• USD 389.52
  • EUR 429.21
  • RUB 6.07
  • CNY 54.94
23 Қазан, 16:03:19
Назарбаев: "Нұр Отан" халықты мазалайтын мәселелерге араласпайды

13 Ақпан, 2019 Саясат

Джордж Сорос: ЕуроОдақ  Кеңес Одағы сияқты ыдырап кетуі мүмкін

Соростың өзіне де сын айтушылар қазір жетерлік.

Американың атақты миллиардері, қаржыгер маман Джордж Сорос «Еуропа, оян!» атты мақаласында «қарт құрлықтың» басшыларын шешім қабылдауда мұқиятты болып және оның орындалуын қатаң бақылауға шақырды.

–Еуропа өзінің мықты мемлекеттердің жиынтығы екенін естен шығарып барады. Әзірге бәріне де мүмкіндік бар, әлі кеш емес. Сондықтан Еуропа оянуы қажет, олай болмаған жағдайда ЕуроОдақ 1991 жылғы ССРО-ның кебін киеді де, құрдымға кетеді. Біздің қарапайым адамдар да, мемлекет басшылары да тез шешім қабылдайтын кезең келгенін әлі түсінбей отыр,–дейді Джордж Сорос.

Өйткені ЕуроОдақты ыдыратуға жұмыс істеп отырған арнайы күштер жетерлік. Олар қазіргі уақытта барынша ағарту жұмыстарын жүргізуде. Тіпті Еуропаның өзінде бірігуді қаламайтын тұлғалар баршылық. Сондықтан оны ыдыратып алмау жағын барынша ойлаған дұрыс.

Атақты қаржыгер маманның айтуына қарағанда, «ЕуроОдақты сақтап қалатын шешуші кезең – 2019 жыл. Өйткені үстіміздегі жылдың мамыр айынан бастап, Еуропарламентке сайлау басталады. Оның үстіне әлі де еуропалық бағыт ұстанған және оған қарсы топтар жетерлік.

–Сондықтан да біріншіден ең үлкен қауіп-қатер төндіріп тұрған Еуропаны ішкі және сыртқы жаулардан сақтау керек. Екіншіден, ЕуроОдақтың негізін ұстап тұрған құндылықтарды сақтап қалу қажет,–дейді миллиардер Джордж Сорос.

Расын айту керек, әлемге ақыл айтып отырған Соростың өзіне де сын айтушылар қазір жетерлік. Кейбір сарапшылар «әлемдегі көптеген елдерде мемлекеттік төңкеріс жасауға Соростың тікелей ықпалы болған» дегенді айтады. Мұны қаржыгер өзі де жоққа шығырмайды. Бір ғана мысал, 2004 жылы Украинадағы «қызғылт-сарылар» төңкерісі болып, мемлекет басына Виктор Ющенко, одан кейін 2014 жылы Киевте қайтадан «евромайдан» орын алып, билікке америкашыл  Петр Порошенко келді. Украина президенті Петр Порошенко «украин мемлекеттілігін қалыптастыруда айрықша еңбек сіңіргені үшін Джордж Соросқа «Азаттық» орденін бергені белгілі.

Бір жағынан Порошенко сияқты билік басына келген мүдделес адамдар оны жақтап жатса, екінші жағынан оны жақтырмайтындар да жетерлік. Мысалы, 2018 жылы Венгрияда өткен сайлауда елдің премьер-министрі Виктор Орбон «елдің ішкі ісіне араласты, кейбір саяси ұйымдарға жасырын қаржылай көмек көрсетті» деп оған айып таққаны белгілі.

Рас, көптеген елдерде демократияны қаржыландыру деген желеумен Соростың қоры жұмыс істейді. Ал оның пайдасын көріп жатқандар аз. Ал Соростың «Еуропа ыдырап кетуі мүмкін» деп алдын ала сақтандырып отырғаны бекер емес. Қазіргі кезде Еуропа құрлығында Ресейді жақтайтындар да баршылық. Сорос солар көбейіп кетпесе деп қорқады...

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір