• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 13:23:11
Алматы
+35°

09 Наурыз, 2019 Айтты-ей, бауырың!

Сөзталқы: Қазақтың «жұмағы» қайда?

Пікір қосам дейтін азаматтарға «Қамшы» порталының мінбері қашан да дайын.

«Жұмақ – ананың табанының астында». Қазақтың осы сөзі ойландырғалы талай жылдың жүзі болды. Оның себебі де жоқ емес. Ат жалын тартып мініп,  Ана мен Отанның таңдауы басымызға түскенде тағдырдың жазуы шығар деп қабылдадық. Сөйттік те, таңдауды Анамыздың өзіне қалдырғанымыз бар. Асыл жүрек «есің барда, еліңді тап» деп батасын берген. Ал қазір Аллаға шүкір! Отанның от құшағында Анамызбен бірге өмір сүріп жатырмыз...

Қазақтың жоғарыдағы мақалын талқыға салып, қандай да бір жаңалық ашу ойымызда жоқ. Дегенмен, басқасын қайдам? Тарыдай шашылып, тағдыры талқыға түскен, «ер ел үшін туып, ел үшін өледі» дейтін мызғымас ұғымды ақылына емес, арына байлаған Алаш баласы үшін бұл мақалдың орны бөлек. Бір ауыз артық сөзбен ел арасы бұзылып, бір ауыз асыл сөзбен жұдырықтай жұмылған біздің қазақ үшін әрбір сөздің алмағы мен салмағы бар. Сондықтан да «Жұмақ» дейтін адамзат арманы не үшін ананың аяғында немесе табанында емес, «табанының астында» болғанына ой жүгірткіміз келеді. «Табан» сөзі қазақта «аяқтың асты» дегенді білдіреді. Ал «табанның астында» не бар екені айтпаса да түсінікті. Ол – туған топырақ, атамекен, Отанды білдірсе керек. Бұл, әрине, о дүниеде жұмақ жоқ деген сөз емес. Бұ дүниенің жеке пайымы деп түсінген жөн шығар.

Сол үшін «асыл дініміз ислам мен ұлттық танымымызды бір кісідей біледі-ау» деген біраз ағаларымызға ойтүрткі жасамақ боп отырмыз. «Жұмақ – ананың табанының астында» дейтін сөздің араб тіліндегі мағынасы қандай? Мұсылман мемлекеттерінде бұл сөздің мәні мен мағынасы қай тұрғыда пайымдалады? Түгел түркінің түсінігі де осыған сәйкес пе? Ықылым заманнан Ұлы даланы қиыр қонып, шет жайлаған қазақтың көзқарасы қандай? Осы сұрақтар төңірегінде Бас мүфти Серікбай қажы Оразұлының, Алматы қаласының бас имамы Еркінбек Керімбекұлының, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулеттің, дінтанушылар Омар Жәлелұлы, Мұхиддин Исаұлы, Досай Кенжетайұлының, «Егемен Қазақстан» газетінің Бас редакторы, түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлінің, қоғам қайраткері, Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеуханның, «Асыл арна» телеарнасының директоры Мұхаметжан Тазабектің, этнограф Ақеділ Тойшанұлының, қиссашы Санжар Керімбайдың, ақын Ықылас Ожайдың пікірін біліп, жұрт назарына ұсынғымыз келеді. Ал осы мақалдың төңірегінде ой өрбітіп, пікір қосам дейтін азаматтарға «Қамшы» порталының мінбері қашан да дайын.

Соңғы жылдары жұмақты өзінің бейбіт елінен емес, өзгенің соғыс ошағынан іздейтін қаракөздер көбейді. «Жұмақтың кілті» атанған асыл аналарымыздың да тағдыры қазір қоғам талқысына түсуде. Осы тұрғыда жұрт сөзін сөйлеп жүрген Ермұрат Бапи, Әміржан Қосан, Айдос Сарым, Расул Жұмалы, Абзал Құспан қатарлы ел ағалары да өз пайымдарын айтып, пікірлерін оқырман назарына ұсынып жатса, тіптен құба құп. 

Құрметпен, «Қамшы» ақпарат агенттігінің жетекшісі Біләл Қуаныш

Берік Бейсенұлы

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір