• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 06:13:38
Алматы
+35°

01 Наурыз, 2019 Денсаулық

«Грыжа». 5840 күн азап шектірген ауру

2000 жылы ақымақ қыз құрылысы аяқталмаған көпқабатты үйдің екінші қабатынан секіреді.

                16 жылдың диагнозы

2000 жылы ақымақ қыз құрылысы аяқталмаған көпқабатты үйдің екінші қабатынан секіреді. Жо-жоқ, суицид емес. Құдай сақтасын. Балалық, бұзықтық деп қабылдағайсыздар. 2002 жылы дәрігер «Екі бүйрегі төмен түскен, Алматыға барып ота жасату керек» деп шешім шығарады. Дәрігердің аузынан шыққан «нефроптоз» диагнозының растығын 15 минут ыдыс жуған бойда пайда болған әлсіздікті сезінгенде түсінді. Содан бері «нефроптозбен» дос. Ота жасамады, дәрігерге жүгірмеді... Арада ондаған жылдар өтті. Ара-арасында «қыңқ» деген дауыс шығарғанымен, былайша үнсіздік танытып келген дерт асқына түсті. «Бүйрегім» деп жүргенде аяқ ауыра бастады. Аяғына мұз қатқандай, мың ине шаншылғандай сіреседі. Қоғамдық көлікте орындыққа жайғаспай түрегеп тұру үлкен сынаққа айналды. Мұның бәрін магний жетіспеушілігінен көрді. Дәрігерлер антибиотик беріп, укол салғызды. «5 күннен кейін аттай шауып кетесің» деді. Солай-ақ болды. Бірақ 5 күндік уколдың әсері ұзаққа созылмады. Сөйтіп жүргенде 2018-дің мамырында жолы «Шипамедтегі» дәрігер Құрманбек Аймолдаға жолы түсті. «Бәленің бәрі бүйректен емес, омыртқадан болуы мүмкін» дегенде қыз МРТ жасауға асықты. МРТ-ның қорытындысы мынандай болды: «L3-L4 омыртқааралық дискілерінің жарығы». Қуанышта шек болмады. Бұл истерия, не болмаса ирония емес. «Біздің медициналық жағдайда нақты диагнозды кеш болмай тұрып білудің өзі зор жетістік» деді іштей.

«Омыртқа аралық жарық» деген не?

Гугл атадан көмек сұрап, «омыртқа аралық жарық» деп терсек, мынандай анықтама аламыз: «Омыртқа аралық жарық (омыртқаралық дискілердің жарығы) – адам ағзасының сүйек-бұлшық ет жүйесінің дерті, омыртқа аралық дискіндегі пульпоз ядросының өз орнынан жылжуы. Ол жарық бел-сегізкөз, мойын, кеуде буындарында пайда болуы мүмкін. Әлем бойынша ең жиі кездесетіні – бел-сегізкөл буындарының омыртқа аралық жарығы (100 000 адамға шаққанда 150 науқасқа осы диагноз қойылған-ред.).

Омыртқааралық жарыққа ота жасай міндетті емес. Тек жағдай әбден ушығып, науқас төсекке таңылу қаупінде болса ғана басқа амал қалмай, ота жасалынады екен.

АҚШ-та жыл сайын 200 000, Германияда 20 000 ота омыртқа аралық жарықты  (48%-ы бел-сегізкөл буындарындағы L5-S1, 46%-ы L4-L5 маңы-ред.) жою мақсатында жасалынған.

                                              Симптомдары қандай?

Бүгінгі әңгіме бел-сегізкөз буындарындағы омыртқа аралық жарық туралы болмақ.

-бел ауырады, бүйректен, белден күдіктенеміз;

-ауыр нәрсе көтере алмаймыз, көтерсек, терлеп-тепшіп арқамыз, беліміз шыдамай кетеді;

-автобуста түрегеп тұрғанда бел қиылып, ауырғандықтан отыратын жер іздейміз;

-бірақ бір орында тік отыра алмаймыз, денеміз сіресе бастайды;

-тіпті ұзақ жүре алмаймыз;

-бір аяқ, кейде екі аяқ талады, қатып қалады;

-асқынғанда жүре алмай қаламыз;

Бубновский «Омыртқа жарығы – үкім емес!»

Атауы елең еткізетін осындай кітапты ғаламтордан тауып алуға болады. Авторы – атақты медицина ғылымдарының докторы, профессор Бубновский. Бубновский оқырманға арнап жазған алғысөзінде «Омыртқа аралық жарық» дегенді естіп келген әрбір екінші науқас алдыма соңғы үмітін арқалап келеді. Жанарларына қарасам, мұң мен қорқыныштың іздерін көремін. Олар төсекке таңылып қаламыз ба деп уайым шегеді. «Менде «грыжа» деп келген науқас осы сөз арқылы өміріне нүкте қойғандай болады. 20 жыл бұрын омыртқа аралық жарық деген термин болмаушы еді. Соңғы жылдары бұл ауру модаға айналып кетті. Мұны нейрохирургтар ойлап тапқандарына еш шүбәм жоқ» деп жазады.

Бубновский омыртқа аралық жарықты адамның өмір сүру салтының нәтижесі деп біледі. Адам дискомфортты сезген бойда ағзасына көңіл бөліп, физикалық жаттығу жасаса, ширақ қимылдаса, мұнша азап тартпас еді дейді. Профессор омыртқа аралық жарыққа қарсы ота жасауға түбегейлі қарсы. Себебі бұл ота қалтаны қаққанмен, мәселені түбегейлі шешпейді деп жазады. Ота жасап, одан сайын басы бәлеге қалған, сонымен қатар мүгедек атанған науқастардың оқиғаларын келтіре отырып жазылған кітап оқырманға ой тастамауы мүмкін емес. Бастысы, Бубновский физикалық жаттығуларды уақытылы, орынды жасай отырып, аурудан айығуға болатынын, бұл мүмкін екендігін дәлелдейді. Кітапта әдіс-амалдары да тәптіштеп жазылған.

 

Аурудың психосоматикасы

Аурудың пайда болу себебін психологиялық фактордан іздесеңіз, онда бұл «психосоматика» деп аталынады. Мысалы, қатерлі ісікке ұшырап, 6  айда өз ауруын жеңе білген Луиза Хей «Көк кітабында» психосоматика туралы көп айтады. Тағдыр тәлкегіне ұшырап, жастайынан зорлық-зомбылық көрген Луиза қатерлі ісіктен айығу үшін өзін-өзі жақсы көруді, өткен шақты ұмытуды қолға алады. Аурулардың тізімін және олардың пайда болу себептерін тізбектеп берген бөлімінде Луиза Хей омыртқа аралық жарықты да айтып кетеді. Қаржылық мәселелерді күнде ойлап, алаңдайтын, ақша құрғыр жетпейтінін білгендіктен уайым жейтін, қысқасы барша жауапкершілікті өз мойнына алған, бар ауыртпалықты арқасына жүк еткен адамдар бел-сегізкөз буындарының омыртқа аралық жарығымен ауырады дейді. Сөйтсек, бел-сегізкөл буындарындағы L4-L5 қаржы мәселесіне жауап береді екен.

Психосоматиканың термин ретінде енгізілгеніне биыл 201 жыл. Аурудың пайда болуы – ағзамыздың жанайқайы, белгілі бір мәселенің сыртқа шығып, көрініс табуы деп қабылдауыңыз, қабылдамауыңыз да өз еркіңіз. Дегенмен психосоматиканың ережесіне сай «омыртқа аралық жарық қай кезде, не себепті менде пайда болды?», «мен нені көп уайымдаймын?» деген сұрақты өзіңізге қойып, жауап іздеп көріңіз.

Игорь Ким

Ютубта видеолары көп лайк жинап, көп пікірлер жазылатын Олег Ким туралы естіп қалдық. Бұл кісі де омыртқа аралық жарықты 2-ақ сеанста емдеп беремін деп уәде береді. Бағасы арзан емес, бірден айтайық. Сөйлесе отырып, сізде қандай мәселелер бар екенін анықтайтын Олег сеанс бойы сізді жылатады. Қай-қайдағы есіңізге түсіп, толқып, көз жасына ерік бересіз. Бұл жұмсартып айтқан түріміз. Шынтуайтында, етегіңіз жасқа толады. «Әбден жылап болдым, жеңілдендім» дегенде ғана Олег Ким еміне көшеді. «Омыртқа аралық жарық кезінде ағзада қисықтық пайда болады» дейді Ким. Ол соны түзейді екен. Нәтижесінде жарық жойылады. Бірақ уақытша... Сеанс аяқталған соң сізге тағы бір сеансқа келуге міндеттейді. Екі сеанстан соң бірнеше кеңес беріледі. Ол – ауырды көтермеу, депрессияға ұшырамау, алаңдамау, күтіну, суық тигізбеу. Сонымен қатар іште жиналған шерді шығару үшін 40 күн бойы хат жазуың қажет екен. Жылдар бойы жиналған реніш, өкпе, ыза, өкініш сезімдерін ақ қағазқа тізбектеп жазасыз. 40 күн бойы сол жаман эмоцияларды сыртқа шығарып, тазарасыз. 40 күн өткен соң бәрін өртейсіз. Бұл соңғы шартты орындамасаңыз, Олег Ким нәтиже болмайды дейді.

Бүгінгі таңда Олег Ким тренинг-семинарлар өткізетін болған. Келушілердің де саны артқан. Бубновскийдің де, Луиза Хейдің де айтқанына Кимдікі саяды. Алайда біз кеңес бермейміз. Сараптап көріңіз...

Айкөне – қазақ гимнастикасы

Омыртқа аралық жарықты «Айкөне» гимнастикасын жасау арқылы емдеуге болады. «Айкөненің» 2000-шы жылдардың басында пайда болғанын, анығын айтқанда қайта жаңғырғанын білеміз.

Жалпы, «Айкөне» – бiрнеше мағынаны бiлдiретiн сөз. Бiрiншiден, бiзге нұрын төгiп тұратын Ай және Күн атауларының бiрiгуi десек, екiншiден, «ежелгi Ай» деген мағынаны бередi. 

Абай Баймағанбетов – қазақтың ұмыт болып, қайта жаңғырған «Айкөне» қазақ гимнастикасының авторы. 20 жылдан бері адамдарды ешқандай инесіз, омыртқадағы аурулардан айықтырып келеді. Әбден зерттеліп, пайдасы дәлелдеген гимнастиканың бұл түрін Ресей, Украина, Франция сынды мемлекеттер өз медицинасында кеңінен пайдалануда.

Кезінде атақты Илья Ильиннің жаттығу методикасына шетелдіктер қызыққанда спортсменнің бапкерлері бұлшық еттерді нығайту үшін пресстік жаттығуларды көп жасамай, оның орнына осы «Айкөне» гимнастикасымен шұғылданғанын айтып берген болатын. Тіпті бұл методтар кітап болып басылуы қажет болатын. Алайда басылғанын естімедік.

Бүгінде Алматы, Астана қалаларында «Айкөне» орталықтары жұмыс жасап тұр. Абай Баймағанбетовтің «Айкөнесін» іліп алып кетіп, әр қалада  кабинет ашып, жұмыс жасап жатқандар да бар.

                                                       Ғажайып оқтау

Дәл осындай атпен инстаграмда оқтау сатып жүргендер бар. «Оқтаудың ғажайыбы неде?» деген сұрақ туындайды.

«Күнделік 5 минут уақытты денсаулығыңызға бөлсеңіз, бас аурудан, геморройдан, бел ауруларынан құтыласыз», дейді олар. Valik.kz-те ғажайып оқтаумен жаттығуларды қалай жасау керектігі көрсетілген видеолар да бар. Ағаш оқтаулар, матадан жасалған оқтаулар бар. Қайсысын таңдайсыз, өзіңіз білесіз дейді. Қай жеріңіз ауырса, сол жерге оқтау салып, жаттығу жасау қажет. Омыртқа аралық жарығы бар адамдарға «жазыласыз» деп бұлар кепілдік бермейді екен.  «Тіпті ғажайып оқтау сатып алыңыз» деп үгіттемейді де. Ол үшін дәрігеріңізбен ақылдасып, бір шешімге келіңіз деп кеңес береді.

«Грыжа» сізге қойылған үкім емес..!

МРТ-ның қорытындысын қолға алып, қуанып отырған қыздың өз-өзіне айтқан сөзі осы болатын. «Айкөнемен» айналыса ма, ғажайып оқтау сатып ала ма, Кимге бара ма, әлде Луиза Хейше өз-өзіне терең бойлап, өз ауруын өзі емдей ме, біз білмедік.

Осы мақаланы оқып отырып, омыртқа аралық жарыққа ота жасатқысы келген жан өз ойынан айныса, ол да мұның үкім еместігімен келіссе, міне, нағыз ғажайып!

Жазира Байдалы

 

 

Zhazira Baidaly

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір