• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 10:07:25
Алматы
+35°

20 Ақпан, 2019 NEWS

Әкімін таппай қалған ауыл тұрғындары телеарна арқылы іздеу жариялады

Тек көктемгі су тасқынында көрінетін шенділер есептеріне де өздеріне ыңғайлы жұртты шақырып күйдіреді, дейді

Алматы облысындағы Екпінді ауылының тұрғындары әкімдерін жер-көктен таппай, телеарна арқылы іздеу жариялады. Тек көктемгі су тасқынында көрінетін шенділер есептеріне де өздеріне ыңғайлы жұртты шақырып күйдіреді, дейді. Сондықтан су, жарық, жол мәселелерін айта алмай қиналады екен. Халқы түрін ұмытқан округ басшысын біз де көргіміз келіп еді, алайда, шенеунік облыс әкімі Батталовтың ертеңгі жиналысына алдын ала Талдықорғанға кетіпті. Әйтпесе, төмендегі бұқараның базынасын беске біліп отыр, тек жоғарыдағы басшысы маңыздырақ секілді. Бұл туралы Qamshy.kz ақпарат агенттігі Еуразия бірінші арнасының дерегіне сүйеніп хабарлайды. 
 
“Әкім дегенді көрмейміз де, танымаймыз да”. 

“ Мен білмеймін, әкімді танымаймын да”.

Бір емес мына жиналған екпінділіктердің көбі әкімдерінің түрін ұмытқан. Барса таппайды, шақырса келмейді. Тек көктемде су тасып, мазаларын алғанда нөкерлерін жіберетінге ұқсайды. Ал, әшейін күнде шамшырақпен іздесек те, алдымыздан ешкім шықпайды дейді. Халықтың жағдайын сұрамағанның кесірі, проблема ауылда шаш етектен. Мысалы...
 
“Он бес жыл болды қоныстанғанымызға. Әлі бір водопровод су алмадық. біз де қара жерден су ішіп отырмыз. Өзіміз суы жоқ жерден келіп едік. Бізге бірінші мәселе су келсін, - деп айтты тұрғын Зейнеш Шектібаева.
 
“ Төрт жыл светсіз отырдық. 2011 жылдан бері әрқайсымыз ақша жинап, 35 мыңнан трансформатор сатып алдық. Мына бағананы Ақшидан алдық. 57 жылғы бағанасы бұл”, - дейді тұрғын Қонысбай Есбосынов.

Біреудің ескі бағанасынан тоқ тартып жүргендері аздай, ұрылар да сорлатады жұртты. Ауылдың 70 пайыз отбасын әккілер түгел тонап үлгерген. Қорадағы мал таусылған соң, үйдегі техникаға дәнігіп алыпты бұл күні. Полицейге шағымданады. Бірақ он жыл бұрынғы арыздарымыздың өзі әлі көтерілмеген, ашылмаған деп күйінеді.

“Полиция сонау  ГРЭС-тен келеді. Ол екі сағатта келеді. Оған дейін ұры Алматыдан шығып кетеді. Мына жердегі учасковыйға айтсақ, біздің міндет емес. Сонда ол не бітіріп, не істеп жүр. Адам білмейді”, - деді тұрғындардың бірі Жасан Жақсылықов.

Екпінді Алматыдан Астанаға апарар күре жолда орналасқан. Сол асфальт ауылды екіге қақ жарып тұр. Жолда бірде бір белгі жоқ. Бірақ көлік үздіксіз. Талай баланың өмірі қыршыннан қиылып, талай адам мүгедек болған. Ол да ештеңе емес, Екпіндінің арғы беті Қарасай, бергісі Іле ауданына қарасты. Халық бөлінбегенімен, халыққа қызмет ететіндер бөлініп, бәле болды, - дейді. 

“ Іле жағына келетін жедел жәрдем Қарасайдың ауруын алмайды. Қарасайға келгендер Іленікін алмайды. Америка мен Совет Одағы болып тұрмыз ау, шамасы. Егемендік алғанымыз қайсы? Екі республикадамыз. Бір ауыл. Бір жол”, - деді ауыл тұрғыны Тәрбия Сапарбаева.

Бір ауылды емес, бүтін бір округті «билеп» отырған әкімдері Екпендіден 12 шақырым жерде отырады. Алыс та емес. Бардық. Тек, халық көрмеген басшыны біз де көре алмадық. Ертеңгі облыс әкімінің есебіне ертерек кетіпті. Он минутын қимаған шенді орынбасарынан сәлемдеме жіберіпті. Бәрі өтірік, -дейді. 

“Халық танымаймыз әкімді дейді. Неге танымайды? Біз үнемі барамыз. Ал көрмедік деген өтірік әңгіме. Өзім қанша көріп жүрміз ғой. Су көтерілетін кезде көктемде міндетті түрде  барамыз”, - Междуреченск ауылдық округі әкімінің орынбасары Батырхан Әділов.

Көктем де жақындады. "Әкім келеді" деген үмітпен жұрт тағы қалды. "Айтпақшы, су тарту жұмысы аудан бюджетіне байланысты",- деді шенеунік. Жарықты да жөндеуді сол әріптестері шешеді екен. ", жолда белгілер бар, тек халықтың өзі абайлап жүрмейді, көліктердің жүйткуіне біз жауапты емеспіз" деп ақталды. Ұрыларға қатысты сөзі де әкімдікке айтып ештеңе ұрламайды дегенге саяды. Сонымен, «бөріктілер» мен бұқараның сөзі екіге қақ бөлінді, Екпінді ауылының өзі құсап...

Ұсынған: Назерке Лабихан

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір