• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

28 Наурыз, 20:58:27
Алматы
+35°

11 Наурыз, 2019 Тарих

Тұрмысқа шығуды емес, Африканы таңдаған алғашқы саяхатшы әйел немесе кәрі қыз

Кәрі қыздың соңғы демі өзі зерттеген, қол ұшын созған елде таусылды әрі қос арманы да орындалды.

XVIII-XIX ғасырларда Англияда тұрмысқа шықпаған әйелдер бастарына арнайы чепец (әйелдердің бас киімі) киген. Осылайша әлгі әйел өзінің «кәрі қыз» екенін әрі ендігі күйеу жігіт іздемейтінін білдірген. Себебі Англияда сол кезде ер адамдар айтарлықтай аз болған. Мұны білетін әйелдер 30-ға келгенде еріксіз үміттерін үзеді. Алайда мұндай шешім көбісінің өмірін жақсы жаққа өзгертті, мол мүмкіндіктерге жол ашты.

Мэри Кингсли – Африканы жалғыз өзі зерттеген алғашқы әйел. Жалғыз әрі чепец киіп зерттеген әйел ол. Үстіне жүннен тігілген көйлегі мен сәнді үлпілдек белдемшесін киіп, қолына қолшатырын ұстаған нағыз англиялық леди ретінде халықтың есінде сақталған.

Мэри Кингсли

Мэридің әкесі Джордж Кингсли – белгілі саяхатшы. Сол себепті әйел жалғыз өзі қауіпті мекендерге барудан қорықпаған. Оның бауырлары Чарльз бен Генри жазушы болған, бірнеше романы жарық көрді. Джордж Кингсли де қолынан қаламын тастамаған, өзінің саяхаттары туралы күнделік жазып жүріпті. Халық оны сол күнделігі арқылы таныды.

Мэри қыз бала болғандықтан, оның білім алуына ешкім көңіл бөлмеді. Оның үстіне өзінен кейін інісі болғандықтан, отбасындағы жалғыз қызға ешкім назар да аудармаған. Сол себепті Мэри қалағанын істеп өсті. Алайда қалағаны – пайдасыз іс емес еді, үлкен кісілердің әңгімесін тыңдағанды ұнататын. Уақытын кітапханада немесе әкесіне қонаққа келген беделді адамдардың арасында өткізуді қалайтын.

6 жасынан 11 жасына дейін Мэри әкесін мүлдем көрмеді. Себебі Джордж 5 жыл бойы Солтүстік Америка халқын зерттеумен болды.

Ол уақытын Мэри кітапханада өткізді. Түрлі кітап оқыды, тіпті өзінің жасына сай емес кітаптарды аса қызығушылықпен оқыды. Ол заманда ғылым әйелдер үшін қауіпті саналды, олардың миын улайтын деректер жазылған деген оймен англиялықтар қыз балаларына кітап бетін аштырмайтын. Ал ғылымға құштар Мэриге ешкім бөге болған жоқ. Себебі қадағалауы тиіс әкесі жанында емес еді. Оның үстіне әкесінің өз кітапханасы Мэри үшін жеткілікті.

Ал әкесі әр сапардан келген сайын саяхат барысында көргендерімен бөлісетін. Жер бетінде ашаршылықтан немесе соғыстан көз ашпайтын халықтардың барын Мэри әкесінен естіп білді. Жаны ашыды, жүрегі ауырды, олардың өмірін өзі де зерттеп, көмектесуді мақсат тұтты. Алайда бұл мақсаты жай армандай көрінетін, себебі ол дүниеге қыз бала болып келген.

Мэри Кингсли

Мэри тұрмысқа шығар жасқа келгенде анасы төсек тартып қалады. Бауыры пансионатта оқып жүрді, ал әкесі әдеттегідей саяхаттаумен ай-жылын өткізді. Мэри мен анасы жалғыз тұрды десе де болады. Ол уақыттарда Мэридің бар ойы тұрмысқа шығу емес, базар аралап, өзіне керекті дүниелерді сатып алу. Керекті дүние дегені – кітап. Ауырып жатқан анасының жанына отырып, кітап оқумен уақытын өткізіп жүрді.

Қызына алаңдаған анасы тұрмысқа шыға алмай қалатынын айтып талай ескерткен. Алайда Мэри үшін тұрмысқа шықпаудың таптырмас сылтауы «ауырып жатқан анасын тастап кете алмауы» болды. Мұндай себепті жұрт дұрыс түсінетін әрі сөз етпейтін. Тек анасы бұлай болғанын қаламады, қыз баланың тұрмысқа шығып, ана атануы дұрыс деп есептейтін.

Мэри  30-ға толғанда ата-анасы бірінен соң бірі дүниеден өтеді. Қыздарына мұра ретінде 4 мыңнан астам фунт қалған екен.

Бұл мұраны Мэри екі жағдайға пайдалана алатын еді. Бірі – тұрмысқа шығарда өзіне жақсы дүние сатып алу немесе саяхаттау. Білім қуған, ғылым қуған әйел, әрине, екіншісін таңдайды. Мэри басына чепец тағып, өзін ресми түрде кәрі қыз деп бағалап, шабаданын жинап, Африкаға аттанып кетеді. Саяхаттамас бұрын медицина саласында білім алып та үлгерген.

Достары саяхатқа ер адамша киініп шығуға кеңес берсе де, Мэри нағыз ағылшын ледилерінше, көйлек-белдемшесімен аттанды.

Бала күнінен кітап оқып, әкесінің, үлкендердің әңгімесін тыңдап өскен Мэри үшін Африкада күнелту, жүріп-тұру қиынға соқпады. Алайда африкалықтар Мэридің сапарын жақтырмаған сыңайлы. Бірде әйелді аңшылар тобы ұстап әкетіп, аңдарға жем ретінде пайдаланды. Себебі Англиядан келген ақ нәсілді адам оларға өте қызық болып көрінді.

Мэри Кингсли

Бірінші сапарында аздап қиналған Мэри Англияға қайтып келіп, белгілі зоологтармен ақылдасты. Ғылымға пайдалы жануарларды зерттеді, халқын зерделеді. Сөйтіп екінші сапарына аттанды. Бұл жолы бәрі оңай болды. Тек Мэриге қызығы – Африкадағы балықтар немесе пілдер емес, «адам жегіш» халықты зерттеу. Еуропа африкалықтарды «адам жегіш жабайылар» деп атайтын.

Африка халқы Мэриге алғашында таңырқап қарады. Әрине, ауасы ыстық, тек қара нәсілділер тұратын мекенде, қабат-қабат киінген еуропалық әйелді африкалықтар күнде көре бермейді. Мемлекет халқын да зерттеп алған Мэри үшін оларды әңгімеге тарту қиын болмады.

Ал Англияда қандай реакция болды? Аса қауіпті аймаққа жалғыз аттанған әйел туралы түрлі мақалалар, кітаптар жазылды. Мэри келгенде, журналистер онымен сұхбаттасу үшін кезекте тұрды. Оның саяхат жайындағы күнделігі халық арасында танымал болды.

Бәрін ерекше мазалаған сұрақтар: «Оның отбасы бар ма? Африкада қандай киіммен жүрді?»

Келесі үш жылын Мэри Британияның түрлі аумақтарын аралап, дәріс оқумен өткізді. Манчестер және Ливерпуль палаталарында сөйлеген алғашқы әйел болды.

Әр сөзінде африкалықтарды «адам жегіштер, жабайылар» деп айтатындардың ойына қарсы шықты. Олардың да күнкөріспен жүрген адамдар екеніне еуропалықтардың көзін жеткізуге тырысты.

Мэри Кингсли

Сөйтіп жүргенде Оңтүстік Африка Республикасында Ағылшын-Бур соғысы басталды. Мэри Англияны тастап, медбике болып Кейптаунға барды. Онда дәрігерлер жетіспейтін госпитальға жұмысқа тұрып, ол жақты нағыз санаторийге айналдырды.

Алайда Мэридің энергиясы екі-ақ айға созылды. Жо-жоқ, ол қажыған жоқ, тек емі жоқ жұқпалы дертке шалдықты. Өлетін күні таяғанда соңғы екі өтінішін айтып үлгерді: оның бірі – жалғыздықта көз жұму, екіншісі – джунглидің еріктісі ретінде теңізге жерлеу. Кәрі қыздың соңғы демі өзі зерттеген, қол ұшын созған елде таусылды әрі қос арманы да орындалды. 

Gulim Zhaqan

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір