіс. Басшыға сын айтылмауы, ұнамайтын ұсыныс естілмеуі керек. Жиналысты ұйымдастырушылар негізінен осыған мән береді. Кіші әкімдер өзінен үлкен әкімнің қырына ілініп қалмас үшін «ләппайлап» тұрған үш шалды алдын ала дайындап қояды. Оның біреуі жауабы дайын сауал берсе, екіншісі жағымды тілек айтады. Ал үшіншісі көпшіліктің атынан бата береді.  Сонда дейміз ғой, әкімдер халыққа қызмет ете ме, әлде халық әкімнің сол орнында ұзағырақ отырып, білгенін істеп ары қарай көтеріліп кетуіне қызмет етуі керек пе?

Әкімдер берген жылдық есептердің бір ұқсас жері – жылдан-жылға өрлеп келе жатқан көп цифрдің тізбегі. Ана сала да, мына сала да жақсарып барады, қай жағына қарасаң да, өсім бар, кері кеткені кем. Лайым солай болсын, бәрі де қоғам үшін, адам үшін деп түсінеріміз анық. Өйткені, Президент тапсырмасына орай Үкімет те қаржы жағынан қарасып-ақ жатыр ғой.

Аймақтарымызда өнім өңдеу мен халыққа қажетті затты өндіру жағы қағажу қалғандығы көпке белгілі. Барлық дерлік қажетті нәрселер сырттан тасымалданады. Ал есепті кездесуде осы мәселеге мән беріліп, түйткілді шешу жолдары айтылмайды. Жауырды жаба тоқу кімге керек?! Сондай-ақ, жұмысын бастап алып, ұзамай тоқтап қалған өндіріс, ірі кәсіпкерлік орындарына жергілікті әкімдер тарапынан қозғау неге жасалмайды. Өңір басшысы нақты қандай қамқорлық танытты, шаруаның ары қарай шайқалмай өрбуіне не істеді? Баяндама оқитындар мұны да аттап өтеді. Өйткені, «дайын асқа тік қасық» дегендей, ел аузына қарап отырған дөкейлеріміз сырттай бақылаушының кейпін кигендей. Сондықтан да Үкіметтен бөлінген  қаржымен іске қосылған немесе жеке кәсіпкердің өз күшімен жұмыс істей бастаған кәсіпорнының мәліметін сыдыртып оқудан аса алмай жатады.

Иә, базарлы қарым-қатынас бәсекелестікке кең жол ашып қойды. Орталық қалалар түгілі шеткі аудандардың базарларында қаптап жүрген жақын шетелдіктер, сауда-саттығын жасап, ақшамызды қаптап қыр асырып жатыр. Оған жоғарыда айтқанымыздай тосқауыл бәсекелестік арқылы ғана қойылады. Өз ақшамызды өзімізде қалдыруға жергілікті басшылардың жаны ашыса, бір амалын таппас па еді. Амал қанша, атқамінерлер тарапынан бұған да әрекет аз.

Тағы бір байқағанымыз, есеп беру барысында рухани байлық, жан дүниеге қатысты мәселелердің үстірттеу қамтылатындығы. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақалалары ұлттық құндылықтарымызды ұлықтау барысын алға тартатыны түсінікті. Бұл «Мәңгілік Ел» идеясының тиянағы. Ал әкім баяндамаларында осыны жүзеге асыру тетіктері, осы саланың қажымас жауынгерлері тіптен ескерусіз қалғандай. Сондай-ақ, «Халықтың көзі, құлағы һәм тілі» атанған мерзімді басылымдардың мемлекет басшысының бағдарламаларының орындалу барысын қамту аясы қандай, елге әсері нендей, осыларға бірер ауыз сөзбен тоқталып өту артықтық ете ме?! Әлде, бұл әкімнің қамтуындағы елдімекен адамдары газет алмай ма, кітап оқымай ма?  Мұның өзі елдің ынтымағы мен ауызбірлігін ұйыстыратын, Президент тапсырмаларының орындалу барысын қамтитын, ішкі саясат мәселелері десек жалған ба?

Статистикадан белгілі, жалпы жас отбасылар арасында ажырасу көбейіп тұр. Бас құрағандардың үштен бірінің отбасы ойрандалады екен. Осы келеңсіздіктің алдын алу үшін атқарушы орындар не қайран жасап жатыр, әкімдердің ық жағынан шықпайтын ардагерлер кеңесінен не дәрмен бар? Жастар арасындағы бұзақылық ше? Кеше ғана бүкіл елді дүрліктірген аң аулауға шығып, адам өлтіретін қаныпезерлердің оқиғалары бастапқыда ұсақ бұзақылықтан бастау алмайды деп кім айта алады?! Оларды ұрып-соғып, қорқытып тия алмайсың, оның басты тетігі адамның жан дүниесіне өзгеріс жасау, өнегелі істерді насихаттау мен сол бағытта тәрбиені жандандыру екендігі анық. Ал әкімдеріміз жанаса жүріп, жамырай мақтайтындарға алданыш атақ үлестіруімен мәз. Алаяқтық жасайтын әйелдер неге көбейіп кетті? Нәзік жандыларға қамқорлық қандай? Қысқа күнде қырық құбылатын білім саласының болашағы, жеткіншектер. Осы мәселелер айтылуы тиіс еді ғой. Амал не, бұлар  саудыраған сандардың тасасынан шыға алмайды. Жасыратыны жоқ, ат үстіндегілер төменгілердің жанайқайына немкетті қарайды. Кемшілік атаулыны еске алуға құлықсыз, тіптен, тұрғындар тарапынан не мәселе жөнінде де сауал қойылмаса дейді. Біреу-міреу бірдеңе дей қалса, тыжырыныңқырап қалатындығы аңғарылды. Бұл жариялылық, зайырлылық, ізгілік үрдісіне сай емес.

Сонымен есепті баяндамаларда жетістіктер молырақ айтылды. Алдағы тұрған міндеттер де қамтылды. Қоштап сөйлеушілер де табылды. Дегенде, бұл ешқандай мәселе жоқ дегенді білдірмесе керек. Біраз ауыл тұрғындары ауыл әкімінің қызметіне көңілі толмайтындығын аңғартты. Шенділер қаламағанымен мұны ашық айтқандар бар. Мәселен, Қызылорда облысы Шиелі ауданының. Ақмая ауылы тұрғыны, ардагер ана Ш. Селбесінова: «Ауылымыздың құрылғанына 80 жыл толып, мереке шаруашылық тарапынан ғана атап өтілгендей. Ауылдың қалыптасуына еңбек сіңірген ардагерлерге еш құрмет көрсетілмеді, оларға тіпті мән де берілмеді. Елбасының осындағы өкілі-ауыл әкімі неге белсенділік танытпады? Осы жағдай бізді қынжылтты», – дейді. Бұл пікірді аудан әкімі де үстемеледі:  «Әр кезде еңбек еткен кісілердің еңбегі дұрыс бағалануы керек. Әр адамның еңбегі лайықты ескерілгені жөн», – дейді аудан басшысы. Дұрыс, осылай айтуға болады. Алайда, ауданның өзінде осы қағида іске асырылып жатыр ма? Нартай ауылында да ауыл әкімі қызметіне көңілі толмағандар қара көрсетті. Бұл ауылға басшы боларлық іскер кадрдің дұрыс таңдалмайтындығын, үстел үстіндегілердің «Мәке, Сәкесімен» шешіліп келгендігін көрсетпей ме екен? Амалсыз осылай ойлайсың.

Жалпы атқарушы орын өкілдерінің халықпен жиі жүздесіп отыруы – ортақ істің кесімді шешімін табуға жол ашады. Дегенде, алдағы уақытта әр округте ауыл әкімдері тұрғындарына есеп беріп болған соң аудан әкімінің халық алдындағы кездесулерін қазіргідей әр ауылда өткізбей-ақ, үш-төрт округтерде біріктіріп, аймақтық жасаса, яғни, әр ауыл өкілдерін қатыстыра отырып ұйымдастырса, сол жерде қажетті мәселелер ортаға салынса,  уақыттан да ұтуға болады, әрі тиімділігі де артатын секілді. Бұл әрине ел болашағы үшін алдағы уақыт еншісіндегі ойланарлық нәрсе. Әзірге, әкімдердің есеп беруі спектакльге  айналмаса екен дейміз.

Нұрмахан Елтай,

жазушы, Ақпарат саласының үздігі 

Қызылорда облысы, Шиелі ауданы

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір