• USD 378.65
  • EUR 430.07
  • RUB 6
  • CNY 55.1
19 Шілде, 07:48:05
Путин Зеленскийге барлық тұтқынды алмастыруды ұсынды

25 Ақпан, 2019 Спорт

Еуропада ойнап жүр, екі қазақ баласы

Иә, ұлттық құрамасы қауқарсыз Қазақ елінің екі баласы қазір Еуропада доп теуіп жүр

ХХ ғасырдың 60-70 жылдары Тимур Сегізбаев, Сейілда Байшақов, Құралбек Ордабаевтай футбол саңлақтарын  Кеңес Одағының айтулы мамандары мен миллиондаған жанкүйерлері мойындағаны белгілі. Тәуелсіздік алған 27 жылда қазақтан Еуропаны айтпағанда, Азияны тамсандырған бір қазақ футболшысының шықпағаны бұл саланың көші түзелмей тұрғанына айқын дәлел.  Біздің спорт  функционерлері ширек ғасырда  республика футболының тиімді даму жүйесін қалыптастыра алмады. Сырттан легионер шақырумен қазақ футболының көсегесі көгермейтіні әуелден белгілі еді. Біз ширек ғасырда өзіміздің ұлттық кадрларымызды даярлай алмадық. Шеттен бапкер шақырумен мемлекеттің миллиондаған қаржысын желге ұшырдық. Сол «қонақтар» қазақ футболына қандай пайдалы жүйе қалдырды, деген сауалға дәл қазір ешкім жарытып жауап бере алмайды.

Біздің футбол осы саланы терең білмейтін пысықтардың айналшықтап жүретін «қазандығына» айналды. Соның салдарынан қазақтың футбол шаруашылығын аяғынан тік көтеруге қабілетті небір азаматтар солардың тасасында қалып жатыр.

Иә, ұлттық құрамасы қауқарсыз қазақ елінің  екі баласы қазір Еуропада доп теуіп жүр.

19 жастағы Еркебұлан Сейдахмет Ресейдің «Уфа» клубының шабуылшысы. 2017 жылы Еркебұланды Петербордың «Зениті» шақырған болатын. Бірақ ФИФА-ның ережесіне орай «Зенит» жасы  18-ге толмаған бозбаланы құрамына қоса алмады. Еркебұлан Қазақстанның жасөспірімдер, жастар құрамаларында өзін жақсы қырынан танытып, былтыр ұлттық құрама сапында Венгрияға қарсы ойында алаңға шықты. Бұл ойында біздің бала гол соқты. Одан кейін Андорра қақпасына доп енгізіп, қалың тілеулестерін ду еткізіп еді. Ұзамай Латвиямен бәсекеде қатты жарақат алып, саптан шығып қалды.

Жамбыл футбол мектебінің түлегі Еркебұлан Сейдахметтің ендігі мақсаты – Ресей мамандарын мойындатып, әрі қарай Еуропа асу.

19 жастағы Дінмұхаммед Кәшкен болса, қазір Испанияның «Касабланка» клубының жастар командасында ойнап жүр. Дінмұхаммед Қазақстан жастар құрамасының капитаны болды. Мадридтің «Атлетико» клубының академиясынан тәлім алған талапкер. Футбол ойыны ерекше дамыған Испания мамандарының назарын аударған Дінмұхаммед баламыз осы бетінен танбаса, алаш жұртының аяқдоптағы мақтанышына айналады, деген үмітіміз бар.

Қазақ балуандары мен боксшылары, бұларға қоса Әлжандай баскетболшымыз, Жәнібек Сауранбаевтай волейболшымыз, Әмин Тұяқовтай желаяғымыз, Марат Сатыбалдиевтей веложүйрігіміз Еуропадан асып, әлем жанкүйерлерін сан мәрте мойындатты емес пе! Ендеше, ендігі кезек Еркебұлан мен Дінмұхаммед секілді ала доп қуған бауырлардікі.

Қыдырбек Рысбек

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

0 пікір