• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 01:52:16
+35°

06 Мамыр, 2015 NEWS

Қасым ханның Қасқа жолы, Есім ханның Ескі жолы... Нұрсұлтанның Нұрлы жолы?

Біздер дәл сосындай тақырыппен  2006 жылдың 6 шілдесінде «Ана тілі» газетінде мақала жариялаған едік. Бірақ бүгінгі таңда біздің сол кезде жазған мақаламызға...

Біздер дәл сосындай тақырыппен  2006 жылдың 6 шілдесінде «Ана тілі» газетінде мақала жариялаған едік. Бірақ бүгінгі таңда біздің сол кезде жазған мақаламызға атау ретінде қойылған тіркестің бір сыңары Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаевтың «Нұрлы жол» бағдарламасы қабылданғаннан кейінгі кезеңде қолданысы мен мән-мағынасы, түсінігі ерекше арта түсті. Google іздестіру жүйесінде «Нұрлы жол» орыс тіліндегі транскрипцияда 111 мың, қазақшада 550 мың рет сұралғаны байқалады. Сондықтан сол тақырыбымызға қайта оралып, кейбір ақпараттарды қайта жаңғыртқымыз келеді. Оның үстіне биыл Қазақ хандығының 550 жылдық айтулы мерекесі.

ana tili

«Ана тілі» газетіндегі мақалада біздер «Нұрсұлтанның нұрлы жол» тіркесіне Елбасының бұрынғы Ақмоланы Қазақстаннның астанасы еткен іс-әрекетіне өз тарихын ауызша түзеген, қалыптастырған бұрынғы замандағы, ертедегі қазақтың билік тұтқасын ұстаған кісілердің ел алдында атқарған үлкен істеріне «Қасым ханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы» деп баға бергені сияқты (егер халқымыздың ауызша тарихнамасы сол баз баяғы күйінде қалғандай болса) осындай жаңа тіркес қалыптасқан болар еді деген ой айтқан сабақтаған болатынбыз. Біздер қолданған тіркестің еліміздің алдында сын сағаттай күтіп тұрған күрделі экономикалық дағдарыс алдында қабылданған «Нұрлы жол» бағдарламасына атау болғаны және ол бағдарламаның басты нысаны Астанадан Қазақстанның төрт құбыласына қарай тартылатын көлік, темір жол, әуе қатынастарын шырайландыру екендігі қуантады. Бұл - аталмыш сөз тіркесін нақты мазмұнмен толықтыратын қадам. Дей тұрсақ та, бұл мақаламызды Қазақ хандығының 550 жылдығына орай бағытттап, Қасым мен Есім хандардың тарихта қалған істеріне қарай қалыптасқан мәтелдің тарихи-мәдени астарын ашуға ұмтылып отырған жайымыз бар.

Әлқисса, қазіргі қалыптасқан ұғым бойынша, аталмыш мәтел сөздер Қасым, Есім сынды атақты билеушілердің Әз-Тәуке мұрындық болған «Жеті Жарғы» дейін қазақ арасында заң-жоралғы үлгілерін қабылдатқан билеушілер ретінде бейнелейді. Дәлірек айтсақ, біз аталмыш мәтел сөздердің мағынасын аталмыш мазмұнда қабылдаймыз. Оның негізі де бар. Себебі ХІХ ғасырда қазақтың билік ісіне, тарихына қатысты сөз қозғаған Абай, Шәкәрімнің, Мәшһүр Жүсіп жазбаларында да аталмыш мәтелдің мағынасы қазақтың заң жоралғыларына қатысты мазмұнда тәпсірленген (интерпретацияланған). Бұл интерпертация қаншалықты сол тұстағы шындыққа сәйкес келеді, қандай уақытта дүниеге келді, оған түсіндірме берген адамдардың мақсаты қандай еді деген сауалдар күн тәртібіне қойылмады да, талқыланбады да. Тіпті, аталмыш тіркестер лингвистикалық тұрғыдан да әр түрлі (көп) мағынаға ие болатындығы да сараптамаға салынбады. Мысалы, лингвистикалық тұрғыдан қарағанда ол мәтел сөз бірнеше мағынаға ие. Мұны «заң жоралғы» деп те, болмаса Қасым мен Есім қалдырған «бағыт», «үлгі», «жол» деп те қабылдауға болады. Аталмыш мәтелдің түрлі мағынада қабылданғаны осыған арнайы көңіл бөлінген ХІХ ғасырдағы зерттеулерде, жазбаларда байқалады. Мысалы, ХІХ ғасырда Сырдария өңірі қазақтарының ғұрыптық заңдары туралы Ташкентте жүрген қызметі кезінде зерттеу жүргізген Н.Гродековтің жазбаларында қазақ қариялары аталмыш мәтел сөздердің мағынасы жұрттың көшіп-қонатын бағытын анықтайды деген мәлімет деп берілсе, сол ғасырда Семей, Қарқаралы өңіріндегі қазақтардың заң жоралғылары туралы арнайы зерттеу жүргізген П.Маковецкий оны билік істеріне қатысты мағынада қолданғанын жазады. Демек,  Қасым мен Есімге қатысты айтылатын ақпараттық мәні бар мәтел сөздің ХІХ ғасырға дейінгі мағынасы қандай мазмұнда болды деген сұрақтың туындауы заңды. Бірақ, өкінішке қарай, ХІХ ғасырдың ІІ жартысынан әрмен қарай тереңдейтін жазбаларда ол мәтел сөздердің тілге тиек етілуі мүлдем жоқтың қасы. Қазақ хандары туралы құнды ақпарат, мәлімет беретін «Тарихи Рашиди», «Жами ат-тауарих», «Түрік шежіресі» сынды тарихи еңбектерде де аталмыш мәтел сөздің өзі де жоқ, оған біз беріп жүрген интерпретация да жоқ. Олай болса, «бұл қалай еді?» деген сауалдың тууы заңды.

Біріншіден, «Қасым ханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы» деген тіркесте фольклорлық шығармалардың тілдік қолданысына тән көрініс орын алған. Бұл орайда, мәтелдік сипатта тіркесетін сөздердің айшықталуы бірыңғай дауысты немесе дауыссыз дыбыстардың үндесуіне құрылуын атап өтуіміз қажет. Қасым ханға қатысты айтылатын тіркес дауыссыз дыбыстардан басталатын сөзге құрылса, Есім ханға қатысты тіркесте дауысты дыбыстар басталатын сөздер үйлесім тапқан.

Екіншіден, аталмыш мәтелдің қосақталып айтылуының өзі ондағы мәселенің кейін қозғалғандығын, кейінірек берілген баға екенін көрсетеді. Айталық, Қасым хан ХҮ ғасырда өмір сүрген болса, Есім хан ХҮІІ ғасырда билік құрған. Демек, мәтелдің шығуы кем дегенде  Есім ханның билігі тұсынан кейін орын алған.

Үшіншіден, танымал мәтел туралы сөз қозғаған Абай, Шәкәрімнің кезеңі қазақ арасында хандық билік саяси сахнадан мүлдем кетіп, рубасы билердің беделі көтерілген тұсы болатын. Билердің үкімі бұрынғы қазақ арасындағы ғұрыптық салтқа негізделіп жүргізілді. Сондықтан ел тарихындағы мемлекеттілік нышандарды беретін үлкен істерді  қайта жаңғырту маңызды болды. Қазақтың мемлекетік нышандары Қасым, Есім, Тәуке, Абылай хандардың тұсында ерекше сатыға көтерілген еді. Халықтың тарихи жады сол тұлғалардың іс-әрекетіне күн тәртібіндегі өзекті мәселенің мазмұнына қарай жаңа сипат беруге жол ашты деп санауға болады.

Төртіншіден, Қасым мен Есім туралы мәліметтер қазақтың «ескі сөзі» (Шәкәрім) арқылы жетті. Мұны қазіргі ұғымға аударсақ, аңыздар. Бірақ бұл термин де «ескі сөздің» толық ұғымын бере алмайды. Өйткені аңызда сюжет, оқиға айтылады. Ал тарихтың көне қойнауынан жеткен ескі сөздің барлығы бірдей сюжетті болып келмейді. Рас, олардың кейбіреулері тарихта болған «кісілерге қатысты айтылатын мақал-мәтел, қанатты сөздер болып қалыптасып жеткен. Бірақ сюжетсіз: оқиға баяны жоқ. Ал оқиғасыз жеткен дерек сөздердің ақпараттық маңызы әр түрлі болады. Онда халықтың болған оқиғаларға берген қорытынды бағасы, түйіндеген тағылымы, жинақталған тәжірибесінің жиынтық көрінісі орын алуы әбден мүмкін.

Аталмыш түйіндемелерді қорытындылай келе, Қасым мен Есім хандарға қатысты айтылатын мәтел сөздегі ақпараттық мазмұн шеңбері қазақтың өткен тарихындағы заң жоралғыларға ғана қатысты емес, хандардың саяси бағыты, жүргізген күрес-жорықтарының жаңғыры деп те қарастыруға болады.

Бәрімізге белгілі, Қазақ хандығының құрылуы Шыңғыс хан империясының батысындағы, моңғол-түркілерде “Ұлық Ұлыс” деп, ал орыс жазба деректерінде ”Алтын Орда” атанып кеткен алып мемлекеттің XV ғасырдың басында күйрей құлуынан басталды. Ұлық Ұлыстың орнында Қырым, Қазан Астрахань, Ноғай, Қазақ хандықтары бой көтерді. Қырым, Қазан, Астрахань хандықтары отырықшы тұрмыстың қалпынан туатын “Бір қала – бір хандық” үлгісін басшылыққа алып, жаңа отыршылдық тірлікке мойын бұрады. Ұлық Ұлыстан мұра болып қалған көшпелі тіршілікке (“Дала – қала тірегі”) сүйенген мемлекет жүйесін жалғастыру Ноғай Ордасы мен Қазақ хандығының пешенесіне бұйырылады.

Жошы Ұлысының мемлекеттік маңызы бар негізгі саяси шешімдері қабылданатын және экономикалық күш-қуат арналарының күре тамырлары орналасқан мекені Еділ мен Жайық өзендері бойындағы қоныстар болатын. Еділ өзенінің бойындағы Сарай қаласында Берке хан алғаш мұсылмандықты қабылдап, соңына ерген сан мың ру-тайпаларды мұсылман дініне бағыттаса, Жайық өзені бойындағы Сарайшық қаласы мұсылмандықты үгіттеген әулиенің тірліктегі мен бақидағы тұрағы болып, қасиетті қалаға айналады. Мұсылман әулиесінің (зертеушілер Сейіт деген кісіні атайды) қасына Ұлық Ұлыстың атақты, қабырғалы хандары – Берке, Тоқта, Өзбек, Жәнібектер жерленеді.

Ұлық Ұлыстың аты мен даңқын бір шеті Шынға (Қытайға), енді бір шетін Мысырға асырған хандардың Сарайшықта жерленуі ол қаланың абыройын арттырады. Мұсылман әулиесінің жанынан орын алған хандар қорымы бар Сарайшықтың Дешті Қыпшақ кеңістігінде саяси да, рухани да мәртебесі жоғары болды. Сарайшыққа ие болу – Ұлық Ұлыстың мұрагерлігі мен Дешті Қыпшаққа жүргізер биліктің баяндылығының кепілі еді.

Ұлық Ұлыс ыдыраған уақытта Еділ мен Жайық бойындағы қоныстан күркірей бой көтерген орда – Ноғай Ордасы. Ноғай Ордасының негізін қалаған Едіге би өз билігін Ақсақ Темірдің Шағатай ұлысында жүргізген саясатын, яғни Шыңғыс хан ұрпақтарын қалқа етіп, шын мәнінде өз билігін жүргізетін саяси әдісті қолданды. Кейіннен оның бұл саясаты Еділ-Жайық бойында тереңдей түсіп, далалық өлкеде Шыңғыс қаһан заманынан қалыптасқан «билік иесі – Шыңғыс тұқымы» деген тұрақты дәстүрдің жойылуына сеп болып, билік басына қарадан шыққан кісінің отыру мүмкіндігіне жол салды. Едігенің ұрпағы Мұса би тұсында Ноғайлы ордасында Шыңғыс тұқымын биліктің «нышаны» ретінде қалқа етіп ұстау жойылып, ұлыстың билігіне Едігенің ұрпақтары тікелей отыратын болды.

Едіге қайтыс болғаннан кейін оның балалары әкеден қалған «биліктің нышаны – хан, иесі – би» саясатын жүргізуді жалғастырады. Шыңғыс ұрпақтарының билігін шектеген Ноғай Ордасындағы бұл саясатты Шыңғыс тұқымдары билік құрып отырған көршілес елдердің барлығы бірдей қолдай қойған жоқ. Олардың арасында Шыңғыс тұқымының билігі орнаған кеңістік шеңберіне кіретін Ноғай Ордасындағы биліктің заңсыздығына ызаланып, көзалартушылар (Тоқтамыс хан ұрпақтары, Қырым хандығы, Қазақ хандығы) қатары көп болды. Олар Ноғай Ордасымен күрес жүргізді. Шыңғыс орнатқан толық хандық биліктің өзегіне түскен жегі құрттай зиянды, көзбояушы саясатпен келіспей, оған қарсы күрес жүргізген билеушінің бірі әрі бірегейі – Орыс хан баласы Барақ.

Барақ хан шын мәніндегі Шыңғыстық хан билігінің толықтығы мен қуаттылығы үшін Ноғай мырзаларына қарсы күрес жүргізеді. Өзі осы жолда Едігенің ұлы Мансұрдың қолынан қаза табады. Едіге өлгеннен кейін нақты хан билігі үшін жүргізілген көп соғыстың жаңғырығы “Едіге өлсе кім келмес, Еділ тоңса кім өтпес” деген көне жыр жолдарына түсіп, халық жадында қатталды.

Ноғай билеушілерімен болған соғыста қаза тапқан Барақ ханнан кейін Едіге балаларының мықты қолдауына сүйенген Шайбан Әбілқайыр хан билік сахнасына көтеріліп, Барақтың балалары Керей мен Жәнібекті Дешті Қыпшақтың саяси ғана емес, көш-қон кеңістігінен ығыстырып шығарады. Олар Керей мен Жәнібек Шағатай ұлысының бір шеті Моғолстаннан орын тауып, Қазақ хандығының негізін қалайды. Бұл XV ғасырдың орта шені болатын.

Моғолстаннан саяси пана табу - уақытша шегініс еді. Қазақ хандары Ұлық Ұлыстың билігінде болған Еділ мен Жайық өзендері бойындағы қоныста өздерінің де мұрагерлік құқығы бар екенін бір сәт естен шығарған жоқ. Қазақ хандарының Сарайшық билігі үшін соғыс жүргізуінің сол тұста қалыптасқан бірнеше заңдық негізі бар еді:

  1. Шыңғыс ұрпақтары билеген Қазақ хандығы – көшпелі тұрмысты мұрат тұтқан Ұлық Ұлыстың мұрагерлерінің бірі;
  2. Қасым ханның аталары Орыс пен Барақ хандар Жошы ұлысының үлкен билігі жолында, оның легитимдігін сақтау ісіне  жанын берген билеушілер;
  3. Ұлық Ұлыстың орнында қалған Ноғай Ордасының мырзалары Шыңғыс тұқымының билік тізгініне ие болу құқығын шектеуге тырысып, ақыры аталмыш саясат Едігенің немересі Мұса бидің тұсында жүзеге асты. Ноғай Ордасы құрамында түркі-монғол тайпаларының билігі қарадан шыққан билерге тиді.

Қазақтардың Еділ мен Жайыққа немесе Сарайшыққа билік жүргізу арманы Жәнібек ханның баласы Қасым ханның тұсында орындалады. Қасым хан Еділ-Жайық үшін Ноғай мырзаларымен қиян-кескі ұрыстар жүргізе отырып, Сарайшыққа ие болады. Бұл Дешті-Қыпшақта Қазақ хандығының беделін көтерді және бұл қазақ хандары тарапынан іргесі шайқалған Шыңғыстық билік құқығын қайта қалпына келтіруге ұмтылған саяси қадам еді. Қазақ хандығының болашағы үшін Сарайшықтың бірнеше тарихи маңызы болды:

Біріншіден, Сарайшық – Ұлық Ұлыстың ұлы хандары жерленген қала. Бұл – биліктің заңдылығын нығайтатын саяси мәні бар нышан.

Екіншіден, Сарайшық – мұсылман дінін насихаттаушы әулие жерленген қала. Әулиенің қабірін қадірлеп, оның басына орда тігу – мұсылман дінін ұстанушы ру-тайпалардың қолдауына ие болар әрекет.

Үшіншіден, мұсылман әлеміндегі елдерден тілектес пен ниеттес жақтаушылардың қатарын қалыңдатар тірлік.

Қасым хан аз уақыт болса да Сарайшықта өз билігін жүргізеді. Бұрынғы Ұлық Ұлыстың тұтас кеңістігінде жан-жаққа тарап кеткен түркі-монғол тілдес тайпалардың бірлігін Сарайшықтың саяси және рухани беделі арқылы Қазақ Ордасының қанаты астында қайта қалпына келтіруге тырысады. Өзі де Ұлық Ұлыстың іргетасын бекіткен мұсылман хан бабалары секілді Сарайшықта жерленеді.

Қасым ханның тарих сахнасында жаңада пайда болған Қазақ хандығы бірлестігінің іргесін бекіту, ру-тайпалардың басын біріктіру мақсатында Еділ-Жайық үшін жүргізген күресі және Сарайшықты орталық етпек болған саяси шешімі (Сарайшықты орда етіп, сонда жерленуі) қазақ халқының саяси танымында өз бағасын алып, айбарлы ханның абыройлы ісіне “Қасым ханның қасқа жолы ” деген баға береді.

Өкінішке қарай, Қасым ханның Қазақ Ордасының тұңғыш астанасы етіп Сарайшыққа ту тіккен тірлігі баянды болмады. Өзара берекесіздікке ұшыраған Қасым хан ұрпақтары Сарайшық билігінен айырылып қалды. Ноғай мырзалары Қазақ хандарын Сарайшықтан, Еділ-Жайықтан тағы да қуып шығады. Ноғайлармен болған ұрыстың бірінде Қазақ хандығының 30 сұлтаны ажал табады.

XVI ғасырдың соңында Ноғай Ордасы ішкі саяси берекесіздік салдарынан тоз-тоз болып ыдырай бастайды. Кезінде күш-қуаты тасыған Ордаға біріккен ру-тайпалар енді бағы тайған бірлестіктен өзге ұлыстар мен өңірлерге көше бастайды. Орыс казактарының Жайық өзені бойына шабуылы жиілей түседі. “Жығылғанға жұдырық” дегендей, Сарайшықтың экономикалық күш-қуаты да кемиді. Еуропа Шығыспен сауданы теңіз жолы арқылы жүргізе бастайды және Еуропаның тауарлары үшін жаңа сауда нарығы (Америка құрлығы) ашылады. Осы жағдайлар Сарайшықтың саяси да, экономикалық маңызын қатты төмендетеді.

Қазақ хандығы үшін де Сарайшықтың маңызы кемиді. Көшпелі ру-тайпалардың басын біріктіру арқылы хандықтың негізін қалаған Қазақ Ордасы үшін саяси-экономикалық және рухани маңызы зор жаңа орталық қажет болды. Бұл тұста Қазақ хандығының назарын аударған қала – Түркістан. Түркістан арқылы ұлттың бірлігін ұйытып, Сырдарияның орта ағысындағы сауда қалалары мен оған шектес өңірлерге билік жүргізу көзделді. Қазақ Ордасының орталығына не себептен Түркістан қаласы таңдалды? Оның, біздіңше, себебі бірнешеу болды:

1.Сырдарияның орта ағысы, яғни Түркістан өлкесі Ұлық Ұлыстың үлкен билігі үшін күрес жүргізген Орыс (Ұрыс) ханның жайлаған (еншісіне тиген) жері еді. Сырдария бойындағы қалалар үшін Орыс хан айбарлы Ақсақ Темірмен де арпалысты. Демек, Түркістанға қайта келу ескі қонысқа оралу болып саналды;

2.Түркістан исі түркі әулие тұтқан, әлемді қалтыратқан қаһарлы Әмір Темір (түркі тұқымынан шыққан билеуші) бас иіп тәу еткен Қожа Ахмет Яссауидің бергі беттегі баянды да, арғы беттегі бақилық тірлігі тұрақ тапқан қала болатын. Мұсылман әулиесінің басына Ақсақ Темір орнатқан зәулім мешіт маңайдағы жұртты дін бірлігі жолында ұлысты ұйытар іске үлкен септігі бар болатын. Түркістанның мұндай қасиетін алғаш аңғарған алаш ақыны Мағжан: "Түркістан – екі дүние есігі ғой, Түркістан – ер түріктің бесігі ғой", - деп тебіренген еді.

  1. XVII ғасырда Шығыс пен Батысты жалғаған Жібек жолының күре тамыры үзілгенмен, жан-жаққа тарап кеткен тамырларынан тіршілік табы біржолата сөнбеген кезі болатын. Орта Азияның далалық өлкелерімен шектелген қалаларға сауда керуендері Қытай, Иран, Индиядан келіп тұратын. Сол сауда керуендерінің бір шеті Сырдарияның орта ағысындағы қалаларға тірелетін. Әулие Қожа Ахмет Яссауидің күмбезі орналасқан, қалалық өлке мен далалық өңірдің шекара қақпасы іспеттес қала бірте-бірте Орталық Азиядағы сауда қалаларының біріне айналады.

Саяси маңызы бар қолайлығын ескерген Есім хан Қазақ Ордасының астанасы етіп Түркістанды таңдайды. Түркістан үшін ұрыстар жүргізіп, Қазақ Ордасының туын түбегейлі орнатады. Өзі де әулие Қожа Ахмет Яссауидің жанынан бақилық өмірдің төсегіне орын тебеді. Есім ханнан кейінгі қазақтың хандары мен атақты кісілері де Есім ханның үлгісімен Әзірет Сұлтанның жанына жерлене бастайды. Түркістан да Сарайшық секілді қасиетті қорымға айналып, ол қазақ санасына бүкіл қазақ рулары бас қосып, пәтуаласып, серт беріп, жауға аттанатын қасиетті жер ретінде орнығады.

Nurly zhol

Хандықтың орталығы етіп ата жұрт қонысы тұрғысынан да, сондай-ақ дін бастау алған рухани орталық тұрғысынан да ескі жұрт болып саналатын Түркістанға оралған Есім ханның саяси қызметіне халық “Есім ханның ескі жолы” деген сүйіспеншілік пен құрметке толы баға берді.

Қазақтың басын біріктірудің саяси-экономикалық, рухани тіректерін іздеген екі айбарлы хан Қасым мен Есімнің ел болашағы үшін атқарған тарихи оқиғалардың көп жаңғырығы санада сығымдала келіп, аталған мәтелге айналады. Бұл мәтел сол тұстағы халықтың өзі құрметтеген тұлғасына қойған ескерткіші еді. Осылайша Қасым мен Есім хандардың ел болашағы үшін атқарған істері бүгінгі күнгі құрметтерден өзгешелеу ескерткішке, сол тұстағы танымға лайық кеңістікті кең шарлайтын қанатты сөзбен сомдалған ескерткішке айналды.

Ал «Нұрсұлтанның нұрлы жолы» деген тіркеске келетін болсақ, аталмыш мақалада былай деп жазыппыз: «Уақыт сынаптай жылжып, келер тарих бүгінгі атқарылған істерге өз бағасын анықтар. Түрлі ұлт пен ұлыстың тату тірлігінің тұрақтылығына Астана өз үлесін қосып, Қазақстанның тәуелсіздігі ел-жұрттың жасампаз істері мен берекелі, бақытты өміріне қорғаныш сауыт болып қала беретіні анық...». Осы айтқанымызға алып-қосарымыз жоқ.

absadykov

Алмасбек ӘБСАДЫҚОВ, филология ғылымының докторы, А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің профессоры.

Bilal Quanysh

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір