• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

28 Наурыз, 22:06:38
Алматы
+35°

13 Наурыз, 2019 Экономика

«Бір белдеу бір жол». Қазір Қазақстан мен Қытай осы идеяны жүзеге асыру үшін барын салып ынтымақтастықты дамытуда. Мақсаты Ұлы Жібек жолын қазіргі заманға сай жандандыру.  Осы арқылы Қазақстан мен Қытай арасындағы экономикалық қарым-қатынасты нығайту.

Жалпы, «Бір белдеу бір жол» идеясы аясында қазіргі ұстанып отырған бағытымыз расында да тереңге бойлайтын тәрізді. Себебі соңғы бес жылда Қазақстан мен Қытай арасында ірі-ірі жобаларды бірлесіп атқару, Қытайдан арзан пайызбен несие алу, екі ел арасында өндірістік қуаттылықты арттыру, Қытайдан елімізге келетін жекелеген инвесторларға барынша жағдай жасау жетіліп келеді. Мәселен,  қазірде Қазақстанда өндірілетін мұнайдың 25 пайызын Қытай компаниялары өндіріп жатыр. Қытаймен бірге жұмыс істеген жылдар аралығында Қазақстан арқылы Қытайға 100 млн тонна мұнай, 180 млн шаршы метр газ жіберілген. Кеден қызметінің мәліметі бойынша тауар алмасу 46 пайызға өскен.

  Осы уақытқа дейін Қытай Қазақстанның экономикасын жандандыру үшін 42,8  млрд  доллар инвестиция құйып, 50 млрд доллар несие берген. Қазір Қазақстанда Қытаймен біріккен 2700 ден астам ірілі-ұсақты компания жұмыс істейді.  Енді болашақта Қазақстан мен Қытай қаржылық құны 28 млрд долларды құрайтын тағы 51 кәсіпорынды бірлесіп құрғалы отыр. Ал бізге осы Қытай инвестициясы қауіпті ме? Бұдан қорқу керек пе?

Мамандардың пайымдауынша, «Қытай қаржы береді» деп арқаны кеңге сала беруге болмайды. Мұның өзіндік қауіпті тұстары жетіп артыралы.

«Қытай инвестициясы бұған дейін  мұнай газ саласына, метал өндіруге, логистика саласына, энергетика саласына құйылып келді. Ал 2016 жылдан бері Қытай компаниялары еліміздің ауыл шаруашылығы саласына да инвестиция құя бастады. Қазақстан ауыл шаруашылығы саласында мал бордақылау, мал өсіру, агро-өнім алуға қатысты Қытаймен бірлесіп 19 жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Жобаның құны 1 млрд 735 мың долларды құрайды.

Қытай өте пысық халық. Олардың жерді игеруге келгенде алдына жан салмайтын еңбекқорлығы бар. Қытайдың халқы жердің жоқтығынан үйлерінің төбесіне егін егіп содан өнім алып отырған халық. Ал олар үшін Қазақстанның кең байтақ жері көзінің құрты. Сондықтан елімізге енген Қытай кәсіпкерлері Қазақстанның алып жерін игеру үшін күшін салады. Міне, осыдан қорқу керек. Қазақтың жерінің байлығының арқасында талайлар көк қағазды айналымға салып, байлыққа кенеліп жатыр ғой.  Сондықтан Қытай инвесторларына жерді игеруге рұқсат бергенде бақылау пакетінің басым бөлігі Қазақстан тарапында болуы керек. Үкімет осыған қатты назар аударуы тиіс. Мәселен, мұнай өндіруге қатысты компания құрылса, оның 80 пайыз бақылау пакеті Қазақстандікі, ал қалған 20 пайызы Қытайдыкі болса де жеткілікті. Осылайша бақылау пакетінің басым бөлігін өзімізге алу арқылы таразы басын ұстап тұруға болады. Бірақ әттеген-айы, қайсыбір компанияларда Қытайдан келген мамандар біздің отандық мамандардан жоғары жалақы алады. Тура сондай жұмыс істейтін қазақстандық маман 200 мың алса, тура сондай жұмыс атқаратын Қытайдан келген менеджер 400 мың алатын жағдайлар жиі кездеседі. Міне, мұның барлығына мемлекеттік бақылау болуы керек. Олай етпесек, күні ертең Қытай инвестициясы бізге үлкен қауіп төндіру де мүмкін» ,-дейді экономист-ғалым Жұмаділда Баяхметов.

Экономист-ғалымның пайымдауынша, сырттан келетін инвестицияның көмегіне жүгіну әлемдік тәжірибеде бар дүние. Әйтсе де шетелдік инвестицияның көлеңкелі жақтары барын ұмытпаған жөн. Көшпелі инвестицияға жүгінген Ресей экономикасын мысал еткен маман сырттан келетін инвестицияға иек арта берсек, өмір бойы біреудің соңынан жүретінімізді алға тартты.

«Ресей экономикасын алсақ, былтыр Ресейден 151,5 млрд доллар сыртқа қашты. Ресейде қалыптасқан экономикалық қиындықтан кейін шетелдік инвесторлар Ресейден қаржыларын әкете бастады. Сол тәрізді ертең Қазақстан экономикасы дағдара бастаса, бізді шетелдіктер сақтап қала алмайды. Экономикамызды сақтап қалатын сол отандық өндіріс, отандық өнім екенін ұмытпағанымыз жөн»,-дейді ғалым Жұмаділда Баяхметов.

Бұған қоса экономист-сарапшы  Марал Төртенованың айтуынша,  Қазақстан мен Қытай арасындағы серіктестікті нығайту мақсатында Қазақстан алдағы уақытта Қытай капиталы бар өндіріс орындарына салық салмайтын болмайтынын да айтты. Маманның пайымдауынша, бұл да  Қазақстан тарапынан Қытай инвесторларына көрсетіліп отырған өте-өте қолайлы жеңілдік.

«Мәжіліс 2018 жылдың 5 желтоқсанда өткен пленарлық отырысында осы құжатты мақұлдады. Бұған қатысты құжатта  «Қытай капиталы салынған өңдеуші өнеркәсіптер салықтан босатылатын болады. Оның ішінде мұнай химиясы жалпы химия, тыңайтқыштар дайындау, металлургия және басқа қызмет түрлері бар» деді. Мәжіліс депутаттары мақұлдаған бұл құжат «Қазақстанға тікелей инвестициялар салуды жүзеге асыратын Қытай-Қазақстан өндірістік қуаттарының ынтымақтастығы қорының жекелеген кірістерін салықтан босату туралы келісімге қол қою» деп аталады. Осылайша елімізде жүзеге асырылып жатқан Қытай жобаларынан салық алмайтын болдық.  Жалпы, салық кодексі қарапайым әрі түсінікті болуы керек. Біздегі бірінші олқылық осы салық құжаты түсініксіз. Қосымша құн салығын төмендету, патент алу өзіміздің отандық инвесторларға жеңіл емес. Біз керісінше шетелдік инвесторлардың жағдайын жасаймыз. Бұл дұрыс емес. Әр нәрсенің шегі болуы керек. Шетелдік инвесторларға да талап қоя білгеніміз жөн. Қазақстанда шетелдік инвесторлар негізгі инвестор бола алмайды. Ұлттық инвесторлар санатын жасақтауымыз керек.  Ішкі саясатты, экономиканы өркендететін ұлттық инвесторлар болады. Ал шетелден енетін инвесторлар  өз мүддесін, өз пайдасын ойлап тұрады»,-деді сарапшы Марал Төртенова.

 Экономист-сарапшының  байыптауынша, қазір Қытай Қазақстанның ең ірі деген компанияларына капиталын салып жатыр. Ресей мен Беларусьтен гөрі Қытайға Қазақстанмен жұмыс істеу тиімді болып отыр. «Бірақ бізге Қытай инвесторларының икеміне иіле беруге болмайды. Сондықтан алдағы уақытта өзіндік талап-тілектер қоя білгеніміз дұрыс» деді Марал Төртенова.

Жалпы, мамандардың байыптауынша, біз мұндай инвестицияны сонау 1993 жылдары нарықтық экономикаға енген тұста тартуымыз керек еді.

«Сол кезден бастап елге инвестиция ағыла бастағанда қазіргідей шетелдік инвесторларға соншалықты кіріптар болып отырмайтын ба едік»,-дейді мамандар...

 

Қарлығаш Зарыққанқызы

 

Zhazira Baidaly

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір