• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 04:38:15
Алматы
+35°

25 Ақпан, 2019 NEWS

Ақтөбеде үйі өртеніп кеткен алты балалы отбасы көшеде қалды

Тұрған үйлері өртеніп, қызыл жалында қалған титтей үш баланы ағайыны құтқарған

Қыстың көзі қырауда Ақтөбелік көпбалалы отбасы далада қалды. Тұрған үйлері өртеніп, қызыл жалында қалған титтей үш баланы ағайыны құтқарған. Абырой болғанда бәрі дін аман. Тек балалы-шағалы отбасының барар жері болмай тұр. Айтып келмейтін апаттан зардап шеккен Байтөбетовтердің жағдайы туралы Qamshy.kz ақпарат агенттігі Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Қызыл жалын міне, балалардың ойын бөлмеден шыққан. Өрт шыққанда үйде қалған үш бала көрші бөлмеде теледидар қарап отырыпты. Абырой болғанда оларды қожайынның ағайыны қызыл жалыннан аман алып қалған.

Мұрат пен Айнұр алты баласымен туыстарының үйіне түнеп шыққан. Өрттен ортасына түскен баспанасына қарап екеуі қосыла егіліп жүр. Былтыр жазда ғана жаңалап, жөндеп алған екен. Ең бастысы, бала-шағасының аман қалғанына шүкір дейді ерлі-зайыптылар. 

«Баратын жеріміз жоқ. Біреудің үйінде қашанғы тұрамыз? Апасының үйіне қондық кеше. 1-2 күн тұрармыз, балалардың сабағы қалды жайына. Бұлардың кітабы да, киімі де жоқ. Үстеріндегі киімді сұрап-сұрап әрең дегенде киіндіріп әкелдім», - дейді тұрғын Айнұр Байтөбетова.

Өрт тұтанғанда үйде ересектерден ешкім болмаған. Айнұр 11 жастағы қызы мен 3 айлық сәбиін дәрігерге көрсетуге емханаға кеткен. Ал отағасы жұмыста болыпты. Көзді ашып-жұмғанша суық хабар жеткен. Үйде қалған қызы мен екі ұлды қайнысы құтқарған. Ал бір баласы сабақта болыпты. Үйдің тұңғышы күлге айналған бөлмесін көріп, әлі өз-өзіне келе алар емес.

ӘСЕМАЙ БОЛАТ:

«Кітаптарымның бәрі өртеніп кеткен, киетін киімдерім де жоқ енді. Осы кітап, киімдерді алуға көмектессе деп сұраймын. Үйімді ремонттап берсе, өзімнің бөлмемді ремонттап берсе екен...».

Әкімдіктегілер көп балалы отбасының жағдайынан хабардар. Үйдің қожайыны өрт қауіпсіздігін сақтамаған деп отыр. Мұндай жағдайларда жергілікті бюджеттен қаржы қарастырылмағанын түсіндірді. Дегенмен, далада қалдырмай, көмек көрсетеміз деді. Әрі бір реттік көмек беріледі екен. 

«Қолданыстағы заңдарға сәйкес бюджет тарапынан көмек бұған өтеп беру немесе үй салып беру ондай қарастырылмаған. Қазір енді ол адамдарды далаға тастамаудың амалы, мүмкіндігінше қыс кезінде ең бастысы пәтер, уақытша пәтермен көмектесу мәселесін қарастырып жатырмыз», - дейді қалалық азаматтық қорғаныс және төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы.

Байтөбетовтердің балалары оқитын мектептің басшылығы да отбасына қол ұшын созуға дайын. Оқу құралдарын беріп, киім-кешектерін бүтіндейміз деп отыр. Ал көп балалы отбасының бүлінген үйімізді жөндеуге көмек болса екен деген тілектері бар.

Ұсынған: Назерке Лабихан

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір