• USD 389.52
  • EUR 429.21
  • RUB 6.07
  • CNY 54.94
19 Қазан, 02:55:02
Назарбаев: "Нұр Отан" халықты мазалайтын мәселелерге араласпайды

13 Наурыз, 2019 Тәлім мен тәрбие

Қанша байлық берсең де, сауабыммен бөлісе алмаймын

Қанша байлық берсеңіз де, сауабымды сізбен бөлісе алмаймын.

Бір бай адам мешітке кіріп, намаз оқыпты. Намаздан соң дұға етіп жатып, қасында отырған бір дәруіштің дұғасын құлағы шалады. Дәруіш былай деп дұға қылуда еді:

- АллаҺым! Қарным өте аш. Маған мынадай тағам, мынадай тәттілер жеткізіп берші!

Бай адам ішінен "Бұл дәруіш мені естісін деп әдейі дауысын шығарып дұға жасады. Соны өзіме келіп айтса да болар еді ғой. Осы істегені үшін оған ешнәрсе бермеймін" деп ойлапты. (Нәпсі деген міне осындай, әр жерге мұрнын сұға қояды).

Дәруіш дұғасын аяқтап, орнынан тұрады да, сосын мешіттің есік жағына отырып, жантаяды. Біраздан соң мешітке бір адам қолында себетімен бірге кіріп келеді. Ол тұп-тура дәруіштің жанына барып, себетті оның алдына қоя салады. Дәруіш себеттің үстін ашып қараса, дұғасында сұраған тағам мен тәттілер тұрған екен. Бұл көріністі көз алмай қараған бай, отырған жерінде аң-таң болады.

Дәруіш тағамнан, тәттілерден өзі тойғанша жеп, қалғанын себетті әкелген адамға қайтарып беріпті. Әлгі адам үндемей себетті көтеріп, мешіттен шығып кетеді. 

Бай орнынан атып тұрып, себет көтерген адамның артынан жүгіреді. Жеткен бойда оны тоқтатып, сұрайды:
- Сіз кімсіз?
- Бір пақырмын.
- Бұл нәрселерді кім жіберді?
- Ешкім. Өзім алып келдім. 
- Сіз әлгі дәруішті танисызба?
- Жоқ, танымаймын.
- Өзіңіз танымайтын, білмейтін адамға неге сонша азық көтеріп келдіңіз?

Пақыр кісі күліп қойып, былай дейді:
- Мен бір қарапайым жалданбалы жұмысшымын. Адамдардың жүгін тасып күн көремін. Бүгін бір байдың жүгін тасып берген едім, ол маған көбірек ақша беріп жіберді. Қуанып, базарға бардым, басқа уақыттарда балаларыма әперіп, жегізе алмаған тағамдарды алып, үйіме бардым. Қатты шаршаған екенмін, әйелім тамақ әзірлеймін дегенше ұйықтап қалыппын. Түсімде Пайғамбарымызды (с.а.у) көрдім. Ол (с.а.у) маған былай деді:
- Мына мешітте бір уәли адам отыр. Ол қазір ғана сенің үйіңдегідей тағамдарды сұрап, Аллаға дұға қылды. Сен оған тағамдарыңнан, тәттілеріңнен алып барып, жегізгін. Ол өзі қалағанша тойып жесін. Қалғанын алып кетіп, бала-шағаңмен бірге жесең, сенің отбасыңа берекет болады. Осылай жасасаң, жәннатқа кіруіңе өзім кепіл боламын!"

...Мен ояндым да, тағамдарымды алып, мешітке жүгірдім. Бары осы. Қалғанын өзіңіз көрдіңіз. 

Бай одан "Осы базарлығыңа қанша қаражат кетті?" деп сұрады. Пақыр қанша қаражат жұмсағанын айтты. 
- Осы қаражатыңның он есесін беремін. Қарымы үшін сауабыңның бір бөлігін маған бер! - депті бай. 
- Болмайды, - дейді пақыр.
- Жиырма есесін беремін.
- Болмайды.
- Елу есе!
- Жоқ.
- Жүз!!!

Басын шайқаған пақыр байға қарап, былай деген екен:
- Бекерге әуреленбеңіз. Қанша берсеңіз де, сауабымды сізбен бөлісе алмаймын. Өйткені Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын!) маған осы бір ісім үшін жәннатты уәде етті. Сіз маған бүкіл байлығыңызды берсеңіз де, мен сізге бұл нығметті бермеймін!...

Ұсынған: Мақпал Сембай

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір