• USD 383.43
  • EUR 429.83
  • RUB 5.96
  • CNY 55.39

12 Ақпан, 2019 Экономика

Несие қайда жұмсалып жатыр?

2018 жылдың 11 айында банктердің халыққа берген несиелерінің 52 пайызы импорттық тауарларды алуға жұмсалған екен

2018 жылдың 11 айында банктердің халыққа берген несиелерінің 52 пайызы импорттық тауарларды алуға жұмсалған екен. Мұны «Халықтық коммунистер» партиясының сарапшылары анықтап отыр. Осы партияның Мәжілістегі фракциясының жетекшісі А.Қоңыров мұны алаңдатарлық жағдай деп санап, Ұлттық Банк төрағасы Д.Ақышевке сауал жолдады.  Өйткені, барлық дамыған және дұрыс жолмен дамып келе жатқан мемлекеттерде несиенің үлкен бөлігі өндіріс пен ауыл шаруашылығына беріледі. Ал сауда саласына, атап айтқанда алыпсатарлық жұмыстар үшін берілетін несие көлемі төмен. Бізде бәрі керісінше болып отыр.

Депутаттың айтуына қарағанда бізде өңдеу өнеркәсібіне берілетін несие әлемдік тәжірибенің талабына да, Қазақстанды индустрияландырудың маңызды міндеттеріне де жауап бере алмайтын мардымсыз халде. Оның да жалпы көлемінің төрттен бір бөлігі ғана ұзақ мерзімді қарыз саналады. Соның ішінде, ұзақ мерзімге шетел валютасымен берілетін қарыз ұлттық валютамен берілетін қарыздан бір жарым есе көп. Бұл – өндіріс орындары теңгенің құлдырауы салдарынан шарықтап өсіп келе жатқан валюталық несие жүгін арқалап отыр деген сөз. Жоғарыда айтылғандай, қазір несиелер негізінен  қысқамерзімді сауда операцияларына беріліп жатыр. Бұл - несие шетел тауарларының импортын қаржыландыру үшін жұмыс істеп жатыр деген сөз. Осының салдарынан отандық өнім өндірісі несие жүйесінің назарынан тыс қалуда. Қысқамерзімді сауда операцияларымен қатар тұтынушылық бағыттағы несиелендіру белең алып тұр. 2018 жылдың қаңтар, қараша айларында тұтынушылық несиенің көлемі 2,9 триллион теңгеден 3,3 триллион теңгеге дейін, яғни 400 миллиард теңгеге өскен. Мұның 95%-ы ұзақмерзімді қарыз болған. Сыйақы мөлшерлемесі шамамен 20%-ды құраған. Бұл ресми инфляциядан 4, ал тұрғындардан тартылатын депозиттің шекті мөлшерінен 2 есе көп. Соның салдарынан қазақстандықтар табыстың ұлғаюымен сәйкес келмейтін ұзақмерзімді несие құрсауында қалып отыр. Тұтынушылық несие де импортты қаржыландыруға жұмсалуда. Себебі ол негізінен ұзақмерзімді қолданысқа жарайтын шетел тауары үшін алынады. Іс жүзінде банк жүйесі халықтан алынған қаражатты шетелдік тауар өндірушілерге жұмсайды. Несие саясатындағы осындай күрделі әрі жүйелі кемшіліктер экономиканың дамуы мен тұрғындардың өмір сүру сапасының жақсаруына кері әсерін тигізеді.

Осы мәселелерді айта отырып, Халықтық коммунистер фракциясының депутаттары "Ұлттық банктен мемлекеттің ақша-несие саясатын қайта қарау қажет" деп санайтынын айтты.

"Бұл саясат өндіріс секторына несие ресурсының қолжетімділігін арттыруды және оның отандық экономикаға қосатын үлесін көбейтуді көздеуі керек. Ол үшін несиенің мақсатты бағытын анықтау, өндіріс және ауыл шаруашылығы салаларына бөлінетін несиенің мерзімін, көлемін, сыйақысын нақтылау, сонымен қатар мемлекеттік қолдау деңгейінде сыйақы мөлшерін субсидиялау мәселелерін қарастыру қажет",- дейді депутаттар.

С. Елеу, сарапшы

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

0 пікір