• USD 378.65
  • EUR 430.07
  • RUB 6
  • CNY 55.1
26 Тамыз, 10:12:38
Қорықшылардың материалдық-техникалық базасы күшейтіледі

19 Ақпан, 2019 Сұхбат

Қазақтың кішкентай Майкл Джексоны – Ермек Балжігіт неге көрінбей кетті?

Жігіттер қазірден беті-басын бояп, сырға тағып сызылып жүрсе, оларды еліміздің қорғаны деп ел қалай айтады? Кейбір сондай жігіттерге қарап қарным ашады.

Бес жасында үлкен сахнаға шығып, жеті жасында жеке концертін берген, қазақтың кішкентай Майкл Джексоны атанған кішкентай Ермек бүгінде мектеппен қош айтысып, Алматы қаласындағы П.Чайковский атындағы музыкалық колледждің гитара бөлімінде білім алып жатқан студент. Соңғы кезде сахнада көп көрінбей кетуінің бір себебі дауысының өтпелі кезеңнен өтіп, өзгеріске ұшырап жатқандығы. Мұндай кезеңде дауысқа қатты күш түсіруге болмайды. Көпшілікке көрінбей кеткен студент Ермек Балжігітпен әңгімелескен едік. Ендеше, мархабат...

Ермек Балжігіт

Сонымен, студент болған қалай екен?!.

Студент болудың өзі бір ерекше кезең екен. Ата-ананың мойнындағы жауапкершілігін азайтып, өз бетіңше болашағыңды бағдарлап, жаңа адамдармен танысып, достарың көбейіп, жаңа бір ортаға тап болу сияқты жайттардың барлығы - өзіңді үлкен бір азамат сезіндіріп, өмірге деген көзқарасыңды өзгертпей қоймайды екен.

Əзірге өзімнің қандай студент екенімді білмеймін, алайда қандай студент болғанымды болашақ айтар... Дегенмен, бала күнімнен армандаған өнердің нағыз қайнаған ортасына түстім. Әркім өз қалаған ісімен айналысқанға не жетсін! Бəлкім, мені бақытты студент дей берсеңіз болатын шығар...

Әкең - Қанат Ибрагимов ағамыз да композитор, өнер адамы екені көпшілікке мәлім. Жалпы отбасың қандай? Әкең қатал ма, анаң қатал ма? Кімге жақынсың?

Біз отбасымызда үшеуміз: Əкем Қанат, анам Лəйлə жəне Мен.

Əкем бұрын мен туралы берген сұхбатының бірінде: «Мен қатал əкемін. Олай айтқан себебім: Ермекті көпшілік танитын болғандықтан, оны көрген адамдардың бəрі көбіне оған ризашылығын білдіріп, қошемет көрсетіп жатады. Демек, елдің еркесі болған бала, үйде де ерке болса, оны болашақта ер азамат ретінде елестеудің өзі қиын ғой» деген еді. Сол кісінің қаталдығының арқасында музыканың да қыр-сырын терең меңгердім деп айта алам. Əкем өнерге атүсті қарай салатын адам емес. Мені де соған əбден тәрбиелеген. Менің əр басқан ізіме мұқият қарайды, яғни әкем қатал адам. Өзі қатал кісіге сырыңды айту да қиын ғой. Көбінесе айтарымды анам арқылы жеткізем...

Үш жыл бұрын «Бала дауысы» байқауына қатысқаныңнан хабардармыз. Басқа қандай ауыз толтырып айтарлықтай байқауларға қатыстың?

Алғаш бес жасымда Астанда өткен республикалық "Айгөлек" балалар байқауында бірінші орын иегері; "Тай жарыс" республикалық əншілер байқауының бас жүлдегері;  2011 жылы (2011, 2012 жыл ма еді, анық есімде қалмапты) КТК телеарнасында өткен республикалық "Талант-шоу" теле-жобасының бас жүлдегері; "Жұлдызды сəт" республикалық байқауының бірінші орын иегері атандым.  

Кейін өзіңіз айтқан "Бала дауысы" байқауына қатыстым. Бұл байқаудың мен үшін орны ерекше. Ол жерде өзіме керекті көп дүниелерді үйрендім. «Бала дауысы» жобасымен еліміздің бірқатар қалаларын араладым, елімізге белгілі өнер жұлдыздары: Әли Оқапов, Жанар Дұгалова, Фарида Ниязова секілді əншілермен жұптасып, əн шырқадым.

Тіпті кейін өзім кезінде үміткер болып қатысқан осы жобаның Алматы облысында ұйымдастырылған іріктеуінде əділқазылардың қатарында болып, талантты əншілерді іріктеуге үлесімді қостым. Қазіргі таңда əлі де "Бала дауысы" жобасымен біргемін. Менің П.Чайковский атындағы музыкалық колледжге түсуіме бағыт бағдар берген де осы "Бала дауысы" жобасы жəне оның директоры - Мұрат Исаханов мырза болатын.

Ермек Балжігіт

Ермек Балжігіт

Ермек Балжігіт

Егер өнер жолын таңдамасаң, басқа қай саланы таңдар едің? Яғни, әнші болмасаң, кім болуың мүмкін еді?

 Бұл енді мен үшін өте қорқынышты сұрақ. Әзілім ғой. Егер əнші болмағанда, мүмкін спортты қуалап кетер ме едім... Алайда, əнсіз өзімді елесте де алмаймын.

Сен үшін өмірде ең маңызды не?

Адам болу. Адам деген атқа лайықты өмір сүру...

Ермек Балжігіт

Жігітке жеті өнер аз дегендей, ән айтудан басқа біз білмейтін қандай өнерің бар?

Өте дұрыс айтасыз. Ер азамат болған соң, жан-жақты болуы керек деп ойлаймын. Бұрынғы өткен Балуан шолақ бабаларымыз, жаңағы сіз айтқан сөздің дəлелі деп айтар едім...

Мен қазіргі кезде "GOLDEN TEAM" атты  ММА CLUB-та ережесіз жекпе-жекке қатысып жүрмін. Мақсатым - ер азамат болған соң, өз намысымды жігітше қорғай алатындай дәрежеде еті тірі, нағыз қазақтың батыры секілді жігіт болу. «Қазақтың жігіттері батыр болуы керек» деген түсінік бала кезімнен қаныма сіңіп қалған. Бəлкім, соның да əсері шығар - спорт десе ішкен асымды жерге қоятындығым. Ақыры, мақтанған екенмін, суға да əжептəуір жүзетінімді айта кетейін.

Ермек Балжігіт

Өмірлік ұстанымың қандай? Яғни, үнемі жадыңда жүретін сүйікті мақал-мәтел немесе әлдебір қанатты сөзің бар ма?

"Қанмен дарығанды қасиеттемесең, қадірің болмайды" дегенді әкем маған жиі айтады...

Өзің қатарлас жасөспірімдердің саған қандай қылықтары, әдеттері ұнамайды? Оларға айтарың бар ма?

Егер жігіттерге қатысты айтар болсам, өзіммен қатарлас жасөспірімдер еліміздің болашақ тірегі ғой. Алайда сол жігіттер қазірден беті-басын бояп, сырға тағып сызылып жүрсе, оларды еліміздің қорғаны деп, ел қалай айтады? Кейбір сондай жігіттерге қарап қарным ашады. Əрбір қазағымыздың азаматы жігіт  деген атқа лайықты болса екен деп тілеймін!

Кітаппен доссың ба?

Иә. Қазіргі таңда Сəбит Мұқановтың "Балуан шолағын" оқып жүрмін.

Ермек Балжігіт

–Ермек,  әңгімеңе көп рахмет!  Еңбегің жансын!

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір