• USD 378.65
  • EUR 430.07
  • RUB 6
  • CNY 55.1
24 Шілде, 12:26:24
АҚШ елшісі: Тоқаевтың уәдесі бос сөз болып қалуы мүмкін

18 Ақпан, 2019 Спорт

12 жасында Ресей шақырып, пәтер сыйлаған шахматшы Бибісара елге оралмақ

Химки қаласынан оған екі бөлмелі пәтер берілді, деген хабарды естігенде оны жатқа қимай, ішіміз ашып, кәдімгідей қапа болып едік

Қазақстан Республикасының Шахмат федерациясы осыдан екі жыл бұрын Ресейге ауысқан шынашақтай қызымыз Бибісара Асаубаеваның елге оралатынын хабарлады. Иә, Бибісара көрші елдің намысын қорғау үшін Мәскеу облысына ауысты, Химки қаласынан оған екі бөлмелі пәтер берілді, деген хабарды естігенде оны жатқа қимай, ішіміз ашып, кәдімгідей қапа болып едік. Міне, Алланың бұйрығымен қызымыз өз Отанына оралуды ұйғарыпты.    Бибісараның жасы 14-те. Әйелдер арасындағы әлемдік рейтингте 89-орында тұр. Осы жерде 2019 жылдың ақпан айындағы  жер шары бойынша таңдаулы ТОП-100-дің ішіндегі ең жасы біздің Бибісара екенін баса айтқымыз келіп отыр. Себебі, шахмат  күрес пен бокстағыдай салмақ дәрежесіне жіктелмейді. Мықтының бәрі бір аламанның ішінде шеберлігін сынайды. Мысалы, дүние жүзі бойынша 100 мың шахматшы ТОП-100-ге енуге әрекет жасаса, біздің бала соның алғашқы жүздігіне еніп отыр.

Қазақстан Шахмат федерациясы ФИДЕ-ге Бибісара Асаубаеваны Қазақ елінің федерациясына қосу жайында ресми хат жолдапты. Бұйыртса, жақын арада Халықаралық шахмат федерациясынан сүйінші хабар келуге тиіс.

Таразда туған Бибісара төрт жасынан шахматқа құмартқан екен. 2008 жылы 24 жастағы ресейлік Александра Костенюк әйелдер арасында әлем чемпионының ақ және сары алтынмен апталған, бриллиантпен безендірілген тәжін киеді. Соны көрген кішкентай Бибісара  осындай чемпиондық тәжді менің де кигім келеді, деп атасынан шахмат ойнауды үйреніп алады. Сол арманның жетегінде шаршы тақтаға байланған балғын қыз 2011 жылы әуелі 7 жасқа дейінгі қыздар арасында әлем чемпионаты атанса, араға бірнеше ай салып жеті жасында 8 жасқа дейінгі қыздардың әлемдік біріншілігінде тағы да бас жүлдені жеңіп алды. Бибісара 2017 жылы Минскіде өткен ерлер арасындағы Еуропа чемпионатында бағын сынап, ФИДЕ-нің ерлер спорт шебері дәрежесіне қол жеткізді. 13 жасар қыздың бұл табысын шахмат мамандары жоғары бағалады.

Бибісара балғындығына қарамай Шыңғыс хан, Гитлер, Сталин, тағы басқа тарихи тұлғалар туралы кітаптарды оқыған екен. Шахмат әлеміндегі чемпиондар жайында да хабары мол. Біздің спортшының ең аңсарлы арманы – әйелдер арасында әлем чемпионы болу! «Нино Чибурданидзе 16 жасында әлем чемпионы атанды, менің әлі уақытым бар», - дейді шахматшы қыз. Ең бастысы, ата жұртыңа оралдың, бұйырғаны бола жатар, Бибісара!

Қыдырбек Рысбек

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

1 пікір

Қалыбек Атжан 18 Ақпан, 2019

Нино емес, Мая Чибурданидзе